
Бюджеттің басты доноры
Жылдар мен жылдар арасындағы деректерге жүгінсек, соңғы үш жыл бойына Астана ел өңірлері арасында ішкі жалпы өнім өсімінің ең жоғары көрсеткішіне ие болған екен. Мәселен, 2015 жылы қала экономикасы ІЖӨ-нің 5 пайыздық өсіміне қол жеткізіп, жалпы экономиканың өсіміне шаққанда 40 пайыздық межеден көрінген. Бұл отандық экономикадағы кіріс көзінің қомақты бөлігін құрайтын өсім. Яғни, Астана қаласының 2015 жылғы экономикалық кірісі 900 млрд теңгеден асып, республикалық бюджеттің басты доноры ретінде ба-
ғаланды.
Одан бергіде, 2016 жылы қала әкімі Әсет Исекешов «Алғаш рет Астана қаласының мемлекеттік бюджеті триллион теңгеден асты» деп мәлімдеген еді. Осы 2016 жылы қала бюджетіне 431 млрд 668,5 млн теңге түсіп, бюджет жоспары 7 млрд 489,4 млн теңгеге артығымен орындалған екен. Ал, биылғы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында ғана қала бюджетінің кіріс бөлігі 113,9 пайызға орындалды.
Айтпақшы, Астана – ел экономикасына шетелден тартылған инвестициялар ағымының көлемі жөнінен де көшбасшы. Жалпы, елорда құрылысы басталғалы бері салынған инвестиция көлемі 6 трлн теңгеден асып жығылады. Сондай-ақ, Астананың экономикалық қуатының артуына шағын және орта бизнес дамуының жоғары деңгейде жолға қойылуы үлес қосып келеді. Мысалы, қала қоржынына құйылатын қаражаттың 75 пайызы осы саланың төлеген салығынан құралады екен. Мұның сыртында, қалада тіркелген тұрғындардың жартысына жуығы шағын және орта бизнес саласында еңбек етеді.
Бастамалар көшбасшысы
Әлем экономикасының қаржы дағдарысына жиі ұшырауы дамыған елдердің өзін әуре-сарсаңға салғаны анық. Бұл дүние жүзіне дамудың жаңа формасын іздеп тауып, көзқарастар мен өлшемдерді өзгерту қажеттігін туғызды. Осы тұста Қазақстан
тарапы жаһан жұртын елең еткізетін елгезек бастамалар көтерді. Дағдарыстан дамуға жетелейтін идеялардың туындап, жүзеге асуына ықпал етуші күшке айналдық. Оның мысалын Астана төрінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және тікелей қатысуымен өткізіліп келе жатқан экономикалық форумдардан іздеп көрсек жеткілікті.
Биыл оныншы рет өткен Астана экономикалық форумы жаһандық экономикалық міндеттерді талқылап, шешім қабылдайтын Еуразиядағы тұңғыш үнқатысу алаңына айналды. Бұл форумның мақсаты әлемдік сарапшылар қауымдастығын жаһандық экономиканың ең өзекті деген мәселелері бойынша нақты шешім шығаруға жұмылдыру болып табылады. Әр жылғы форумдарда ірі шарттар мен келісімдерге қол қойылды.
«Астанада өткен экономикалық форум адамзатқа не берді?» – деген заңды сұрақ туады. Мысалы, жақында өткен Астана экономикалық форумына әлемдік деңгейдегі саясаткерлер, Fortune Global – 500 тізіміне кіретін компаниялардың басшылары мен Нобель сыйлығының лауреаттарынан тұратын 3000-нан астам делегат қатысты. Осы форумда дүние жүзі экономикасын сауықтыру мен одан әрі дамытудың жолдары туралы G-8 және G-20 елдеріне арналған хат дайындалды. Сондай-ақ, Халықаралық валюта қорына, Дүниежүзілік банкке, БҰҰ және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына форумның күн тәртібінде талқыланған мәселелер бойынша қабылданған ұсыныстар жолданды. Әлемді оң бағытқа қарай өзгертуге жасалған қадам жаһанды қауымдастық тарапынан қолдау табатын болады.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»