Медицина • 05 Шілде, 2017

18 миллионыншы қазақ Талдықорғанға келе жатыр

131 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы облысы, Талдықорған қаласында Қазақстанның 18 миллионыншы азаматы өмірге келді. Дәл бүгін емес, осыдан екі айға жуық уақыт бұрын – мамыр айының 11-ші жұлдызында. Өмірге адам келгенде туған топырағы бір бүлк етеді деседі ғой. Ал, 18 миллионыншы қазақ туғанда Талдықорған топырағы ерекше толқыныспен бүлкілдегенін көп ешкім білмей де қалған шығар. Бұл сәби қазр жол үстінде. Талдықорғанға келе жатыр.

18 миллионыншы қазақ Талдықорғанға келе жатыр

Ата-анасымен хабарласқанымызда осы сүйіншілі хабарды жаңа естіп, қуаныштан естері шығып отырған сәті екен.

- Алғашында сене алмадық, – дейді. – Талдықорған қалалық әкімдігінің өкілдері хабарласып құттықтағанда түсінбей қалдық.

Адамда бір көңіл-күй болады. Туған күнде, ерекше мерекеде, осындай қуаныштарда. Қоңырау шалсаң, толқып тұрғанын аңғару аса қиындық туғызбайды. Құттықтамай жатып-ақ рахмет айтып қоятын жайттар жиі ұшырайды. Диана дәл сол көңіл-күйде жол үстінде келе жатыр екен. Ақсу ауданы, Суықсай ауылынан – Талдықорғанға. Көлікте алты адам бар екен. Дианадан бөлек Муслиманың әжесі, әкесі Самат, қайын әпкесі, бірінші ұл Сұлтан бар. Алабұртып, алып-ұшып келе жатқандары аңғарылады. Тұтқаның ар жағынан телефон қоңыраулары, басқа да құттықтау қабылданып жатқандарын естіледі.

Таныс болыңыздар! 18 миллионыншы тұрғынның аты-жөні Муслима Саматқызы. Кейін Муслима жайлы мәлімет іздегенде «Педагогтар отбасында өмірге келген» деген дерекке жолығарыңыз сөзсіз. 3 келі, 300 грамм болып туған. Отбасындағы екінші перзент есептеледі. Есептеледі дейтініміз, қазақ салты бойынша тұңғыш бала – ата-әжеге табиғи. Енді міне, өздерінің жеке меншік қыздарын өмірге әкелген жас отбасы – күтпеген қуанышқа кенеліп отыр. Қуаныш иелері Самат Бестібаев – 1982 жылы туған; Диана Омарханова – 1991 жылғы жастар. Муслиманың ағасының есімі – Сұлтан.

 – Муслима 18 миллионыншы қазақ екенін білмей тұрғанда да сіздердің қатты қуанғандарыңыз сөзсіз. Перзент үшін неге де болса дайын екендеріңізді де білеміз. Дегенмен, айтыңызшы, қызыңыз үшін, өзіңіз үшін не қалар едіңіз? – деп сұрадық.

- Пәтер...

- Пәтер жалдап тұрушы ма едіңіздер?

 - Иә. Ұл-қыздарымыз өз үйінен балабақшаға, мектепке барып жүріп ер жетсе деп жиі армандаймыз.

- Муслиманың атын кім қойды?

- Әкесі өзі қойды.

- Неге Муслима?

- Жолдасым соңғы кездері дін жолына мойынсұнып, намазға жығылсам ба деп ниеттеніп жүр. Намазды да соқыр сеніммен емес, үлкен біліммен, таныммен оқыған дұрыс қой деп ойлаймын. Сондықтан, осы мағынасы – «Құдайдың сүйікті құлы», «Мұсылман қызы» деген мағынаны беретін атты таңдады.

- 18 миллионыншы Қазақстан азаматын өмірге әкелген ана ретінде сізге не айтсаңыз да жарасады..

- Аллаға тәубе айтамыз алдымен. Бұл расында Алланың берген үлкен сыйы біз үшін. Елге, ағайын-туысқа рахмет. Құттықтап, қуанышымызға ортақтасып жатыр... Әкімшілік ауылға арнайы көлік жіберді. Бұл бізге ғана емес, Муслимаға ғана емес, келешек ұрпаққа көрсеткен құрмет деп білеміз. Ауызға рахметтен, тәубеден басқа сөз түспейді екен... Қазақтың саны көбейе берсін! Ұл-қыздарымыз бақытты елде-өсіп өнсе екен. Соны тілеймін Алладан!

Айтпақшы, 18 миллионыншы қазақтың өмірге келуі де оңай болмаған. Диананың айтуынша, бірінші ұлды өмірге әкелгенде қиналмапты. Табиғи жолмен босанған. Ал, екінші Муслима қыз ота арқылы өмірге келген. Әдетте, бірінші сәби табиғи жолмен туған жағдайда, одан кейінгі сәбилерді босануда анасы көп қиналмайды дейтін. «Бәлкім, Муслима қыз өзінің таңдаулы екенін біліп, аздап еркелеген шығар», дейді анасы.

Тіл-көзден сақтасын дедік біз! Құрметтейік. Сүйінші сұрайық! Бұл – біздің қазақтың өсіп-өнуіне немқұрайлы қарамайтынымызды дәлелдейді. Қала берді, жастарды ана болуға, әке болуға талпындырады.

Жол үсті болғасын көп сөйлесудің сәті түспеді. Көп сұрағымызды қойып үлгермедік. Ақыры, байланыс үзілді. Құшағыңды аш, қазақ, ортаңа 18 миллионыншы қазақ – Муслима келе жатыр!..

Алмас Нүсіп,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы