22 Қаңтар, 2010

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖҰЛДЫЗДЫ САҒАТЫ

1694 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін
14 қаңтарда Венада Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымы Тұрақты кеңе­сі­нің отырысында Қазақстан Республикасының 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығының ресми тұсаукесері болып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұйымға қатысушы мемлекеттерге үндеуі оның басты оқиғасына айналды. ЕҚЫҰ үшін бұрын-соңды мұндай оқиғаның болмағандығынан ғана емес, сонымен қатар, Қазақстан Президентінің Ұйымның жауапкершілік аймағындағы осы заманғы сынақтар мен қатерлерге жасалған талдауының тереңдігі және бүкіл қоғамдастық үшін стратегиялық іс-қимыл жоспары жөнінде шын мәніндегі тарихи бағдарламалық сөзі еліміздің Ұйым ішіндегі “қарым-қатынастар экологиясын” қалпына келтіруге, ЕҚЫҰ-ның белгілі бір дағдарысына соқтырған қасаңдықтар мен қате түсініктерді, сенімсіздіктер мен күмәнданушылықты өзгертуге деген берік ұмтылысын көрсетіп берді. Қанат САУДАБАЕВ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі. Қатысушы мемлекеттердің тұ­рақ­ты өкілдері атап өткеніндей, Қа­зақстан көшбасшысының айрықша жігерлілігі мен мақсаткерлігі Ұйым­ды жаңартуға қуатты серпін беріп, оның жауапкершілігіндегі кеңіс­тікте әріптестіктің жаңа кезеңін бастау үшін ұжымдық күш-жігердің перспективаларын туындатты. Төрағалық етуші мемлекет Пре­зидентінің бүкіл әлем үшін күрделі кезеңдегі еліміздің халықаралық миссиясы бағдарламасының ба­сым­дықтары және ол миссияның қалай атқарылатыны баяндалған үндеуі Қазақстан өз миссиясына артып отырған жауапкершілік пен мән-маңызды тағы да атап көрсетті. Еуропа Одағы атынан Испания делегациясының, Ресей, АҚШ, Нор­вегия, Түркия, Ватикан, Кана­да, Швейцария, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзір­байжан, Беларусь, Армения, Литва, Грекия делегацияларының, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның азиялық және жерортатеңіздік әріптестерінің ресми мәлімдеулерінде Мемлекет басшысы ұсынған Ұйымның жүйе­лік проблемаларын еңсерудің және осынау бірегей институтты одан әрі дамытудың стратегиялық жоспа­ры­на қолдау білдірілді. Біздің әріптестеріміз ЕҚЫҰ сам­митін шақыру жөніндегі Н.Ә.На­зарбаев бастамасының дер­кезділігін және өзектілігін, бұл саммит оның жауапкершілік өңі­рін­де­гі жаңа сынақтар мен қатер­лерге тиісінше жауап беріп, Ұйым­ды бүгінгі нақтылыққа бейімдей алатынын айрықша атап өтті. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға­лығының ресми тұсаукесері жаһан­дық ақпараттық кеңістіктің негізгі жаңалықтарының біріне айналып, зор үндестік туғызды. Assocіated Press, Agence France Presse, Reuters, BBC, Euronews секілді жетекші әлемдік ақпарат агенттіктері, сон­дай-ақ АҚШ-тың, Ресейдің, Ұлыбританияның, Францияның, Германияның, Испанияның, Авс­трияның және басқа елдердің негізгі БАҚ-тары өз материалдарын Қазақстан тақырыбына арнады. Олардың хабарларының негізгі мәні осы заманғы әлемде Қазақ­стан­ның және оның көшбас­шысының әлдеқайда өсе түскен рө­лін, алғашқы күннен бастап бүкіл алдағы миссиясына оптимизм бер­ген біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лығынан жоғары нәтижелер күте­тінін мойындауға саятын еді. *   *   * Қазақстан Мемлекетінің бас­шы­сы “ЕҚЫҰ төрағалығы біздің елімізде тек сыртқы саяси табыс қана емес, жалпыұлттық ауқымдағы құндылық ретінде” қабылдана­ты­нын ерекше атап көрсетті. Нұр­сұл­тан Әбішұлы осынау тұжырымды тіркесте төрағалық етуге деген біз­дің бүкіл ұмтылысымызды және оның Қазақстан қоғамы мен мем­лекеті үшін тарихи маңызын нақты бейнелеп берді. 