Білім • 30 Маусым, 2017

ҰБТ ережесін бұзғаны үшін 12 түлек тестілеуден шығарылды

143 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу ережесін бұзғаны үшін 12 түлек шығарылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҰБТ ережесін бұзғаны үшін 12 түлек тестілеуден шығарылды

«20-27 маусым аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматта өтті. ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген түлектердің саны 92 мыңнан астам болды. Ал нақты ҰБТ-ға қатысқан түлектердің саны 88 мыңнан астам. Түлектердің 73 пайыздан астамының тесті қазақ тілінде тапсырғаны қуанарлық жайт», - деді ол.

Орталық директорының айтуынша, республика бойынша ҰБТ 165 пункте өткізілді. Оларға еліміздің Білім және ғылым министрлігінің 1818 өкілі жіберілді. Оның 75 пайызын жоғары оқу орындарының профессор оқытушылары, ал 25 пайызын колледж мұғалімдері құрады.

«Ағымдағы жылы алғаш рет тест барысын онлайн көрсету жүзеге асырылды. Бұл қызмет барлық адамға Қазақстанның кез келген нүктесінде өтіп жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеу барысын қадағалауға мүмкіндік берді. Біздің пайымымызша, бұл қызмет бұзушылық деңгейін төмендетуге айтарлықтай септігін тигізді. ҰБТ-ны өткізу ережесін бұзғаны және ұялы телефон сынды тыйым салынған заттарды қолданғаны үшін тестілеуден 12 түлек шығарылды. Жалпы тестілеу барысында 84 мыңнан астам тыйым салынған заттар, оның ішінде 40 мыңнан астам электронды құрылғылар және 40 мыңнан астам қағаз түріндегі шпаргалкалар», – деді Р. Әлімқұлов.

Оның сөзіне қарағанда, ҰБТ өткізу орындарында құрамында негізінен 3300 пән мұғалімі бар аппеляциялық комиссия жұмыс істеген. Ал республикалық аппеляциялық комиссия құрамында 54 адам болды. Республикалық комиссияға мазмұны бойынша 199 тест тапсырмасы түсіп, оның 103 қанағаттандырылды.

«ҰБТ қорытындысы бойынша бес пәннен орташа балл 80,5 процент болды. Шекті деңгейді, яғни 50 балды 74517 түлек алды. Ал шекті деңгейден өте алмағандар 14 066 адам», – деді спикер.