01 Шілде, 2017

90 жастағы соғыс және полиция ардагері мерейтойында ән шырқады

329 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Ішкі істер министрлігінің Қостанай қаласындағы Оқу орталығында майдангер және ішкі істер органының ардагері, отставкадағы милиция майоры Данил Надырбаевтың 90 жасқа толуына орай құрмет көрсетті. Данил ақсақал зейнетте болса да, 90 жасына қарамастан Ішкі істер департаменті ардагерлер ұйымы жұмысына белсене қатысады.

  90 жастағы соғыс және  полиция ардагері  мерейтойында ән шырқады

Оқу орталығындағы тағлымы мол бір шара Данил ақсақалсыз өтпейді.  Оқу орталығының  бастығы, полиция подполковнигі Талғат Меңдібаев мерей жасына орай ардагердің  иығына шапан жауып,   домбыра сыйға тарттты.  Данил Айтмұханұлы сол жерде домбырамен «Дудар-ай» әнін айтып жіберді.

Ішкі істер органы ардагерін құттықтауға  замандастары, жас  тыңдаушылар, оқытушылар келді. Облыстық ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Алексей Лабазов мерейтой иесін құттықтап, оның милицияға сіңірген еңбегін айтты.

Данил Надырбаевты 1944 жылы Қызыл Армия қатарына шақырып, өрттен қорғау жүйесі бойынша НКВД әскеріне жібереді. Соғыс жылдары  ол мина артылған пойызды өрттен сақтап қалғаны үшін Сталиннің қолы қойылған  алғыс хат алады.

«Бізді атқылай бастады, аға кондуктордың аяғына оқ тиді, мен оның мәйітін орап қойдым, сол уақытта  соңғы вагон жана бастады. Пойыз құрамын тоқтатуға болмайды, қауіпсіздік үшін мен жанып бара жатқан вагонды ажыратып тастадым, ал ол   бос болатын» деп естелік айтты соғыс ардагері. Ардагер үшін  кеудесіндегі «За Победу над Германией в Великой отечественной войне» медалі қымбат  марапат болып есептеледі.

Данил Надырбаев соғыстан кейін партия, кеңес қызметінде болды. 1965 жылдан бастап, ішкі істер органдарының  кадр бөлімінің инспекторы болып келді, азаматтық қорғаныс, тағы басқа салаларында абыройлы қызметтер атқарды.

Нәзира Жәрімбетова

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