2003 жылы осынау беделді ха­лықаралық ұйымның саяси көш­бас­шылығын қабылдауға деген ұм­тылысын жария еткен Қазақстан ЕҚЫҰ жауапкершілігіндегі бүкіл ауқымды кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі күш-жігерін жалғастыру әзірлігін көрсетті. Біздің мәлімдеуіміз сон­дай-ақ елдің болашақ дамуына қа­тысты Қазақстан қоғамындағы кон­сенсусты танытып, қоғамды одан әрі демократияландыруды дәйек­тілікпен іске асыруға деген біз­дің құлшынысымызды бейнелеп берді. Бұл осынау Ұйымның “қырғи-қабақ соғысты” туындатқан қасаң­дық­тарға қарағанда бір кем емес сіре­сіп қалған дәстүрлері мен прак­тикасына қарсы болу ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның ке­мел­дігіне, оның саяси және әлеу­меттік-экономикалық даму деңгейі­не сынақ та болды. Бүгінде біз Қазақстанның осы­нау сыннан лайықты өткенін мақ­танышпен айтамыз – 2007 жылғы желтоқсанда Мадридте ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық 56 мемлекет осынау Ұйымға 2010 жылғы біздің төрағалығымыз туралы тарихи ше­шімді бірауыздан қабылдады. Осы­лайша Қазақстан Республикасы әлемдегі аса ірі өңірлік құрылымға жетекшілік ететін “Венадан шы­ғыс­қа қарай” алғашқы елге, түркі әлемі­нің алғашқы еліне, мұсылман хал­қы басым алғашқы елге айналды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық заңды түр­де бүкіл Қазақстан халқының та­рихи жетістігі аталады, ол ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың басты тірегі және негізгі бенефициары бола отырып, өзінің ең жаңа саяси тарихында алғаш рет сүбелі халықаралық жа­рия­лылыққа және өз ұмтылы­сын­да қолдауға ие болды. Мадрид шешімі Тұңғыш Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың аса көрнекті көшбасшылығы мен тәуелсіздіктің аз ғана жылында елі­мізді әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамытудағы біздің халқымыздың табыстарын объективті мойындау және оларға берілген жоғары баға болды. Біздің танымал жалпыұлттық көшбасшымыздың сарабдал да сын­дарлы ішкі және сыртқы сая­сатының арқасында Қазақстан бұ­рынғы Одақтың басқалар қатарлы бөлшегінен экономикалық жағы­нан күшті және серпінді дамып отырған демократиялық мемле­кет­ке айналды. Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бас­шылығымен Қазақстанды Орталық Азияның экономикалық басым еліне айналдырған жан-жақты на­рық­тық өзгерістер жүргізіліп, тұр­лаулы орта тап қалыптасты, осы за­ман­ғы мыңдаған өндірістер құры­лып, еліміздің өзінің әсемдігі жағы­нан таңғажайып жаңа елордасы тұрғызылды. Қазақстанда этносаралық және кон­фессияаралық қатынастардың үй­лесімді дамуының бірегей стра­те­гия­сы жүзеге асырылып, 130-дан астам этнос пен 40-тан астам кон­фес­­сияның өкілдерін біріктіретін үл­кен отбасында бейбітшілік пен ты­ныш­тық сенімді түрде сақталып отыр. ЕҚЫҰ-ға төрағалық – бұл Пре­зидент Н.Ә.Назарбаевтың ха­лықаралық аренадағы белсенді де мақ­сатты қызметінің таңғажайып нәтижесі де. ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық мемлекеттердің бірауызды қолдауы Қазақстанның және оның Тұңғыш Президентінің өңірлік те, сондай-ақ жаһандық та деңгейде бей­біт­шілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан сүбелі үлесін халық­ара­лық қоғамдастықтың мойын­дай­тынын көрсетіп берді. Әлем Қазақстан көшбасшы­сы­ның ядролық мұрадан бас тарту, әлемдегі ірілігі жағынан екінші Се­мей ядролық сынақ полигонын жабу және ядролық қарусыз мем­лекет ретінде таратпау режіміне қо­сылу жөніндегі тарихи шешімін жо­ғары бағалады. Қазақстан орын­ды түрде қарусыздану және тарат­пау қағидаттары саласындағы жауап­ты саясаттың көрнекі үлгісі