27 Қаңтар, 2010

БІЗ “ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН” КӨШЕСІНДЕ ТҰРАМЫЗ

1108 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ЕЛОРДАДА  “ЕГЕМЕН  ҚАЗАҚСТАН”  ГАЗЕТІНЕ  КӨШЕ  БЕРУ  ТУРАЛЫ  ШЕШІМ  РЕСМИ  БЕКІТІЛДІ Газетіміздің атына көше беріледі деген хабар жаңа жылға дейін құлағымызға жетсе, енді Астана қаласы әкімдігінің 2009 жылғы 23 қа­ра­шадағы №74 қаулысы мен Астана қалалық мәслихатының 2009 жылғы 21 желтоқса­н­дағы 287/42-ІV нөмірлі шешімі бойынша Астана қаласының Алматы ауданын­да­ғы М.Ломоносов атындағы көше “Егемен Қазақстан” газеті” көшесі деп аталатын болды. Құжатта аудан әкімі мен “Астана қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы” мемлекеттік ме­кемесі осы қаулы мен шешімді іске асыру жө­нінде қажетті шара қабылдасын, Астана қа­ла­сы әкімдігінің қаулысы мен мәслихатының шешімі алғаш ресми жарияланғаннан кейін күн­тізбелік он күн өткен соң қолданысқа ен­гізі­ле­ді делініп, оған Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов, Астана қаласы мәслихаты сес­сиясының төрағасы А.Бұлашев, Астана қа­ласы мәслихатының хатшысы В.Редкокашин қол қойса, бұл нормативтік құқықтық акт Қа­зақ­стан Республикасы Әділет министрлігі Аста­на қалалық әділет департаментінің норма­тив­тік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу­ тізіліміне №611 болып енгізілгені көрсетілген. Мұны осы 90 жыл ішінде Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов сынды газетіміздің тізгінін ұстаған алыптардың рухына жасалған құрмет пен бергі тарихта халқына қадірлі Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбай сынды Алаштың ардақты ұлдарының, осында бұрынғы уақытта және қазіргі кезде жұмыс жасаушы барлық адамдардың халқы­ның алдындағы еңбегін бағалау және газеттің та­ралымын жылдан жылға өсіріп, еліміз еге­мен­дігінің қадірін бар болмысымен ұғынған ана тіліміздің жанашырлары – біздің оқыр­ман­дарымызға көрсетілген ықылас деп білеміз. Басылым ұжымы, құрметті оқырман, осы қуа­нышпен өздеріңізбен ортақтаса отырып, “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” ак­цио­нерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахмановтың өтінішіне түсіністік танытқан ел­жанды азамат, Астана қаласының әкімі И.Тас­мағамбетовке айрықша ризашылық білдіреді және мәслихат хатшысы В.Редкока­шин мен мәслихат депутаттарына, қалалық Ономастика комиссиясының төрайымы О.Асанғазыға және мүшелеріне, бұрынғы М.Ломоносов атындағы көшенің тұрғын­дарына алғысын айтады. Қуаныштымыз, біз енді “Егемен Қазақстан” газеті көшесінде тұрамыз. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, КЕЛІСІМ ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ ҚАЛМАУЫ ТИІС Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ресей Федерациясының Татарстан халықтар Ассамблеясы өкілдері кездесіп, Қазақстан тарапынан ҚХА Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов пен Татарстан тарапынан Ресей Федерациясы Татарстан Парламентінің спикері, ТХА Кеңесінің төрағасы Фарид Мухаметшин өзара әріптестік туралы келісімге қол қойды. Этносаралық төзімділіктің қазақ­стан­дық үлгісі өзек болған бұл шараға Татарстан халықтар Ассамблеясы Кеңесі төрағасының орынбасары, “Біздің үй – Татарстан” журналының жауапты хатшысы Сағит Жақсыбаев, Парламент Мәжілісіне еліміз Ассам­блея­­сынан сайланған депутаттар, Қа­зақстандағы татар және татар-башқұрт эт­номәдени бірлестік өкілдері қатысты. Бұл ретте татар халқының өкілдері қазақ топырағында