Тәрбие • 22 Маусым, 2017

«Үлкеннің жүзіне бергенше, баланың біріне бер!..»

707 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге, – дейді хакім Абай. Тағы бір ғұлама: «Адам кітап оқуды тоқтатқан кезде, ойлауды да тоқтатады», дейді. 

«Үлкеннің жүзіне бергенше, баланың біріне бер!..»

Тағылым алу, білімге ұм­тылу – кітапта. Ал әлеуметтік желілер, ғаламтор, қалта теле­фон, смартфон қаптаған бүгін­гі кезде бала кітап оқи ма? Оқиды, болмаса оқымайды деп тұжырым жасау – шындыққа қиянат. Кітап оқитын балалар бар. Олар бастауыш сыныптан-ақ ертегі, әңгіме жинақтарын оқуға дағдыланған оқушылар. Өкінішке қарай, қаршадайынан кітапты серік еткен, одан су­сындаған балалар аз. 
Баланың кітапқа үйірсектігі отбасынан, ата-ана тәрбиесінен бастау алуы тиіс. Қажет болса, баланы кітап оқуға мәжбүрлеу керек. Өздері жас әке-шеше түнгі ұйқы алдында баласына ер­тегі оқи ма?!. Көкірегі ояу, кө­­зі қа­рақты ата-әжесі ғана оқыр.
Жастайынан оқып дағды­ланған баладан ертеңгі күні интел­лектуал жақсы маман шы­ғары ақиқат. Дерек көздеріне сүйенсек, бастауыш сыныптан кітап оқып үйренген бала ержеткенде үлкенді сыйлайтын, мәдениетті, отаншыл, патриот аза­мат болатын көрінеді. Олар және шылым, есірткі, арақ-ша­рап сияқты дертке, жа­­ман әдет­терге жуымайды екен.    
Кітап дүкендерінен көрші Ресей елінің Мәскеу, Санкт-Пе­тербург қалаларынан шыққан, түрлі-түсті бояулармен керемет безендірілген балаларға ар­налған кітаптарды көріп, үлкен­дердің өзі қызығады. Бізде де жақсы кітаптар жоқ емес. Бірақ, өкінішке қарай, өте аз. Ал Мәдениет және спорт минис­трлігінің бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсы­рыс­пен шығатын кітаптардың тиражы небәрі 2 мың дана болуы себепті, тек Астана, Алматы қа­лалары мен облыстардағы кітапханаларға ғана тегін таратылады. Яғни, сатылымға, кітап дүкендеріне түспейді. 
Республикалық газет-журналдар мен радио-теледидардан кейінгі уақытта: «Балалар әдебиеті құлдырап барады, шығып жатқан кітаптардағы өлең, мысал-әңгімелердің дені «еденді жу», «сабақты жақсы оқы», «тәртіпті бол», «көк шөп­­­ті жұлма», «жалқау болма» сын­ды құрғақ үгіт-насихат тү­рі­нен аспай жатыр деп жазады. Бұл сөзге мен де қосылам. Айтты-айтпады, біз – балалар та­қырыбына қалам тартып жүрген қаламгерлер бала жанын мөлдірлікке, адамгершілікке, із­гілікке, отаншылдыққа, ұлт­жан­дылыққа тәрбиелейтін жақ­сы шығармалар жаза алмай жүр­міз. Жақсы кітап қашанда оқылады және сұранысқа ие болады деп толық сеніммен айта аламын.
Балалар әдебиеті – күрделі шығармашылық әлемі. Үлкен­дерге арнап жазу бір басқа, ал мұнда сіз дүниеге ең алдымен баланың көзқарасымен қарауы­ңыз керек. Бала болып ойлап, бала тілінде сөйлеуіңіз керек! Сол үшін де балаларға арнап жазатын қаламгерлер саусақпен санарлық. 
Әсілі, балалар жазушысы болып қалыптаспайды, балалар жазушысы болып туады. Оған мемлекет тарапынан қамқорлық керек. Өйткені, қазақтың көркем әдебиеті – қазақтың рухы, жаны, қаны!.. Тіл үйренудің үлкен мектебі!.. Әдебиет – адам­тану­ды ғана емес, адам болып қалуды үйрететін ұлы өнер. Достоевский бір сөзін­де: «Мен адам болып қал­ғым кел­гендіктен, өмірімді әдебиетке арнадым», деген екен... 
Әйткенмен, ауызды құр шөппен сүрте беруге болмас. Кейінгі жылдары «Аруна», «Фо­лиант», «Алматы кітап», «Шикули и К», «Балауса», «Ба­­­ла­лар әдебиеті» баспалары­нан бала талғамына жауап беретін әдемі кітаптар аз болса да шығып жатыр. 2015 жылдан бастап «Атамұра» баспасы М.Әлімбаев, Т.Айбергенов, О.Асқар, Е.Елу­баев, С.Қалиұлы, Б.Жақып, т.б. танымал балалар қаламгерлерінің кі­тап­тарын шығарды. Бұл үрдіс жал­ғасын табады деп ойлаймыз.
