Қазақстандық клубтардан Еуродода бәсекесін бірінші болып павлодарлық «Ертіс» бастап берді. Бірінші айналымда болгариялық «Дунав» командасын өз алаңында қабылдаған керекуліктер 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ойындағы жалғыз голдың авторы павлодарлық клубқа жаңадан ауысып келген молдовалық шабуылшы Игорь Бугаев болды. Қарымта кездесу 6 шілдеде Болгарияда өтеді.
Ал, «Қайрат» клуыбы өз алаңында «Атлантас» командасын қабылдап, қарсыластар қақпасына жауапсыз алты гол соқты. Алматының Орталық стадионында өткен ойынның 21-ші минутында Жерар Гоу есеп ашса, араға бес минут салып Андрей Аршавин пеналтиден гол соғып, есепті еселей түсті. 30-шы минутта алаңға шыққан Иво Иличевич, таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізді. Бірінші тайм аяқталар тұста Аршавин өзінің екінші голын салды. Екінші таймда Гоу мен Иличевич тағы бір-бір гол соғып, кездесуді қорытындылады. Жалпы есеп – 6:0. Айта кетейік, қарымта ойын 6 шілдеде Литвада өтеді.
Еуропа лигасына қатысып жатқан үшінші командамыз өкінішке қарай сырт алаңда жеңіліп қалды. Боснияның «Широкий Бриег» командасымен ойнаған шымкенттік «Ордабасы» клубы 2:0 есебімен қарсыластарына жол беріп қойды. Бірінші таймның 37-ші минутында қарсылас команданың футболшысы Иван Крстанович 11 метрлік айып соққысын сәтті орындаса, тайм аяқталар тұста шабуылшы дубль авторы атанды. «Ордабасы» мен «Широкий Бриег» арасындағы қарымта кездесу 6 шілде күні Алматының орталық стадионында өтеді.