Қазақстан • 30 Маусым, 2017

Бес құндылық, төрт таған һәм үш қуаттылық

1564 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бірлігі бекем, берекесі мол елдің ертеңі нұрлы болатыны баршамызға аян. Ал нұрлы елдің ең басты құндылығы – терең ақыл, кемел ой, арман-мұрат, мұң мен сырын сыйғызған мемлекеттік тілі, ұлттық даралығы мен даналы­ғын жазатын тарихы, ұлттық бол­мысын танытатын салт-дәстүрі, танымы мен тағылымын көрсететін ділі мен діні, кең жазира атамекені мен Ұлы Дала рухы болу қажет. 

Бес құндылық, төрт таған һәм үш қуаттылық

Өркениет тарихында рухты халық қана жасампаз болмақ. Бүгінгі жаһандану заманында экономикалық, инновациялық даму мен өркендеу кеңістігінде адамзат баласына рухани жаңғыру мен өмір сүру – басты ұстаным, берік қағидат болуы керек. Ұлттық санамыз, ұлттық ой-пайымымыз ісімізден озық болып, игілікті де табысты еңбектерімізден бұрын жаңғырып отыруға тиіс. Ұлттық рухани құндылықтардың қайнар көзі – тіл, дін, діл, салт-дәстүр, тарих екені баршаға аян. Ұлттық құндылықтардың бас­ты мазмұны – білім мен біліктің, тәрбие мен тағылымның ұштасқан тірегі. Осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ма­қа­ласы Қазақ елінің жаһандану әлемін­де рухани даму жолында басты бағдар бола­ты­ны сөзсіз. Қазір ең бастысы, ұлттық біртұ­тас­тығымыз мен бірегейлігімізді сақ­тау­да өзекті жұмыстар атқарылуы қажет. Біріншіден, ұлттық сана-сезім көк­жиегін кеңейту мақсатында ұлттық ойлау­дың фило­софиялық мазмұнын білуіміз керек. Жаң­ғыру сипатында ұлттық құндылық­тары­мыздың қоғамға жат, ескіргенін ығыстырып, ұлт болмысына қажеттісін насихаттағанымыз дұрыс болады. Екін­шіден, ұлтымыздың білім­ділігі мен білік­тілік мазмұны. Аса білім­дар ұлт қана ұлт құндылығын сақтап, әлемдік кеңістікте ұлттық парасатын көрсете алады. Соның бірегейі – ұлттық тіл құдіреті. Тіл – ұлттық тірегіміз, рухани күш-қуатымыз, ұлт айбы­ны, ұлтжандылық сезімін шыңдайтын құрал екені баршамызға белгілі. Бүгін қазақ тілінің қадір-қасиетін тек қазақ ұлты ғана біліп, қазақ қана насихаттап қоймау керек. Қазақ елінің руханияттық қуаты Қазақ елінде тұратын барлық ұлттардың қазақ тілінде сөйлеп, қызмет жасап, шешендігін танытатын басты көрсеткіш болғаны абзал. 
Уақыт ағымы өзгерсе де, адам болмысы­ның адамгершілік табиғаты өзгермеуге тиіс. Қай уақытта болса да адам жаны имандылық пен ізгілік үшін, адалдық пен әділ­дік үшін, білімділік пен рух­тың биіктігі үшін ғұмыр кешу керек. Бұл – Қазақ елі үшін басты ұс­таным. Бүгінгі таңда Қазақ елі ұр­па­ғы­ның тәрбиесі – отбасы мен қо­ғам тәрбиесі деп білуіміз қажет. Ата-баба мұрасы мен ұлты­­мыз­­дың ұлылығын сақтау үшін бес құн­ды­­лықты, тағылымды тәрбие беру үшін төрт тағанды, рухын биік ұстау үш қуаттылықты білуіміз керек. 
Бес құндылық – біріншіден, көрікті ой­дан көркем сөз тудыратын ана тілде сөй­леу, тіл тазалығы мен тіл мәдениетін сақ­тау. Екіншіден, имандылық ишарасының ұйыт­қысы – ұлттық діннің дұрыс насихаты. Үшін­ші­ден, ұмытылып қалған салт-дәстүрі­мізді дұрыс жаңғырту, ұлттық ас-су, зергер­лік өнер, құсбегілік, атбегілік, ұлттық-тұр­мыс­тық дәстүрімізді үйрету, насихаттау. Төртін­ші­ден, діл, яғни ұлттық болмыс табиғаты сақталу қажет. Бесіншіден, Қазақ елінің ата-баба тарихының дұрыстығы мен бұрыстығын анықтап, айтылмаған, жазылмаған тарихтың ақтаңдақ беттерін ұрпаққа оқыту және білу.
Тағылымды тәрбиенің төрт тағаны: 1) Ата-анаға құрмет жасау арқылы – үлкенді сыйлау, отбасын сақтау. 2) Жақсының сөзін тың­дау, сұлулықты сезіну, өнерді сүю, көр­кем әдебиетті оқу. 3) Адал еңбек ету, білім мен ғылымға құштарлық, жаңалық жар­шы­сы бола білу. 4) Білдім демей, білгім келе­ді деумен өмір сүріп, әр уақытта дүние тылсы­мы мен құпиясын білуге құштар болу. 
Ұлттық рухтың үш қуат көзі: 1) Ұлттық ар-намыс әр уақытта ояу, жалынды жігерің шоқ болып тұрсын! 2) Ұлт жоқтаушысы бол, ұлттық тектілікті сақта! 3) Өркениет­ті­лік­тен қалмай, Қазақ елінің ұлттық бол­мысына қосар еңбегің зор, қағидатың анық, білімділігің биік болсын! 
Ал ендеше, ұлттық дүниетанымымыз­дан адаспай, өзімізден бастап, өзгелерге үлгі болар игілікті істің басында болайық, биік болайық! Ұлттық құндылықтар және жалпыадамзаттық гуманизм тұғырында Қазақ елінің жас ұрпағын тек ұлттық білім мен әлемдік мәдениет тұтастығында білім беріп, тағылымды тәрбиелей алсақ қана Ұлт тәуелсіздігі мәңгі болмақ! 
Айман ЗЕЙНУЛИНА,
С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі