Қазақстан • 04 Шілде, 2017

Мерекелік онкүндік межесі

162 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда төріндегі Елбасының кітапханасында Астана күніне орай ұйымдастырылған «Ашық есік күндері» мерекелік онкүндігі салтанатты түрде ашылды.

Мерекелік онкүндік межесі

Шараның ашылу рәсіміне Олимпиада чемпионы, Пар­ламент Мәжілісінің депу­таты Серік Сәпиев, Қазақ­станның еңбек сіңірген әр­тісі Майра Мұха­мед­қызы, Қазақ­станның Тұңғыш Пре­зиденті қорының лауреаты, белгілі балет би­шісі Дос­жан Табылды және мем­лекеттік ор­ган­дардың өкіл­дері, мәдениет пен спорт қайрат­керлері, елор­да­мыз­дың тұрғындары мен меймандары қатысты. 
Әйгілі опера әншiсi Майра Мұхамедқызы Ас­тананың ту­ған күні ерекше қуанышқа бө­лейтін мей­рамдарының бірі еке­нін атап көрсетті. «Астана бү­гінгі таңда бүкіл әлем көз тігіп отырған ғажайып қала­лардың қатарынан орын ал­ды. Біз осы елор­дамызбен бірге өсіп келе жат­қанымызға қуа­ныштымыз. Бұл қаладағы әрбір ғимараттың өзіндік сы­ры бар. Елордамыздың әрі қарай дамып, өркендеуіне ті­лек­теспін», деді М.Мұха­мед­­қызы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, онкүндік аясында көптеген бұқаралық, мә­дени-танымдық шаралар жоспар­ланған. «Кітапханаға келушілер үшін «Елбасы жә­не Астана» тақырыбында бі­ре­гей әрі кешенді көрме ұй­ым­­дастырылған. Онда көп­шіліктің назарына 60 басылым, 47 архив материал­дары, музей жинағынан 30 жәді­гер ұсынылады. Көрме негіз­гі        3 бө­­лімнен тұрады: Олар «Ас­тана­ның қалыптасуы», «Ас­­тананың қай­таланбас бей­несі» және «Ас­тана – әлем­дік үн­қатысу алаңы» деп аталады. 
Мерекелік онкүндік аясында өзіндік көзқарасы бар әуесқой фотосуретшілер де анық­талып, «Мәңгілік Ел» салтанат қақ­пасы – қазақстан­дықтардың көзімен» тақы­рыбындағы фо­то­байқаудың жеңімпаздары марапатталады. 
Сонымен қатар, білімін сынауға ниет білдіргендер үшін «iDos» гид-роботы зият­керлік викторина өткізіп, дұрыс жауап бергендерге сертификат табысталады. Бұдан бөлек 5 шілде күні кітапхана қабырғасында Кино күндері өтетінін айта кеткен жөн. Оның барысында «Елбасы жолы» киноэпопеясының фильмдері көрсетіледі. 
Онкүндік шілденің 1-нен 10-на дейін жалғасады. Оның аясында тақырыптық және шолу экскурсиялары өткізіледі.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»