Бір көңілге қонымсыз жағ­дай, бізде балаларға арналған кітаптар жас ерекшелігін сақ­тамайды. Бұрын балаларға қа­­тысты көркем әдебиетті ар­­найы ашылған «Жалын», кейі­ні­рек «Балауса» баспасы шы­ға­рып тұрды. Ол кезде бұл баспалар­да Қастек Баян­бай, Ермек Өте­тілеуов, Қар­жаубай Омарұлы, Байбота Серік­баев сияқты маман редакторлар қызмет істейтін. Олар шығар­малардың қыр-сы­рын жақсы білетін. Өздері өлең, әңгіме, ертегі, хикая­т жазып, елге танымал ақын-жа­зу­шылар бол­ғандықтан, оқыр­манға, әсіре­се, балаларға баспадан ши­кілі-пысылы өнімдерді жібер­меуге күш салатын. Кез келген қаламгердің кез келген шы­ғар­масы жанашыр қолдан өткеннен кейін кітап болып б­асылатын. Шығармашылық кеңес­тер осы бағытта жұмыс істейтін. Балаларға арналған кітаптар мен кітапшаларға сурет салатын, оны безендіретін су­ретшілердің де баспада шы­ғар­машылық кеңесі болатын. Осындай жұдырықтай жұмылған ұйым­дастыру жұ­мыстары, биік талғам көбі­несе өз жемісін беріп жататын. 
Дұрысында, балалардың жас ерекшеліктері, ойлау-қабылдау қабілеттері қатаң ес­керіліп, кі­таптар жүйелі түрде, серия-серия бойынша, мек­теп жасына дейінгі ба­ла­ларға деп, бастауы­ш сынып оқушыларына деп, орта сынып, жоғары сынып оқу­шыларына деп шығарылуы керек. 
Балалар әдебиетінің өзіне тән ерекшеліктерін ескермесе болмайды. Өйткені, ол жас ерекшеліктеріне орай сә­билер әдебиеті, бүлдір­шін­дер әдебиеті, орта буын-жас­өс­пірімдер әде­биеті, жет­кін­шектер әдебиеті деп бө­лінеді. Мәселен, әлі тілі шық­паған сә­билердің әдебиеті оларды жан-жануармен, табиғат кө­ріністерімен таныстырудан басталса, бүлдіршіндер әде­биетінде олардың қабыл­дауына лайық­талған қызықты, шағын сюжеттер көркем түр­де айтылады. Әр жастағы балалардың қабыл­дауына байланысты өлең-әң­гімелердің сөздері қанша буын­нан, сөйлемі қанша сөз­ден құралатындығына дейін ескерілуі тиіс. Осынау қара­пайым қағиданы білмейтін ав­тор­дың жазғандары жас оқыр­манға түсініксіз болады.
2015 жылы Алматыдағы «Эксклюзив КА» баспасы жас жеткіншектерге арнал­ған «Бәсіре» атты екі томдық кітап шығарды. Бұл жинақта біраз жаңсақтық кеткен. Осы жолдар авторының «Тәкап­пар піл» атты ертегісін, Сейіт­құл Оспановтың, Гүлзат Шой­бекованың алты әңгімесін Марат Құлдибайұлының атына жазған. Баспа басшыларына телефон шалып, қателіктерін айтқанша ештеңе білмегендей тым-тырыс жатып алды. Қайыра-қайы­ра хабарласып айт­қан соң ғана «техникалық жағдайға байланыс­ты қате­лесіп­піз» деген мағынада «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» апта­лы­ғы арқылы шағын хабар бе­ріп, «жуып-шайды». Оған да рақмет!.. 
Заң бойынша, ақын-жазу­шылардың жазбаша түрдегі келісімшартынсыз шығар­ма­ларын басуға еш баспаның құ­қығы жоқ. Мұндай жиендік жасау – ұрлық! Мұны кітапты құрастырған жауапты редактор және баспагерлер жақсы біледі деп есептеймін...
Шағын мақалада жалпы әде­биет, оның ішінде балалар әде­бие­тіне қатысты қордаланған мә­­­селелерді жан-жақты қам­тып, тү­гел толғап айту мүмкін емес. Біз «осы керек-ау» деген кей­­бір жайт­­­тарды ғана қағазға түсірдік...
Дана халқымыз «Үлкеннің жүзіне бергенше, баланың біріне бер» дейді. Ендеше, тәуелсіз еліміздің болашағы – балаларға арналған мазмұнды, мәнді-ма­ғыналы, жас оқырманның рухын көтеретін тілі шұрайлы, жақсы кітаптарымыз көп болсын, ағайын! 

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ, 
балалар жазушысы

АСТАНА