болып табылады. Қазақстан Президенті ЕҚЫҰ-ның өзі бастапқы үлгісі болған фо­румды – Азиядағы өзара ықпал­дас­тық және сенім шаралары жө­нін­дегі Кеңестің бастамашысы бо­лып, оның құрылуын іске асырды. Бүгінде 10,5 трлн. доллардан астам жиынтық ІЖӨ-сі бар Азияның 20 көшбасшы мемлекетін біріктіретін АӨСШК қазірдің өзінде халық­ара­лық қатынастардың нақты фак­торы­на айналып, Азия контине­н­тін­де өзара ықпалдастық пен сенімге қол жеткізуге елеулі үлес қосып отыр. Болашақта нақ осы ЕҚЫҰ мен АӨСШК тұғырна­ма­сында қауіпсіздікті қамтамасыз ету­дің біртұтас трансконтиненталдық жүйесі қалыптастырылуы мүмкін. Қазақстан Батысты Шығыспен жалғастыратын, түрлі мәдениеттер мен халықтарды жақындастыратын көпір рөлін тиімділікпен атқаруда. Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бұған дейін өт­кізілген үш өкілетті съездері Қа­зақ­станның жаһандық өркениетаралық үнқатысуға қосқан нақты үлесіне айналды. Қазіргі таңда Еуразияның ұлан-байтақ кеңістігінде қауіпсіздік пен ынтымақтастық үшін сондайлық көп іс атқарған және атқарып келе жат­қан Нұрсұлтан Назарбаев секілді басқа адамды атау қиынға тү­сетіні анық. Әділдік үшін мынаны айтқан жөн. Ұйымға қатысушы барлық мем­лекеттердің біздің төраға­лы­ғы­мызға бірауызды қолдау білдіруінің басты факторы біздің Мемлекет басшысының зор халықаралық бе­де­лі, оның бейбітшілікті, қауіп­сіз­дік пен дамуды қамтамасыз ету мақ­сатындағы ұзақ жылдарғы қа­жымас қызметі болды. Біздің Президенттің бай саяси және өмірлік тәжірибесі, баурап алатын жарқын қасиеті, страте­гия­лық көрегендігі, сирек кездесетін іш­кі күш-қуаты және қағидатшыл­ды­ғы, асқан дипломатиялық ше­бер­лігі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалы­ғы­ның баға жетпес активін құрайды. Мемлекеттер және үкіметтер бас­шыларымен сенімге және өзара құрметке негізделген қарым-қаты­нас, саяси ұзақ жасаушылармен де, сол секілді жаңа формация көш­бас­шыларымен де біздің Президенттің бірдей деңгейде оңай тіл табысуы Қазақстанның сыртқы саяси табыс­тарының айқындаушы факторы болып табылады. Н.Ә.Назарбаевтың жаһандық экономика дағдарысын еңсеруге және әлемді дағдарыстан кейінгі құ­рылымдауға арналған тұжырым­да­малық еңбектері оны осы заман­ғы экономикалық ойдың барынша көрнекті генераторлары қатарына шығарып отыр. Бүгінде халықаралық саяси истеблишментте Н.Ә.Назарбаев еңбегіне қарай және орынды түрде шынайы әлемдік ауқымдағы көш­бас­шы ретінде қабылданады, мұның өзі Қазақстаннан айрықша, жоғары нәтижелер күтуді алдын ала айқындап береді. Біздің еліміз ЕҚЫҰ төраға­сы­ның лауазымына беделді өңірлік держава, таратпау және өркениет­тер арасындағы үнқатысудың жа­һандық үдерістерінің танымал көш­басшысы, өзінің ең жаңа тарихын­да қандайда бір қақтығыстар мен сілкіністерге ұрынбаған посткеңес­тік кеңістіктің барынша тұрлаулы мемлекеті мәртебесінде кірісіп отыр. Қазақстанның геосаяси рөлі салмақты экономикалық іргетасқа негізделеді, біз жаһандық энер­ге­ти­калық тепе-теңдікті қамтамасыз етуде барған сайын өскелең рөл ат­қара отырып, жаңа энергетикалық держава ретінде сенімді түрде ор­нығудамыз. Қазақстанның әлемде алғашқылар қатарында барынша аз залалмен жаһандық экономикалық дағдарыстан тұрлаулы экономи­ка­лық өсу траекториясына шығуы біздің экономиканың және оның айтулы әлеуетінің қуатталуы болды. *   *   * Біз атқаратын миссиямызды бүкіл ЕҚЫҰ қоғамдастығының ал­дындағы зор жауапкершілік ретінде қабылдап, төрағалыққа Ұйым жауап­кершілігінің кеңістігінде бір­тұтас та баршаны қамтитын қауіп­сіздікті нығайтуға маңызды үлес қоссақ деген табандылықпен кірісіп отырмыз. Біздің ниетіміз нақты істермен негізделген және Президент Н.