Облыс орталығында қолжетімді медициналық қызмет көрсету сапасының төмендігін тұрғындар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалдамалар да айғақтаған. Былтыр науқастар үш ай бойы жеңілдікті дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмаған. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Владимир Безлер жағдайдың биыл да түйінді күйінде қалып отырғанын, оның басты себебі қаражат тапшлығына келіп тірелетінін мәлімдеді. Дәрілік заттарға қажет қаржы 2,5 миллиард теңгені құраса, республикалық қазынадан бөлінгені – 1,5 миллиард қана. Жергілікті бюджеттен 132 миллион теңге қарастырылған. Бүгінде осынша соманың жартысы игеріліп, 97430 адам препараттармен қамтамасыз етілген.
Облыстық мәслихаттың депутаты Юрий Белоногтың пікірінше, проблемаларды шешу үшін алдымен тиісті заңнамаларға өзгеріс енгізу қажет. Атап айтқанда, конкурстарды өткізудің нақты мерзімі белгіленуі керек. Әйтпесе, түрлі бюрократтық кедергілер мен қағазбастылық салдарынан процесс ұзақ уақытқа созылып кететін көрінеді.
Бюро мәжілісінде салалық дәрігерлердің жетіспейтіні, мектептердегі медициналық пункттер санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келмегендіктен, 25-іне лицензия берілмегені атап көрсетілді.
Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы.