Өткен аптаның соңында Курчатов қаласында, нақтылап айтсақ, осындағы Ұлттық ядролық орталықта Атом саласы қызметкерлерінің күні жылдағыдан да ерекше жағдайда аталып өтілді. Ал оның себебі жоқ емес еді. Биылғы жылы Елбасы Жарлығымен Семей атом полигонының жабылғанына 20 жыл толып отыр. Міне, содан беріде тек Ұлттық ядролық орталық қана емес, Курчатов қаласы тұтасымен бейбіт мақсатта жұмыс істеуде.
Мұны бір десек, екіншіден, өздерінің кәсіби мерекесі қарсаңында аталған орталықтың бас ғимараты сәулетті жаңа қонысқа жайғасты. Онда атом саласы қызметкерлерінің алаңсыз жұмыс істеуіне мейлінше қолайлы мүмкіндік жасалған. Оның сыртында жаңа ғимараттағы акт және спорт залдары да бүгінгі күн талабына сай толық жабдықталған.
Мерекелік жиынды орталықтың бас директоры, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Кәдіржанов аша отырып, тәуелсіздіктің 20 жылында атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Одан кейінгі жерде атом саласының үздік қызметкерлері салалық министрлік, облыстық және қалалық әкімдіктің тиісінше марапаттарын иеленді. Мұндағы ғалымдар корпусын кәсіби мерекелерімен сондай-ақ ядролық сынақтарға қарсы «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоев, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы Семей өңіріндегі филиалының төрағасы, профессор Серікбай Маусымбаев және тағы басқалар қызу құттықтады.
Жиын соңында орталық жариялаған журналистер конкурсының қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған әріптестеріміз марапатталды. Бұдан кейін баспасөз мәслихаты өткізілді.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
Семей.