Демократиялық жолмен дамуды үлгі тұтқан моңғол елінде қазірдің өзінде 100 мыңнан астам қазақ өмір сүріп жатыр. Бұлардың дені Бай-өлке аймағында тұрады. Аймағымыз Қазақстан елі тәуелсіздік алған күннен бастап атажұртымен байланыс орнатып, шетел қазақтары арасынан алғашқы болып көш бастады. Аймақ орталығы Өлгей қаласында қазақстандық телеөнімдердің барлық арнасы көрсетіліп тұр. Жас жеткіншектер «Балапан» телеарнасы арқылы тіл сындырып, ұлттың рухани қазынасымен қауышса, үлкендер әр күнгі саяси өзгерістер мен жаңалықтарды қалт жібермей қадағалауда. Өйткені, Қазақстан бар қазақтың – темірқазығы.
Біздің моңғолиялық қазақ ағайындар әзірге өздерінің ана тілінде білім алуға шарт-жағдай жасалған. Дейтұрғанмен болашақта Қазақстанның Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, білім берудің кешенді жобаларын іске асыра алсақ нұр үстіне нұр болар еді.
Сол сияқты, алдағы күндері Қазақстан-Моңғолия елдерінің дипломатиялық жақсы қарым-қатынасын пайдаланып, болашақта бірлескен шағын кәсіпорындар ашу жолға қойылса, екіншіден, Қазақстан тарапынан шетелдегі жастарға бөлінетін жоғары білім грантының үзілмеуін, қайта 4 пайызға көбеюін қалаймыз.
Бұл мәртебелі басқосу барысында жалпы қазаққа ортақ келелі мәселелер талқыланады деген үміт бар. Әсіресе, қазақтар қалың шоғырланған өлкелерге консулдық қызмет орындарын ашу арқылы шеттегі қазақтарды атажұртына қоныстандыру жүйесін жасап, оралманды құжаттандару ісін сол жақта шешкен жөн сияқты.
Құрылтай құтты болсын ағайын!
Бәкей АҒЫПАРҰЛЫ,
академик,
Моңғолия Ауыл шаруашылығы
ғылымы
академиясының вице-президенті