Ә.На­зарбаев өз үндеуінде назар аудартқанындай, “бүгінде ЕҚЫҰ алдындағы шешілуі тиіс ең өзекті түйіткілдер біздің еліміздің сыртқы саясатының күн тәртібінде әр­дайым орын алуда”. Шынында да, қазақстандық дип­ломатияның ерекше қасиеті ұлт­тық-мемлекеттік мүдделерді қор­ғауды жалпыөркениеттік даму­дың өзекті міндеттерін шешумен ұштастыра жүргізу болып табыла­ды. Бұл ретте біз Қазақстан секілді ірі мемлекет үшін жаһандық қауіп­сіздікті қамтамасыз етудің іс-әре­кетіне қатысу оның ішкі дамуына қолайлы сыртқы ахуалды қалып­тас­ты­ратын айрықша қажеттілік бо­лып табылады дейтін түсінікті негізге аламыз. Сондықтан Қазақстан төраға­лы­ғының басым міндеті “Венадан батыс жақта” және “шығысқа қа­рай” орналасқан елдер арасындағы сенбеушілікті еңсеру, ЕҚЫҰ-ға деген сенім мен құрметті арттыру бо­лып табылады. Бұл Ұйым күн тәртібінің шешуші мәселелері бой­ынша перспективалық үнқатысу­дың сұлбасы айқындалып, “со­зыл­малы” жанжалдарды реттеуде алғашқы оң ілгерілеулер белгілі болған, жекелеген елдер арасын­дағы қарым-қатынасқа “қайта салмақ түсіру” жүріп жатқан бүгінгі күнде айрықша өзекті болып отыр. ЕҚЫҰ-ның саяси көшбасшысы ретінде біз сайып келгенде Ұйым кеңістігінде әріптестіктің жаңа дәуі­рін ұжымдық күш-жігер арқы­лы ашу үшін осынау оң үрдісті дамытпақпыз. Бұған ең алдымен грек төраға­лығы бастамашысы болған еуро­палық қауіпсіздіктің болашағын талқылауды жатқызуға болады. “Корфу үдерісі” тұрғысында біз сондай-ақ Ресей Федерациясының Еуропалық қауіпсіздік туралы шарт­ты әзірлеу жөніндегі ұсыны­сын қарастыруды қолдаймыз. Прагматикалық ойлауды пай­далану, блоктық қарама-қарсы тұру идеологиясынан, енжарлықтан және бітпейтін өзара кінәмшілдік жүгінен бас тарту жағдайында, біз сон­дайлық қажетті алғашқы қадам­дарды жасай алатынымызға сенім­дімін. “Венадан батыс жақта” және “шығысқа қарай” орналасқан елдер тең дәрежеде бізге сенетіні және Қа­зақстан мен оның көшбас­шы­сы­ның бүгінгі оппоненттердің ұста­нымдарын жақындастыруға және ЕҚЫҰ-дағы өзара түсіністікті ны­ғайтуға қабілеттілігіне сенетіндігі бізді жігерлендіреді. Мұндай күтушілік посткеңестік кеңістікте “созылмалы” жанжал­дар­ды реттеу жолдарын табуға қа­тыс­ты да өзекті саналады. Біздің елі­міздің қарсы тұрушы барлық мүд­делі жақтармен сындарлы ын­тымақтастығы, біздің ортақ тарихи өткеніміз бен менталитеттік жа­қын­дығымыз реттеу жолдарын із­дес­тіру жөніндегі жемісті жұмыс үшін барлық қажетті алғышарт­тар­ды жасап берді. Мұнда жанжал­дасу­шы елдердің халықтарында Н.Ә.Назарбаев, оның даналығы мен әділдігі ие болып отырған жо­ғары беделі мен сенімі біздің басты ресурсымыз болып табылады, олар ТМД аясында күрделі жанжал­дар­ды шешуге талай рет көмектескен. Орталық Азия мемлекеті ре­тінде біз ЕҚЫҰ қоғамдастығының жіті назарын Ауғанстанды сауық­ты­ру проблемасына аудармай тұра алмаймыз, онсыз біздің өңірдің тұ­рақтылығы туралы ғана емес, со­нымен бірге Ұйым жауапкерші­лі­гіндегі аймақтың қауіпсіздігі туралы да айту қиынға түседі. Ауған халқына қоғамды қарулы қарсы тұрушылықтан жасампаздық арнасына көшіруге жәрдемдесу халықаралық коалиция елдерінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл біз­дің Ұйымның аса маңызды міндеті болуы тиіс деп санаймыз. Және оны шешуге Қазақстан лайықты үлес қосуда. Мәселен, біз елеулі гума­нитарлық көмек көрсетіп ке­ле­міз, осы жылдан бастап екі жақты үкіметаралық келісімді іске асыру басталады, ол бойынша біздің оқу орындарымызда 1000 ауғандық ма­ман: агрономдар, мұғалімдер, дәрі­герлер, құрылысшылар әзірленетін болады. Іс басындағы төраға ретін­де Қазақстан ЕҚЫҰ-ның мүмкін­діктерін Ауғанстанды сауықтыру үшін толық пайдаланбақ. Өз алауыздықтарын еңсеріп, бұ­дан 35 жыл бұрын Хельсинки­де­гі­дей ортақ жоғары мақсаттармен бі­рік­кен ЕҚЫҰ қоғамдастығы бү­гін­де қалыптасып жатқан жаңа әлем­дік тәртіптің негізгі сұлбаларын бірлесіп жасауға қабілетті. Президент Н.