27 Маусым, 2017

Қазақ киносы және киноархив

658 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі күн ертең тарих болып қалары сөзсіз. Ертең кешегі күннің ізін іздейміз. Өнерде де дәл солай. Өт­кен күннің іздерін сол күйінде «қал­пына келтіру» арқылы жеке шы­ғар­ма­лардың ғана емес, тұтас бір ке­зең­нің тарихын мейлінше объек­тив­ті түр­де шынайы суреттеуде, зерт­теу­де ар­хивтің, ондағы сақталған ма­те­ри­ал­дардың маңызы орасан зор.

Қазақ киносы және киноархив

Мысалы, Алматы қаласындағы Ор­та­­лық кино-фотоқұжаттар жә­не ды­быс жа­зу архивінде, шынын айт­қанда, орасан байлық жатыр. Ал­ғашқы киносюжеттерден бас­тап 1991 жылдарға дейінгі елі­мізде тү­сі­ріл­ген көркемсуретті, де­рек­ті, ани­ма­циялық фильмдер туралы жаз­ба құжаттардың барлығы содан табы­лады. ХІХ ғасырдың соңынан бергі ды­быстық және бейнемұралар тарихы жи­нақталған (жарты миллионға жуық сақ­тау бірліктері) республикадағы бір­ден-бір мамандандырылған архив қоры кеше мен келешекті жалғап тұрған алтын көпір іспетті қызмет етуде. Осыған бай­ланысты, 2001 жылы «Асыл мұра» жо­басы аясында мұ­ра­­ғат алғаш рет, тех­ни­калық жай-күйі нашар дыбыстық жаз­ба­­ларды тың­дауға, қалпына келтіруге, сан­дық та­сы­ғыш­тарға аударуға мүмкіндік бе­ретін жаб­дық­тар алған екен. Мұнан кейін де қор­дағы баға жетпес байлықты көз қара­шы­ғындай сақтап, кейінгі ұрпақтың ру­хани азығына айналдыру идеясы, ол үшін заманауи технологияның озық үлгілеріне көңіл бөлу еш бәсеңсіген емес. Архив қорындағы кинохроникаларды сақтаудың мұнда өзгеше әдіс-тәсілдері пайдаланылады. Дерек бойынша ең алғашқы киноқұжат 1925 жылы тіркеліпті. Кинодокументалистикадан «Қазақстан өмірі мен тұрмысы» (1927 жыл), «Түрксіб», «Алғашқы поез» (1929 жыл), «Алтын жағалаулар», «Ұлттық полк», «Түрксібтің ұштасуы», «Түрксіб ашық» (1930 жыл) тәрізді дыбыссыз, субтитрлері бар кинолар сақтаулы.

Сонымен қатар, жаңағы фильмдердің әде­би, режиссерлік сценарийлерінен бас­тап (қанша нұсқасы болса да), фи­льмнің түсіріліп болғанға дейінгі барлық құжаттарын осы жерден таба аласыз. Тіпті, фильмнің түсіріліміне кеткен қаржының бухгалтериялық есепшот­тары, әртүрлі түсініктемелер мен өті­ніш­терге дейін. Кейбір фильмдердің әдеби, ре­жиссерлік сценарийлерінің бірнеше нұс­қасы бар және әр нұсқа бойынша ки­ностудияның сценарий бө­лімінде, Көр­кемдік кеңесте бірнеше дүр­кін тал­қы­ланған хаттамалары сақ­талған. Оған монтаж алдындағы тү­сірілген киноматериалдар мен монтаж­дан кейінгі дайын фильмді талқы­лаудың хаттамаларын қосыңыз.

Осыдан екі-үш жыл бұрын сол архивте біраз фильмдерге қатысты құ­жаттармен танысуға мүмкіндік болды. Сондағы бір түсінгеніміз – жал­пы өнер тарихындағы бірде-бір құ­бы­лыс­тың өз-өзінен пайда болмайтыны. Оның қандай да бір себептері бо­лады. Сол жолы 1960 жылдың 4 ақпан күні шыққан «Сценарлық жұ­мыс­ты жақсартудың іс-шаралары» атты тақырыптағы бұйрықтың көшір­ме­сімен танысуға мүмкіндік болды. Он­да киностудиялардағы сценарлық бө­лімдердің жұмысын сынай отырып, кинодраматургия саласындағы жұмысты жолға қоюдың шешімі ретінде жазушылардың шығармашылығына сүйену керек екендігіне назар аударылады. Жазушылардың киноға келуі туралы мәселе қозғалады. Ал бұл кинодраматургия жұмысын жақсы жолға қоюдың бірден-бір жолы делінген. Нәтижесінде кино өнеріне қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері тартылады. 1960-1970 жылдары Ғабит Мүсірепов, Әкім Тарази, Олжас Сүлейменов секілді қазақ әде­би­етінің басқа да көптеген белгілі өкіл­дері «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істейді. Көптеген классикалық фильмдердің сценарий авторлары болды. Және сол 60-жылдардың басында әдебиет шығармалары бойынша экрандауды қолға алу керек деген де бұйрық шығады. Ал мұның соңы, бәрімізге белгілі, «Менің атым – Қожа», «Арман – атаман», «Қыз Жібек», «Қараш-Қараш оқиғасы» сияқты тағы да басқа көптеген классикалық фильмдердің дүниеге ке­луі­мен ұласты. Тіпті, сол архивтегі құ­жат­тардың негізінде фильмнің түсі­рілу та­рихын жазуға болады.

Бұл мәселеге неліктен назар аудары­лып отыр? Осы біздегі мемлекеттік бол­­сын (әрине, «Қазақфильмде» түсі­ріл­­ген фильмдердің материалдары ки­но­студияның архивіне өткізіледі. Бірақ, жо­ға­рыда айтып өткендей, қазір аса маңызды болып көріне бермейтін, елу жылдан соң таптырмас құнды дүниеге ай­налатын бір бет қағаздағы жазбаға дей­ін сақталына ма?), жеке киностудия­ларда болсын, соңғы жиырма-жиырма бес жылда түсірілген фильмдердің бар­лық материалын қырық-елу жылдан кей­ін іздеген адам таба алар ма екен?..

Өйткені, киноархивте сақталған мате­риалдар өткенімізді бүгінге жал­ғап, бү­гінгімізді ертеңге аманаттау үшін өте-мөте қажет екені белгілі...

Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ,
кинотанушы, өнертану кандидаты