Сол үш рет айтқан сөздің астарында, біріншісі – құрсағындағы нәрестесін тоғыз ай, тоғыз күн тірсегі дірілдеп көтеретінін, екіншісі – ащы толғаққа тістеніп тұрып төзіп, жанының бір бөлшегін өмірге әкелетінін, үшіншісі – ақ, адал сүтін беріп, басынан құс ұшырмай, құс қанатының көлеңкесінен де суық тиіп қалады деп мәпелеп бағып, қатарға қосқаны жатса керек. Қазақ – анасын ардақтап, қызын жақсы да қимас қонағына балаған жұрт. «Ана мен әкенің жолы − дара» деген халық сөзі бар.
Алда таратып айтқан тағылымды өнегені, яғни қазақтың қызы қандай болуы керек, ананың ұрпақ алдындағы үлгісі деген қағиданы мүлтіксіз атқарып келе жатқан зерделі замандасымыз – кешегі «Социалистік Қазақстан», бүгінгі «Егемен Қазақстан» басылымының қызметкері Нұршагүл Әшімбайқызы.
Қырық жылға таяу, нақтылай түссек 22 жасында киелі шаңырақтың табалдырығын аттап, қазақ журналистикасының басты ұстаханасында небір нар тұлғалардың тәлім-тәрбиесін үйренген, алдын қиып өтпей, алғысын алған Нұршагүл бір әңгімесінде өзінің өткен жолы жайлы кеңінен толғанғаны бар еді.
– Бас басылымда қызмет еткен ардақты ағалардың жөні де, жолы да бөлек еді. Шетінен айбынды, айбарлы, тілдесе келгенде мейірімдері мол, шапағаты ерен, қамқор, қайырымды болатын. Кеуде кермейтін, мен-мен демейтін, кішімен кіші, үлкенмен үлкенше сөйлесетін. Ол кезде бас басылымға жұмысқа тұру деген бір мәртебе болатын. Қазақ журналистерінің қарымды өкілі, белгілі жазушы, романист, мінезді де іскер, сөзінде береке, жұмысында тиянақ бар Балғабек Қыдырбекұлы қызметке қабылдап тұрып: «Социалистік Қазақстанда» жұмыстың үлкен-кішісі жоқ, бір мақсат, бір мүдде ғана бар. Ісіңе мұқият, мығым бол. Сауатты шыққан газет – айна. Айнаның бетіне дақ түссе, дидарың көз тартпайды. Сол секілді газеттен қате кету, оның бадырайып тұруы ұятқа қалдырады, оқырман алдында беделіңді кетіреді. Біз ел алдында, жұрт көзінде тұрған басылымбыз», деді. Балғабек аға айтқандай, жауапкершілігі зор, өзіндік қыр-сыры бар, көз бен көңіліңнен әр күні ондаған адамның қуанышы мен реніші өтіп жатады. Біріне «бәрекелді» десең, екіншісіне ет жүрегің шымырлап, кейбір пенделердің әттеген-айларына налитын тұсың да болады. Иә, алғашында «Қайда келдім?» деп толқыдым. Жақсы ағалар, аяулы апалар жатырқамай, балапандай баулыды. Қанатымды қатайтты. Сөйтіп, кешкі редакциядағы жұмыс «сүйікті» мамандығыма айналды. Содан бері осы жұмыстан қол үзбей келемін. Бас басылымда өстім, өндім, бұдан артық мен үшін байлық та, бақыт та жоқ, – дейді кісілігін жоғалтпай, кішілігін сақтаған Нұршагүл Әшімбайқызы.
Ол Жамбыл өңірінде Ұлы Отан соғысының ардагері Әшімбай мен анасы Тұрсынкүлдің отбасында дүниеге келген тұңғыштары екен. Қазақ тұңғышы қыз болса, оны байлықтың кеніне, бақыттың басына балаған. Біздің кейіпкеріміздің де ата-анасы сол дәстүрді естерінде ұстапты. Содан да болу керек, оның артынан Болат, Болатбек, Тұрысбек, Нұржамал, Жанар сынды үлбіреген ұлдары мен қызғалдақтай қос сіңлісі өмір есігін ашыпты.