Ә.Назарбаевтың ЕҚЫҰ саммитін өткізу жөніндегі бастамасының Ұйым үшін де, сол секілді оның әрбір қатысушы мем­лекеті үшін де айрықша құндылығы осында болып табылады. Қазақстан көшбасшысының ұсынысы – бұл қатысушы елдер үшін ЕҚЫҰ-ның Ванкуверден Владивостокқа дейінгі жауапкер­шілік аймағындағы ұлан-байтақ кеңістікте пайда болған жаңа сы­нақтар мен қатерлерге тиісінше жауап табуының, Ұйымды бүгінгі нақтылыққа бейімдеудің тарихи мүмкіндігі. Бұл саяси ұстанымдардың жақындасуы ғана емес, ең алдымен ЕҚЫҰ ұлттарының өскелең бағалы топтасушылығы, Венаға қатысты географиялық орналасуы бойынша да, сол секілді түрлі елдер да­муындағы теңсіздіктер бойынша да оның кеңістігіндегі сегменттік тосқауылдарды еңсеруі. Сонымен қатар, Екінші жаһан­дық соғыс аяқталуының 65 жыл­ды­ғы, Хельсинки Қорытынды актісіне қол қойылуының 35 жылдығы, Париж хартиясының 20 жылдығы жаңа Еуропа үшін ЕҚЫҰ-ның бү­гінгі рөлін байыпты талдауға және қауіпсіздік пен ын­тымақтастықтың кең тұрғысында оның болашағы ту­ралы ойласуға жақсы себеп болады. Афинада 2009 жылғы желтоқ­сан­да ЕҚЫҰ сыртқы істер ми­нистр­лерінің кеңесіндегі ресми қол­дау және Қазақстан төраға­лы­ғы­ның Венадағы табысты тұсау­ке­се­рі жоғары деңгейдегі кездесуді ұйымдастыру жөніндегі нақты жұ­мысты бастап берді. ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік ай­ма­ғындағы жаңа сынақтарды еске­ре отырып, біздің Мемлекеттің бас­шы­сы әділ атап өткеніндей, жоғары деңгейдегі кездесудің күн тәртібі еуропалық қауіпсіздіктің болашақ жүйесі, Ауғанстанды сауықтыру және төзімділікті қамтамасыз ету се­кілді мәселелерге шоғырлана алар еді. ЕҚЫҰ саммитін Қазақстан көшбасшысының төрағалығымен өткізу жалпыеуропалық және еуразиялық кеңістікте коопера­тив­тік және біртұтас қауіпсіздіктің қа­ғидаттарын одан әрі нығайтуға қуат­ты серпіліс беретініне сенімдімін. *   *   * ЕҚЫҰ саммитін өткізудің стратегиялық мақсатымен қатар қазақстандық төрағалыққа әлемдегі аса ірі көп қырлы құрылымды тиімді басқаруды жолға қою және Ұйым мақсаттарын оның қызметі­нің барлық үш өлшемінде ілгері­лету жөніндегі күнделікті қажырлы жұмысты жүргізу қажет болады. Төрағалық бағдарламасы сырт­қы істер министрлерінің бейресми кездесуі, төзімділік және кемсіт­пеу­шілік жөніндегі жоғары деңгей кон­ференциясы, ЕҚЫҰ ПА-ның трансазиялық парламенттік фо­румы және басқалары секілді ірі ша­раларын қоса алғанда 200-ден астам түрлі шаралар, сондай-ақ Іс ба­сындағы төрағаның Ұйымға қа­тысушы елдердің көпшілігіне 30-дан астам сапарын өткізуді көз­дей­ді. Мемлекет басшысының нұсқау­ла­рына сәйкес біз өз төрағалы­ғы­мыздың аясында қазақстандық күн тәртібін нақтылы ілгерілету ниетін­деміз. Бұл шаралар таратпау және ядролық қарусыздану режімінің тиімді жұмыс істеуі жөніндегі Қа­зақ­станның күш-жігеріне саяси қол­дау білдіруді, еліміздің өскелең мүмкіндіктерін энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге ерекше мән бергізуді, сондай-ақ Арал теңізі мен Семей ядролық полигонындағы үлкен экологиялық апаттардың зиянды салдарын еңсеруге баса назар ауда­руды қамтиды. Қойылған міндеттерді негізге ала отырып, Қазақстан бәрінен бұрын ЕҚЫҰ-ның бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін осы заманғы сынақтар мен қатерлерге әлдеқайда жедел әрі тиісінше ден қою ұмты­лысына қажетті серпін береді. Осыған байланысты