Аймақтар • 30 Маусым, 2017

Оңтүстік Қазақстанда егін ору науқаны басталды

193 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысы республикамызда алғаш боп егін ору науқанын бастап кетті. Қазығұрт ауданындағы «Айқожа» өндірістік коооперативіне қарасты егістік алқабына комбайндар түсіп, бидайдың алғашқы өнімі қамбаға жөнелтілді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Оңтүстік Қазақстанда егін ору науқаны басталды

Егіс ору науқанының куәгері болған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аудан басшылығына алдағы жылдары арпа, бидай егіс көлемін арттырып, оны экспорттау мен тұқымдық сапасын жақсарту мәселесіне назар аударуды жүктеді.

«Өкінішке орай, облысымызда тұқымдық сорттардың зерттеліп, саралануы жоғары дәрежеде емес. Сондықтан шаруалар шамалары келгенше жергілікті сорттарды пайдаланып келеді. Осыған байланысты қазір егіс тұқымдарының сапасын реттеу үшін арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Себебі, егін егуде тұқымның сапалы болуы өте маңызды», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 218 мың гектар бидай егілген. Одан 401 мың тонна астық жиналады деген жоспар бар. Мәселен, бір ғана Қазығұрт ауданында 38 мың гектар алқапқа арпа-бидай егіліпті. Диқандар гектарына 25,4 центнерден өнім жинаймыз деп ниеттеніп отыр.

«Бүгінде біздің кооперативте жер көлемі 12700 гектарға жетіп отыр. Оның 6700 гектары тәлімді, 1000 гектары шабындық, қалғаны ауыспалы егіске жатады. Өткен жылы 1050 гектар бидай алқабынан 24 центнерден қамбаға 2520 тонна астық жинадық», – дейді «Айқожа» өндірістік коооперативі төрағасының орынбасары Саян Батырбаев.

Қазіргі таңда мұнда орақ науқанында 30-ға жуық адам еңбек етіп жатыр. Жұмысшылардың орташа жалақасы 60 мың теңгеден жоғары. Кооперативте егін ору науқанына техника толығымен жеткілікті. Жалпы биылдың өзінде қазығұрттық астық егумен айналысатын қожалықтар 32 дана жаңа техникамен жабдықталыпты.

Соңғы жаңалықтар

Тоғыз жыл күткен жеңіс

Спорт • Бүгін, 11:30

Көңілден шыққан көрікті жер

Табиғат • Бүгін, 11:20

Дәрігерлер шыңы

Алматы • Бүгін, 11:10

Тау туризмі дамып келеді

Туризм • Бүгін, 11:05

Дулати дүниетанымы

Руханият • Бүгін, 10:55