«Ағымдағы жылы сыртқы ахуалдың жақсаруы есебінен экономикалық белсенділіктің және экономиканың нақты салалары көрсеткіштерінің жақсаруы байқалады. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2017 жылғы 5 айдағы елдегі экономикалық өсім 4,1 пайызды құрады. Ағымдағы жылы 5 айдағы инвестицияға салынған негізгі капитал 5,2 пайызға өсті», – деді министр.
Тимур Сүлейменов министрлік ұлттық қордың жаңа тұжырымдамасын жүзеге асыруға кіріскенін тілге тиек етті. «Үш жылдық мерзімде Ұлттық қордың қаражатын пайдалануды оның активтерін тұрақтандыру үшін айтарлықтай қысқарту жоспарлануда. Ұлттық қордың кепілдендірілген трансферттерінің көлемі үш жыл ішінде 880 млрд теңгеге, 2020 жылдан бастап 2 трлн теңгеге қысқартылатын болады», – деді ол.
Т.Сүлейменовтің айтуына қарағанда, Ұлттық экономика министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, бюджеттік процессингті оңайлату және мемлекеттік органдардың дербестігін кеңейту жолымен мемлекет қаржысының экономикаға өткізілуін жеделдетуге мүмкіндік беретін Бюджет кодексіне түзетулер әзірледі.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың өкілдері, бизнес-қоғамдастық, «Атамекен» ҰКП, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың белсенді қатысуымен жаңа Салық кодексі жобасын дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы жұмыстардың аясында мәтіннің өзін талқылау жүруде. Жаңа Салық кодексінің жобасы, тұжырымдамасы және таныстырылым материалы Ұлттық экономика министрлігінің сайтында орналастырылған», – деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, министрлік 2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында әрбір макроөңір үшін инвестициялық басымдықты анықтау, елдің аумақтық дамуын жетілдіру, ТКШ жаңғырту, халықты ауыз сумен және су тартумен қамту бойынша міндеттерді жүзеге асыруда. «Тұтас алғанда, Бағдарламаны жүзеге асыруға 2017 жылға республикалық бюджеттен 86,3 млрд теңге қарастырылған, 2017 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша, жергілікті атқарушы органдар арқылы оның 20,2 млрд теңгесі игерілген. Қаражат бекітілген қаржыландыру жоспарына сәйкес бөлінуде» деді министр.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»