әскери-саяси өлшемде біз лаңкесшілдік­пен, экстремизммен, есірткі зат­та­ры­ның заңсыз айналымымен, ұйымдасқан қылмыспен, адам сау­дасымен күрес бойынша ЕҚЫҰ ая­сында ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылатын боламыз. Бұл бағыттағы негізгі шара ретінде біз Астанада Лаңкестікке жол бермеу жөнінде конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Афинада қабылданған таратпау жөніндегі министрлік декларацияға сәйкес әлемдік таратпау үдерісінің танымал көшбасшысы болып табы­латын Қазақстан ядролық қарусыз­дану жөніндегі жаһандық күш-жігерге қолдау жасаудағы ЕҚЫҰ үлесін арттыру ниетінде. Экономикалық-экологиялық өлшемде Қазақстан транскон­ти­нен­талдық транзит пен көлік дәліз­дерінің дамуын басымдық ретінде анықтады, мұның өзі барлық қа­ты­сушы мемлекеттердің мүдделеріне сай келіп қана қоймайды, сонымен бірге оны жаһандық дағдарысты еңсеру қисыны ұсынып отыр. Бұл бағыттағы пікірталасқа осы жылдың шілдесінде “Дағдарыс сабақтары және жаһандық жағ­дайын­дағы экономикалық дамудың дағдарыстан кейінгі моделі” тақы­рыбымен өтетін ІІІ Астаналық эко­номикалық форум қосымша серпін беруі тиіс. Біз сондай-ақ Афинада қабыл­данған министрлік шешімдеріне сәйкес көші-қон және энергети­калық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмысты жалғастырмақпыз. Екінші өлшемде төтенше өзекті жұмыс саласы экологиялық қауіп­сіз­дік болып табылады, мұнда біз экологиялық қатерлер мониторингі мен оларға ден қою жөніндегі ЕҚЫҰ кешенді жүйесінің негізін са­лу қажет деп есептейміз. Бұл тұр­ғыдан қазақстандық төрағалық Арал теңізінің проблематикасына ай­рықша назар аудара отырып, Ұйым­ның жауапкершілік аймағын­дағы өзекті экологиялық мәселелер бойынша Еуропа парламентінде тыңдау өткізбек. Сонымен қатар, ЕҚЫҰ-дағы қа­зақ­стандық төрағалықтың қамқор­шы­лығы жағдайында Халықаралық Аралды құтқару қорымен, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық конфе­ренциясымен және Орталық Азия үшін алдын алу жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығымен ын­ты­мақтастықта Арал бойынша ар­наулы нәрлендіру конференциясы шақырылатын болады. Осылайша Арал проблематика­сы біздің Ұйымның жауапкершілік аймағындағы экологиялық проб­лемаларды шешудің референттік моделіне айналады. Экологиялық қауіпсіздікті ны­ғай­тудағы Қазақстанның күш-жі­ге­рі Орталық Азияның барлық елдері үшін Қазақстан төрағалығы “қо­сым­ша құнның” құндылығы тұр­ғы­сынан көрнекті болады. Президент Н.Ә.Назарбаевтың өз үндеуінде “Қазақстан үшін Орталық Азияның тұрлаулы дамуы — аса маңызды ба­сымдықтың бірі” деп атап көрсетуі кездейсоқ емес. Біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ның саяси көшбасшысы және Орталық Азиядағы халықаралық қоғам­дас­тықтың шешуші әріптесі ретінде өзекті мәселелерді шешудегі оң серпіні мен өңірлік дамуға әкелетін нақты практикалық көмегі біздің өңірдегі барлық халықтардың игі­лігіне бүгін және болашақта ық­пал­ды қызмет ететін болады. Адами өлшем Ұйымның және біздің төрағалықтың күн тәртібін­дегі шешуші тақырып болып қалады. Қазақстан Демократиялық институттар мен адам құқықтары жө­ніндегі бюро (ДИАҚБ), Аз ұлт­тар істері жөніндегі Жоғарғы ко­мис­сардың, БАҚ еркіндігі жөнін­дегі өкілдің офистері секілді ЕҚЫҰ институттарының қызметіне қолдау көрсетуді жалғастыратын болады. Ұлтаралық және конфессия­ара­лық жанжалдар, Еуропаның барын­ша сәтті делінетін елдерінде БАҚ-ты тиістілігінен кері пайдалануға байланысты дау-дамайлар төзім­ділік­ті, өзара құрмет пен өзара түсі­ністікті нығайту және ілгерілету мә­селелері бүгінде қандайлық өмір­лік маңызды болып табылатынын барынша