Ұлттық спорт • 04 Шілде, 2017

Еламан Ерғалиев: Бейбіт Ыстыбаевтан асып түскім келеді

229 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

​​​​​​​Еламан Ерғалиев – бүгінде қазақ күресінің айтулы өкіліне айналды. 2011 жылы «Жас барыс», 2017 жылы «Әскер барысы» мен «Қазақстан барысы» турнирлерін ұтқан Еламанның ендігі мақсаты – «Әлем барысы» мен «Еуразия барысында» топ жару. Сондай-ақ, дзюдо күресінен Олимпиада шыңын бағындыруды көздейді. 2017 жылғы «Қазақстан барысының» жеңімпазы Еламаннан жеңісінің ыстық-суығы басылмай тұрып сұхбат алған болатынбыз.

Еламан Ерғалиев: Бейбіт Ыстыбаевтан асып түскім келеді

– Еламан, жеңіс құтты болсын! Әсерің қалай? «Барыс» атанғаның сезіліп жатыр ма?

– Құттықтауыңызға рахмет! Дәл қазіргі әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Өңім емес, түсім сияқты. Әлі сене алар емеспін. Бірақ, «Барыс» атанған күннің ертесіне күні бойы БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, ары-бері шапқылағаныма қарағанда «Қазақстан барысы» атанған сияқтымын (күліп).

– Бокстан Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов Олимпия ойындарынан кейін бір әріптесімізге берген сұхбатында «Журналистер сыйақымызды сұрайды да, денсаулығымызды сұрамайды» деп ренішін білдірген болатын. Мен сенің сыйақыңды емес, денсаулығыңды сұрайыншы?

– Әділбек ағамыздың сөзінің жаны бар. Осыған дейін де менен сұхбат алған әріптестеріңіздің көбі «сыйақыңды не істейсің?» деп сұрап жатыр. Сізден басқа ешкім денсаулығымды сұраған жоқ. Алдымен, сізге алғысымды білдіріп қояйын. Құдайға шүкір, денсаулығым бір қалыпты. Кешегі турнирде жарақатсыз, аман-есен белдесіп шықтым. Енді, ауылға, ата-анамның жанына барамын. Соған қуанып тұрмын.

– Оқырмандарға отбасың, өзің туралы толық айтып өтсең?

– Мен Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында 1995 жылы дүниеге келдім. Отбасым әлі күнге дейін Қармақшыда тұрады. Ал өзім қазіргі таңда Алматы қаласындағы Қазақ туризм және спорт академиясында оқимын. 4-сыныптан бастап күреспен айналыса бастадым. Қармақшы ауданында спортты бастағанда дзюдо мен қазақша күресті қатар алып жүрдім. Екі спорт түрінен кезек-кезек аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып тұратынмын. 10-сыныптан бастап Алматыға ауыстым. Оқуымды, дайындығымды сол жақта жалғастырып келемін. Қазір Әскерилердің орталық спорт клубының намысын қорғап жүрмін.

– Жалпы, әулетіңде, ата-тегіңде балуандар болған болар? Тұла бойыңдағы бұл күш кімнен дарыған?

– Тарихымызға көз жүгіртсек, ата-бабамыздың рухы мықты, әрқайсысы батыр, білекті болғанын білеміз. Меніңше, әр қазақтың баласы батыр, балуан болуға лайықты. Әулеттегі туыстарымнан балуандық қасиет дарыды деп айта алмаймын. Дегенмен, күрестегі ең алғашқы бапкерім әкемнің ағасы болды. Сол кісі мені күреске апарып, осы спортқа баулыды. Күрестің алғашқы әліппесін де үйретті. Ал «Қазақстан барысы» турниріне мені Дархан Алмаханов ағам баптады. Осы кісілердің арқасында осындай жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрмін.

– «Қазақстан барысындағы» сен жеңген бес балуанның қайсымен күресу қиынға соқты?

– Шынымды айтсам, ешкімді бөліп-жарғым келмейді. Қарсылас атанған балуандардың барлығы мықты болды. Барлығы «Барыс» атану мақсатында Астанаға жиналды. Бозкілемге мен де, олар да жеңемін деп шыққан болатын. Дегенмен, Мұхит Тұрсыновпен өткен белдесуімде аздап толқыныс болды. Қалай болар екен, ұта аламын ба екен деген үрей болғанын жасырмаймын. Өйткені, бұған дейін Мұхит ағамызбен екі рет кездесіп, екеуінде де ұтылып қалған болатынмын. Осы белдесудегі бар мақсатым  есемді қайтарып, Мұхит ағамды жеңу болды.

– Сенімен шыққан қарсыластарының бәрі белдесу кезінде жарақат алып қалды. Бұл да бір тәсіл ме, әлде кездейсоқтық па?

– Біз барлық балуанмен бозкілемде қарсылас болғанымызбен, кілем шетінде ағалы-інілі бауырлармыз. Қанша жерден қарсылас болсақ та, өкшелерін басып келе жатқан әріптес-ағаларыма ешқашан жамандық тілемеймін ғой. Сол сияқты ағаларымның жарақат алып қалуын белдесу кезіндегі кездейсоқтық деп қараған дұрыс шығыр.

– Биылғы турнирде кіл барыстарды жеңдің. Олардың күресу тәсіліне арнайы дайындалған да боларсың? Сен үшін кімнің бәсі биік болды?

