04 Қазан, 2011

Қалпына келтіруге шақырды

377 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
АҚШ-тың қорғаныс министрі Леон Панетта Израильді «оқшаулау» саясатының күш алып келе жатқанына өз алаңдаушылығын білдіріп, осы елдің билігіндегілерді өңірдегі бұрынғы әріптестерімен диплома­тиялық қатынасты қалпына келтіруге шақырды. Пентагон басшысының пікірінше, Израильді «оқшаулан­дырудың» арта түсуі Таяу Шығыста «Араб көктемі» деген атқа ие болған төңкерістерге соқтырды. Өңірдегі бұл өзгерістер Израиль үшін тиімсіз. Вашингтон Израильдің Түркиямен, Египетпен, басқа да елдермен ынтымақтастық орнатуына жан-жақты көмек көрсетіп, ықпал етуге дайын. Пентагон басшысы Таяу Шығысқа сапары аясында Израиль мен Палестина басшыларының кездесуіне қатыспақ. Көптеген қызметкер қысқартылады «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, Грекия үкіметі бюджет шығындарын қысқарту жөніндегі шаралар бойынша 30 мыңға жуық мемлекеттік қызметшіні жұмыстан босату туралы жоспарға келісім берді. Аты-жөнін жария етпеуді өтінген вице-министрдің айтуынша, қысқартуға жатқызылатын мемлекеттік қызметшілердің алғашқы бөлігі алдымен «қысқартуға» түседі. Осылайша жыл аяғына қарай 30 мың шенеунік еңбек резервіне ауыстырылатын болады. Грекия үкіметінің бағалауынша, елдің 2011 жылғы бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 8,5 пайызын құраған. Бұл мемлекет бүгінде дефолт шегінде тұр, елдің мемлекеттік қарызы 350 миллиард еуроға жуық. Сайлау науқанын Нарышкин басқарады «Единая Россия» партиясының сайлау науқанын президент әкімшілігінің басшысы Сергей Нарышкин бас­қа­ратын болды. «Коммерсанть» басылымының жазуынша, Мемлекеттік Дума сайлауында «Единая Россияның» сайлаудағы тізімін Дмитрий Медведев бастайтындығына байланысты осындай шешім қабылданған. Аталған басылымның деректеріне қарағанда, С.Нарышкин кешегі күнге дейін сайлау науқаны жөнінде екі жиын өткізіпті. Ал «РБК» агенттігінің таратқан ақпараттары бойынша, сайлау науқаны барысында аймақтар орталықтан қаржылай көмек алмайды. Өңірлердегі сайлау науқанына бизнесмендер демеушілік көрсететін болады. Табиғи газ кен орны табылды Шри-Ланкада табиғи газ кен орны табылған. Ел тарихында тұңғыш рет табылған табиғи газ орны теңіз деңгейінен 4,3 мың метр төмендікте, елдің солтүстік-батысында көрінеді. Табылған табиғи газ кенінің көлемі қан­ша­лықты, ол өңдеуге жарамды ма, бұл жағ­ы әзірге белгісіз. Бұрғылау жұмыстарын жүргізген Cairn Lanka компаниясы өкілінің сөзіне қарағанда, ондағы ком­мерциялық өнім көлемін анықтау үшін біршама уақыт қажет. Ал Шри-Ланка министрлер кабинеті мүшесінің айтуынша, табылған бұл кен орны шет мемлекеттердің осы ел аумағында энергетикалық ресурстарды барлауға қызықтырады деген үмітте. Оқ атуға бұйрық бермеген Египеттің уақытша басшысы және қарулы күштер жоғарғы кеңесінің төрағасы Хусейн Тантави Хосни Мүбәрактің 2011 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы халық толқулары барысында шеруге шыққандарға қарсы оқ ату жөнінде әскерилерге бұйрық бермегенін мәлімдеді. Әскери генерал бұл сөзін 2 қазанда экс-президенттің ісі бойынша өткен жабық сот тыңдауы кезінде айтқан. Дәл осындай мәлімдемені қыркүйектің басында қауіпсіздік күштерінің сардары мен полиция генералы да жасаған болатын. Дегенмен, ресми мәліметтер бойынша, Египеттегі халық толқуы кезінде 850-ге жуық адам қаза тапқан еді. Көпшілік оны армия мен полициядан көреді. Раббанидің өліміне қатысы жоқ Ауғандық «Хаккани» экстремистік тобы лидерлері­нің бірі Сирадж Хаккани өздерінің Ауғанстанның экс-президенті Бурхануддин Раббанидің өліміне қатысы жоқтығын мәлімдеді. Мұны ол ВВС News жаңалықтар қызметіне берген сұх­ба­тын­да айтқан. С.Хакканидің сөзіне қарағанда, аталған топтың өкілдері мұсылман елдерінің де, мұсылман емес елдердің де барлау қызметімен «байланыс жасап» тұрады. Олардың ішінде АҚШ та бар. АҚШ «Хаккани» экстремистік тобын жиһад жасауды қойып, Ауғанстан билігімен келіссөз жүргізуге шақырады. Кейбір мәліметтер бойынша, «Хаккани» тобында 10-15 мыңдай адам бар. Топ «Талибанның» бұйрықтарымен қызмет етеді. Сыйлық лауреаттары анықталды Бірқатар ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары анықталған. Биылғы жылы бұл аталымдағы Нобель сыйлығына үш ғалым – америкалық Брюс Бетлер, канадалық Ральф Штейман және Люксембург азаматы Жюль Хоффан ие болып отыр. Стокгольм­дегі Каролин медицина институтының жанындағы Нобель сыйлығын тағайындау жөніндегі комитеттің мәлімдеуінше, ғалымдар бұл сыйлыққа туа біткен иммундық жүйеге қатысты жүргізген зерттеулері үшін ие болған. Сыйлық 10 желтоқсанда Стокгольмде салтанатты жағдайда тапсырылады. Қысқа қайырып айтқанда: *Филиппин содырлары осыдан екі айдан астам уақыт бұрын кепілдікке алған АҚШ азаматшасын босатты. Содырларға ақша төлегені немесе төлемегені туралы ақпарат жоқ. *Ресейдің Волгоград облысындағы казактар жасағының төрт мүшесі станица атаманымен қоса есірткі саудалады деген күдікпен тұтқындалды. Олардан 30 килодан астам марихуана тәркіленді. *Неміс экономикалық зерттеулер институтының мәлімет­тері бойынша, Германия үшін Ауғанстандағы әскери науқанға қатысу 17 миллиард еуроға түскен. *Тувалу мемлекетінде ауыз судың жетіспеуіне байланысты төтенше жағдай енгізілді. Жаңа Зеландия үкіметі бұл елге ұшақпен ауыз су жеткізіп жатыр.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.