айқын көрсетіп берді. Сондықтан, өз елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтаудың әбден оңды тәжірибесіне ие болған біз ЕҚЫҰ кеңістігінде төзімділік пен мәдениетаралық үнқатысуды өз төрағалығымыздың аса маңызды басымдығы жасау және ЕҚЫҰ-ның бүкіл кеңістігінде гуманитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосу ниетіндеміз. Астанада осы жылдың 29-30 маусымында ЕҚЫҰ-ның төзімділік пен кемсітпеушілік жөніндегі жо­ға­ры деңгей конференциясын өткізу осынау ізгі мақсатқа арналады. Адам құқығымен және демокра­тия­мен тікелей байланысты гума­ни­тарлық өлшемде заңның үстем­дігі орталық құраушы міндеттеме болып табылады. Осыған байла­ныс­ты біз сот жүйесінің тәуелсіз­ді­гін нығайтуға, сондай-ақ жек­көру­шілік негіздегі қылмысқа жол бермеу, қозғалыс еркіндігі, ром мен синти жағдайы секілді және басқа мәселелерге айрықша көңіл бөл­мекпіз. Жыл сайынғы Варшава кеңесін, адамның, аз ұлттардың іргелі құ­қықтары мен еркіндіктерін сақтау, сайлау жөніндегі міндеттемелердің орындалуына шолуды өткізумен қатар, ЕҚЫҰ-ның Копенгаген құ­жатының 20 жылдығына арналған конференция да өткізілетін болады. Біз сондай-ақ балалар саудасын даралай отырып, адам саудасымен күрес тетіктерін жетілдіруді жеке басымдық ретінде қарастырамыз, мұның өзі жаһандық ауқымға ие болып, трансұлттық қылмыстың бір бөлігіне айналды. Гендерлік саясат мәселелерін іл­герілетудің маңызын ескере отырып, біз гендерлік тепе-теңдікті іл­герілету және әйелдердің қоғам­дық-саяси өмірге қатысуы жөнінде кеңес өткізуді, ДИАҚБ-ның әйел­дердің мемлекеттік құрылымдарға қатысуын ұлғайту жөніндегі бағ­дарламасына қосалқы демеуші болуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Ұйым көшбасшысы лауазымындағы өз қызметімізде қалыптасқан практикамен шекте­мей­тінімізді атап өткім келеді, өйт­кені қазіргі әлемдегі ЕҚЫҰ рет­теу­шілігі оның дәстүрлі тақырыптар бойынша жұмысына ғана емес, сонымен бірге жаңа сынақтарға жедел ден қоя білу қабілетіне де бай­ланысты. Көптеген елдер осы­ған ұқсас ұстанымда болып отыр және бірқатар жаһандық мәселе­лер­ге жауаптар іздестіруді олар нақ ЕҚЫҰ тұрғысынан қарастырады. Осындай мәселелер қатарында Ұйымның барлық қатысушылары үшін бірдей өзекті болып отырған климаттың өзгеру проблема­ти­ка­сын атауға болар еді. Басқа шешуші проблемалардан ЕҚЫҰ-ның жаһандық дағдарысты еңсеру проблемаларын талқылаудан сырт қалып қою жәйтін атап айтар едім. Ал енді дағдарыс халықара­лық маңызы бар толып жатқан проблемаларды қай кездегіге қарағанда да жалаңаштап көрсетті. Олардың қатарында әлемнің дағдарыстан кейінгі қалыптасуын айтуға болады. Мұнда қиын­дық­тарды дербес еңсере алмайтын артта қалушы елдердің пайда болу қаупі бар. ХХ ғасырдың сабақтары бізді елдердің нақ осындай жік­те­лі­сінде жаңа қақтығыстық идеоло­гия­ның, экстремизм мен реван­шизм­нің пайда болу қатерлерінің бо­латынына үйретеді. Тарихтың мұн­дай сабақтарын ұмытуға болмайды. Тұтастай алғанда, қазақстандық төрағалықтың басымдықтары Пре­зидент Н.Ә.Назарбаев халық­аралық аренадағы өз қызметінің алғашқы күндерінен бастап басшылыққа ал­ған “жасампаздық көшбасшылық” философиясын толық мәнінде бей­нелейді. Біздің бұл ұмтылыс­та­ры­мызды қазақстандық төрағалықтың сенім, дәстүр, ашықтық және тө­зім­ділік тәрізді ұстанымы да дәлме-дәл танытады. *   *   * Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лықтың маңызына қатысты біз­дің кейбір сыншыларымыз бен түңілушілерімізге жауап беріп, мы­наны айтқым келеді: менің терең сенімім бойынша ЕҚЫҰ-дағы төрағалық біздің халқымыздың шын мәніндегі жұлдызды сағаты, Қазақстан тарихындағы кезеңдік оқиға