ең көп қоныс­тан­ған этностардың бірі екенін айтуымыз қажет. “Бүгінде олардың саны 230 мыңға жетті. Сондықтан, біздің ара­мыз­дағы қарым-қатынас үзілмей, жал­ға­сын таба беруі қажет. Бұл біздің елі­міздегі этносаралық тәжірибемен де ұш­таса береді деп сенеміз. Қазіргі таң­да Қазақстан халқы Ассамблеясы аты­нан Парламент Мәжілісіне сайланған 9 депутат заң шығарушы органда қыз­мет етеді. Бұл да біздің елде қалып­тас­қан ұлтаралық жағдайдың деңгейін көрсетеді”, деді кездесу кезінде Ералы Тоғжанов. Оның сөзіне қарағанда, елімізде этносаралық мәселелерді жүйелендіру бағытында игі жұмыстар атқарылып жатыр. Ал Ресей Федерациясы Татарстан халықтар Ассамблеясы Кеңесі төраға­сы­ның орынбасары Сағит Жақсыбаев этносаралық мәселелер өте күрделі, нәзік екенін, сондықтан оған айрықша көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. “Ме­нің ұлтаралық, этносаралық мәсе­ле­лермен бетпе-бет келіп жүргеніме 20 жылдай уақыт болды. Екі республика арасындағы келісім осымен 2-ші мәрте жүзеге асып отыр. 1998 жылы дәл осындай келісімге қол жеткізген едік. Болашақта мұндай келісімдер тек қағаз жүзінде қалмай, іс жүзінде де жүзеге асса деген тілегіміз бар”, деді өз кезегінде Сағит Көдебайұлы. Бұл күнгі кездесу кезінде мәде­ниет­аралық қарым-қатынас, білім беру және ғылым салаларындағы өзара іс-қимыл, мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыру бойынша тәжірибе алмасу, этносаралық келісім мен төзімділікті нығайту бағытында берік әріптестік орнату секілді мәселелерге айрықша назар аударылды. Бұл ретте қосымша іс-шаралар әзірлеу қажеттігі айтылып, екіжақты мәдени-гумани­тарлық әріптестіктің өзекті тұстары төңірегінде пікір алмасылды. Кездесу соңында оған қатысу­шы­лар мұндай әріптестік келісімге қол қою конфессияаралық және этнос­ара­лық келісімді қамтамасыз етуге, жал­пы­адамзаттық құндылықтар мен мәде­ние­таралық үнқатысуды нығайту мен мемлекеттер арасындағы ынтымақ­тас­тықты дамытуға елеулі үлес қосады деген ойларын жеткізді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, ӘСКЕРДЕГІ ЗАҢДЫЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ Астанада Қазақстан Респуб­ли­касының Бас Прокуроры Қай­рат Мәмидің қатысуымен Бас әскери прокуратураның кеңей­тіл­ген алқа мәжілісі болып өтті. Алқа мәжілісінде әскери проку­ра­тура органдарының 2009 жылғы жұмысының қорытындысы талқыланып, алдағы кезеңде атқарылар міндеттер сараланды. 2009 жылдың қорытындысы бойынша  прокурорлық қадаға­лау­­дың Қазақстан Республи­ка­сы­ның Қарулы Күштеріндегі, басқа әскерлері мен әскери құ­рылым­дарындағы жағдайы, жал­пы ал­ғанда, қанағаттанарлық, қойылған талаптарға сай деп танылды. Отырыста әскери басқару және қылмыстық қудалау ор­ган­дарының құқық бұзушылықтың алдын алудағы қызметін жедел­де­ту мен заңдылықты нығай­тудағы әскери прокуратураның оңтайлы рөлі жайында айтылды. Республиканың Бас Про­ку­ро­ры сыбайлас жемқорлық фак­тілерінің алдын алуға, құқықтық актілердің заңдылығына, эко­ло­гия­лық қауіпсіздікке, әскери қыз­метке шақыру және әскери қызметті өткеру туралы заң­на­маны орындауға, әскери мүлікті сақтауға қатысты мәселелерге ерекше назар аударуды талап етті. Сондай-ақ, әскери проку­рор­ларға прокуратураның құқық қор­ғау функцияларын нығай­ту­ды, қылмыстың ұлғаюы, өз-өзіне қол жұмсау және жарақат алу фак­­тілері байқалатын әске­ри бөлімдерде тексеру тәжіри­бесін күшейтуді жалғастыру тапсы­рыл­ды, деп хабарлады Бас әскери про­куратураның баспасөз қызметі.