Мектепті бітіргеннен кейін С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсіп, оны жақсы бітірген Нұршагүл анасының өтінішін жерге тастай алмай, Жамбыл облысы, Меркі аудандық газетінде тілшілік қызмет атқарады. Жас қаламгер аудан өміріндегі елеулі оқиғалар мен кейбір шешімін таппаған олқылықтарды жасындай жарқылдап жазып, жұрт көзіне түседі. Бір жолы аудандық партия ұйымында алқалы жиын өтіп, олқылыққа жол берген кеңшар директорының аты аталып, қатаң ескерту жасалады. Нұршагүл мұны қағып алып, зерттеп, зерделей келіп, ақиқатында міннің бар екенін анықтап шығады. Ол газетте жарияланғаннан кейін ұжымшар директоры қызметінен алынады. Жас қыздың өжеттігіне риза болған газет редакторы Деридович алғыс жариялап, өзгелерге үлгі етіп көрсетеді. Сөйтіп жүргенде, өзі оқыған мектептің директоры мұғалімдік қызметке шақырады. Оны да абыроймен атқарады. Бірақ Алматыға барсам, сондағы беделді басылымдарға жұмысқа тұрсам деген арман-тілегі оны алға сүйрей береді. Ақыры алда өзі айтқандай бас басылымға жұмысқа тұрады.
Қызмет істеу бар да, айналасындағы адамдармен сыйлас, сырлас болу да − бір ғанибет. Бұл тұрғыдан келгенде Нұршагүл Әшімбайқызының замандастарымен әдемі қарым-қатынасы оның бойындағы ізет-инабатты дәйектейді. Мысалы, курстас құрбысы Баян Болатханованың ол туралы жазбасындағы әдемі сәттер оның биязылығын көрсетеді. «Өмірдің елең-алаң белесінде бірге жүрген жан құрбым Нұршагүл! Нұрша – Гүлім!», деп студенттік дәуірдегі жоғары курста оқитын Алма, Айымхан, өзге де апалары жайдары мінез, қамқор қарекеттерін тарата айтады.
Елорда Арқа төсіндегі Ақмолаға көшкенде бас басылым ұжымының белді өкілдерінің бірі ретінде келген Нұршагүлдің Астананың өркен жаюы көз алдында өтіп келеді. Кезіндегі бет қарыған аяз, қар үрлеген бұрқасын – бәрі де қазір ұмыт болып барады. Жатаған үйлердің орнына еңселі ғимараттар бой көтеріп, халықтың дидары ашылды. Есіл өзенінің екі жағындағы аққу түстес еңсесі биік үйлер қазір ел мақтанышына айналды.
Қазақ баспасөзінің қара шаңырағындағы еткен еңбек, төккен тері ақталды деуге болады. Оның ең бастысы ұжымға сыйлы, алдыңғы толқын ағаларына – қарындас, апаларына – сіңлі, кейінгі ізбасарларына үлгі болуы, оның бойындағы қазақ қызына тән асыл қасиеттердің молдығынан деп білеміз. Құрметке бөленіп, абыройының асуына тағы бір мысал Елбасының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін өңіріне тағуы болса керек. Жайдары бір сәтінде, алты белеске көтеріліп, мәртебесі биіктеген әріптес: «Бұл киелі шаңыраққа менің алдымда да қаншама үлкендер «пионер» болып келіп, зейнеткер болып жатты. Мұның өзі басылымдағы жарасымды дәстүрдің, сыйластықтағы тыныс-тіршіліктің әдемі дәйегі деп білемін. Сол жалғасын таба берсе екен», дейді.
Нұршагүл Әшімбайқызы қызметтегі беделімен бірге отбасында да жігерімен шыңдалып, асқарға балаған Асқар ұлының сүйікті анасы болып отыр. Көз қуанышы, үкілеген үміті Асқар орта мектепті үздік бітіріп, физика пәнінен халықаралық олимпиадада жүлдегер атанып, соның нәтижесінде Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін де жақсы бітіріп, Астанаға қайта оралып, «Қазконтентте» жұмыс істеп жүр. Ол анасының қолғанаты ғана емес, заманға сай білім алған жақсы маман. Міне, «Егемен Қазақстан» газетінің Нұршагүлі өткен жол, қол жеткен табысы осындай.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»