болып табылады, ол ең сәтті деген жағдайда 55 жылдан кейін қайталануы мүмкін. Мемлекет басшысы стратегия­лық ұлттық басымдық ретінде белгілеген ЕҚЫҰ-ға төрағалық елі­міздің ұлттық мүдделерін сыртқы алаңда іске асыру тұрғысынан да, сол секілді Қазақстан мемлекетін болашақта дамытуға өзінің ықпалы бойынша да ол маңызы жағынан бұрын-соңды болмаған оқиға болып табылады. ЕҚЫҰ-ға төрағалық Қазақстан қоғамында бірлік пен патриотизм сезімін арттырып, елдің одан әрі де­мократиялық дамуының, қазақ­стандықтардың тұрмыс сапасын өсірудің қуатты жеделдеткішіне айналды. Бір нақты мысал келтірейін. Қа­зақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы төрағалығы тұрғысынан Мем­лекет басшысы “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге бастама көтеріп, ол өзінің мәні жағынан осы заманғы қоғам­ның еуропалық тұрпатына бағдар­ла­нуды бейнелейді, біз оны өзі­міздің – қазақстандық жолмен одан әрі жүру барысында ескеретін боламыз. Өз төрағалығымыздың аясында ЕҚЫҰ қызметінде гуманитарлық бағытқа басым маңыз бере отырып, біз бұл үдерісті өз елімізде нық жақтайтындығымызды көрсетеміз. Аса ірі өңірлік құрылымның төр­ағасы мәртебесі іскерлік және қоғамдық топтардың Қазақстанды өңірдегі тұрақтылықтың инди­ка­то­ры ретінде оңды қабылдауын арттыратын мультипликативтік тиімділік береді, мұның өзі әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына кіру мақсатына қол жеткізуге жәрдемдеседі. Біз сондай-ақ Қазақстанға осы заманғы қоғамдардың барынша өзекті проблемаларын терең сарап­тамалық түсінуді, кешенді және күрделі саяси үдерістерді реттеудің, адами және кадр әлеуетін жақсар­ту­дың озық әдістерін әкелу туралы сөз қозғап отырмыз. Саяси дивидендтер былай тұр­ғанда ЕҚЫҰ-ға төрағалық біздің халқымыздың мәдени және рухани құндылықтарын ілгерілету үшін бірегей мүмкіндік болып табылады. Қазақстанның мәдени әлеуе­ті­нің саналуандылығы мен молдығы Қазақстанның оң имиджін ілгері­лету­дің қуатты бір құралы болуы тиіс, бұл имидж мәдениет пен өнер­дің әмбебап тілі ұлттық қатыс­тылығы мен сеніміне қарамастан әркімге қолжетімді болатын қоғам­ның жоғары даму деңгейін таны­тады. ЕҚЫҰ-ға төраға ел лауазымы – бұл қосымша ресурс және Қазақ­стан­ның ұлттық мүдделері қауіп­сіздікті, тұрақтылық пен ынты­мақтастықты барынша нығайтуды талап ететін халықаралық саясат пен мемлекетаралық қатынастар са­ласында біздің стратегиялық мақ­саттарымызға қол жеткізудің мүмкіндіктері. ЕҚЫҰ Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік архитек­тура­сының маңызды элементі болып табылады. Ұйымның қызме­тіне толық құқылы қатысу біздің еліміздің халықаралық беделін ны­ғайту және Қазақстанды халық­ара­лық координаттар жүйесінде жаңа­ша таныту үшін бірегей мүмкіндік береді. Жауапкершілік аймағы Ванку­вер­ден Владивостокқа дейін со­зылатын еуразиялық-атлантикалық ұйым бола отырып, ЕҚЫҰ біздің ұлт­тық мүдделерімізді халықара­лық-құқықтық, әскери-саяси, эко­но­микалық-экологиялық және гу­манитарлық салаларда жаһандық деңгейде таратудың жария арна­сы­на айналады. Бұл Қазақстанды жалпыеуропалық кеңістік пен континенталдық үдерістердің елеулі бөлігі етудің бұрын-соңды болма­ған мүмкіндігі, осының нәтиже­сін­де конъюнктуралық саяси тербеліс­терге деген біздің сыртқы саяси ұстанымымыздың тұрақтылығы өсе береді. *   *   * ЕҚЫҰ төрағалығы лауазымына кірісе отырып, біз бүгінде жаңа Қазақстанда тұрып жатқанымызды мақтанышпен айта аламыз. Бұл оқиға халықаралық қоғамдастық­тың біз қол жеткізген биіктерді объек­тивті мойындауы ғана болып табылмайды, сонымен бірге алды­мыз­дан тәуелсіз Қазақстанның сапа­лық жаңа даму кезеңін ашып береді.