– Финалдық бәсекеге қатысқан барлық балуанға бірдей дайындалдым. Себебі, әрқайсысы өз аймақтарының үздігі. Барлығы  «Барыс» атануға үміткер балуан болатын. Сондықтан, біреуіне дайындалып, екіншісіне дайындалған жоқпын деп айта алмаймын.

– 2011 жылы «Жас барыс» турнирін ұтқаныңды білеміз. «Қазақстан барысы» атанамын деген мақсат сол кезден басталған болар?

– Әрине, 2011 жылы «Жас барысты» ұтқан соң алдыма «Қазақстан барысын» ұтуды мақсат қылдым. Бұл турнирді ұту бүгінгі күні қазақ күресіндегі барлық балуанның арманы ғой. Осы ретте, қазақ күресінің осындай айтулы додасын ұйымдастырғаны үшін «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының төрағасы, федерация президенті Арман Шораев мырзаға үлкен алғысымды айтқым келеді. Сондай-ақ, ұйымдастырушыларға да алғысым шексіз. Ұлттық күресті ұлықтауға арналған жобаның ғұмыры ұзақ болсын деп тілеймін.  

– Финалдағы қарсыласың Ұлан Рысқұл кезінде Қызылорда облысының атынан турнирге қатысты. Сол кезде Ұланмен облыстық іріктеуде жолдарың түйісті ме?

– 2011 жылы «Жас барысты» ұтқан соң «Қазақстан барысында» бағымды сынап көргім келді. Бірақ, бапкерлерім әлі жассың деп ересектер арасындағы ірі додаға қатысуға рұқсат бермеді. Сөйтіп, былтыр ғана «Қазақстан барысына» қатысуға рұқсатын беріп, турнирдің іріктеуіне 2016 жылдан бастап қатыса бастадым. Ол кезде Ұлан ағамыз өзінің туған жері Алматы облысына ауысып кеткен еді. Облыстық іріктеуде ағамызбен бозкілемде белдескеніміз жоқ. Ал, турнирдің финалында тұңғыш рет жолығып, жеңіске жеттім.

– Биыл неліктен облыстық емес, әскерилер арасындағы іріктеуге қатыстың?

– Алматыдағы Әскерилердің орталық спорт клубында (ЦСКА) жұмыс істейтін болғандықтан, сол жердегі ағаларым «Әскер барысына» біздің клубтың атынан күрессең деп ұсыныс білдірді. Мен ЦСКА-да сарбаз емес, екі мезгіл жаттығу жасап, білім алып жүрген студент спортшы болғандықтан жарысқа қатысып, күшімді байқағым келді. Негізі, екі жақтың іріктеуі де оңай емес. Десе де, Қызылордада бірге дайындалып, күресіп жүрген қаншама достарым, бауырларым бар. Солармен ақылдасып, әртүрлі іріктеуден бағымызды сынап көруге келістік. Сөйтіп, мен «Әскер барысының» іріктеу кезеңіне қатыстым. Олар Қызылордада облыстық іріктеуге қатысты.

– Жоғарыда дзюдо мен қазақ күресін қатар алып жүрдім деп қалды ғой. Өзіңе қай спорт түрі қолайлы?

– Екі күрестің де өзіне тән ерекшеліктері бар ғой. Дегенмен, қазақ күресі жақындау. Себебі, дзюдоға қарағанда қазақ күресінен жоғары нәтижеге қол жеткізіп жатырмын.

– Қазақ күресі жақсы ғой. Дегенмен, соңғы уақытта дзюдода ауыр салмақтағы қазақ жігіттері осалдық танытып жүр. Болашақта дзюдомен шындап айналысып, неге биікке шықпасқа?

– Иә, бұйырса дзюдодан үлкен нәтижелерге жетуге мүмкіндік бар. Қазір ұлттық құраманың ауыр салмақтағы мүшесімін. Менің салмағымда бірінші нөмірлі Ержан Шынкеев ағамыз бар. Бұрынғыға қарағанда, дзюдода қазір мүмкіндіктер көп. Қазақ балуандары  шетелдің балуандарымен теңдей күресуге толық әлеуеті бар.

– Келесі жылы да «Қазақстан барысына» қатысатын шығарсың. Бейбіт Ыстыбаевтің рекордын жаңартқың келмей ме?

–  Бұйырса, келесі жылы іріктеусіз қатысамын. Мақсатым – Бейбіт ағамның рекордын жаңарту. Адамның істегенін басқалар да қайталай алады ғой. Сол мақсатқа жету үшін ертең-ақ жаттығуға кірісуге дайынмын.

– Алдағы жоспарлар қандай болмақ?

– Алда дзюдодан әлем чемпионаты, Азия біріншілігі бар. Сонымен қатар, Олимпиадаға лицензия беретін «Grand Slam», Гран-при турнирлері де күтіп тұр. Құдай қаласа, «Қазақстан барысымен» тоқтап қалмаймын, басты мақсаттарымның бірі – Олимпиаданы ұту. Арманым да  Олимпиада шыңын бағындырып, көк туымызды биікте желбірету. Асқақ арман жолында аянып қалмай, барлық күшімді, мол мүмкіндігімді пайдалануға тырысамын. Әлі де өзімнің кемшіліктеріммен жұмыс істеймін, үздіксіз жаттығуым керек.

 

Әңгімелескен Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»