Театр • 26 Маусым, 2017

Чайковский музыкасы шалқыды

345 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петр Чайковский алғашқылардың бірі болып балаларға арнап музыкалық шығармалар жазған компoзитор. Мысалы, жиені Володяға арнап жазған фортепианолық цикл − «Балалар альбомы» жинағы бейнелі мазмұнымен, аспаптық шығармада орындау техникасының қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Астанада өткен П.И. Чайковский атындағы X халықаралық жасөспірімдер байқауының қатысушылары өнер көрсеткен гала-концертте композитор шығармалары жаңа мазмұнда көрініс тапты.

Чайковский музыкасы шалқыды

Лирикаға толы терең мазмұнымен тыңдаушыны үйіріп әкететін Чайковский музыкалары адам өмірі, бостандық, бақыт үшін күрес жырлануы себепті де үлкен құрметке ие болса керек. Жыл өткен сайын музыкант шығармаларын насихаттауда ерекше мәнге ие фестиваль көкжиегі кеңіп, әлемдік деңгейде беделі күшейіп келеді. Дүниенің төрт тарабынан сайысқа қатысам деген үміткерлердің саны көбейді. Биылғы бәйгеде 20 мемлекеттен келген 120-дан астам талант иелері бақ сынады. Олардың барлығы өз елдерінде шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік өрендер. Классикалық музыкаға жан-тәнімен берілген талантты жас пианистер, скрипкашылар және виолончелистер үшін бұл байқаудың маңызы зор.

П.И.Чайковский атындағы Халықаралық конкурс лауреаттар қауымдастығының бас директоры Андрей Щербак байқаудың классикалық музыка әлемінде айтулы орны бар екенін атап өтті.

– Өнерпаз жас таланттарымыз үшін осындай салтанатты кеш ұйымдастырылып отыр. Үміттерін үкілеп жүгіріп жүрген ата-аналарға, ұстаздар қауымына екі есе алғыс айтамын. Конкурс шын мәнінде өте жоғары деңгейде өтті, – дейді Андрей Михайлович.

«Виолончель» аталымы  бойынша Йо Китамура (Жапония), «скрипка» аталымы бойынша Нейкунг Кан (Корея), «фортепиано» аталымы бойынша Кайл Ху (АҚШ) бас жүлдеге ие болды. Лауреаттарды құттықтаған Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева халықаралық фестивальді заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған ауқымды жоба деп атады.

– Қазір елімізде төрткүл дүниені таңқалдырған ЭКСПО-2017 көрмесі өтіп жатыр. Болашақтың энергиясы деген ол – біздің осы отырған талантты ұл-қыздарымыз. ЭКСПО көрмесі аясында қаланың ең көрікті жерінде музыка үнін асқақтатып, музыка мерекесіне айналдырғандарыңыз үшін қуанышым шексіз. Өнер – мәңгілік. Бірге қуанып, бірге толқыдық, – дейді Айман Мұсақожаева.

Ая ӨМІРТАЙ

«Егемен Қазақстан»