Әдебиет • 04 Шілде, 2017

«Абай ілімі және рухани жаңғыру» халықаралық конференциясы өтті

553 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Ғылым ордасы Орталық ғылыми кітапханасының мәжіліс залында Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған және ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру бойынша жұмыс жоспарына сәйкес «Абай ілімі және рухани жаңғыру» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

«Абай ілімі және рухани жаңғыру» халықаралық конференциясы өтті

Аталған іс-шараға отандық және шетелдік белгілі абайтанушылар, ғылыми-зерттеу институттарының мамандары мен ЖОО оқытушы-профессорлары, кітапхана, мұражай қызметкерлері, журналистер, т.б. қатысты. Сондай-ақ конференцияға арнайы шақырылған қонақтар қатарында Абайдың ұрпағы мен туыстары Кәсира Исрайылқызы (Абайдың шөбересі, Ақылбайдың немересі) жұбайымен, Еркежан Қизатоллақызы (Тәңірберген (Тәкежан) Құнанбайұлының ұрпағы), Нұргүл Әлішерқызы (Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаевтың ұрпағы) болды.

Конференцияны Институт директоры, ҚР ҰҒА академигі У.Қ.Қалижанов кіріспе сөзбен ашты. Ұлы ақынның шығармашылығын түбегейлі зерттеп жүрген белгілі абайтанушы-ғалым, филол.ғ.д., проф. М.Мырзахметұлы – «Абайдың «Толық  адам»  концепциясы және рухани  жаңғыру», А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филол.ғ.д., профессор Е.З.Қажыбек «Абай мұрасы және ұлттық жаңғыру», ҚР ҰҒА академигі Х.М.Әбжанов – «Қазіргі тарих ғылымы және рухани жаңғыру», э.ғ.д., профессор О.Сәбден – «Абай ой-өркениетінің еліміздің рухани жаңғыруындағы үлесі», әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филол.ғ.д., проф. Ж.Дәдебаев – «Абайтану ғылымының дербес ғылыми-ақпараттық базасы», М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филол.ғ.д., профессор А.С.Ісімақова – «Алаш абайтануы», М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, филол.ғ.к., проф. С.С.Қорабай – «Абайтану жаңа ғасырда», І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің доценті, филол.ғ.к. С.Қожағұлов – «Абай танымындағы кемел ой, кәміл сенім», Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ғылыми қызметкері Г.Кашаку – «Абай тақырыбы Қазақстан суретшілерінің туындыларында», М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, филол,ғ.к. А.Қ.Машақова – «Абай шығармаларының шетелдік рецепциясы» деген тақырыптарда баяндамалар жасады. Өзбекстан Республикасындағы Халықаралық Туран академиясының академигі Қ.Сейданов «Абай және өзбек әдебиеті» атты тақырыпта баяндамасымен сөз сөйледі.

Аталған мәселелер бойынша баяндамаларды талқылау нәтижесінде конференцияға қатысушылар қорытынды жасап, нақты ұсыныстарды анықтап, қарар (резолюция) қабылдады.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