Аймақтар • 06 Шілде, 2017

Елордаға қарап бой түзейміз

160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біздің ұжым үшін де Астана күні ерекше маңызды мереке саналады. Көз алдымызда күн санап жайнап, жасарып келе жатқан елорданың орны бөлек.

Елордаға қарап бой түзейміз

Осындайда Целиноград қаласы бауырында өткен студенттік алаңсыз шақтар еске түседі. Ел аузында «үлкен село» атанып кеткен қаланың орнында жасампаздылық пен қуаттылықтың символына, рухани құндылықтар бесігіне айналған алып жоба іске қосылады деу өңіміз түгіл түсімізге енбеген. Ғажайып қиялда ғана елестете алатынбыз.

Тарих үшін қас-қағым саналатын уақыт ішінде тəуелсіз Отанымыздың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алыс-жақынды болжай білетін көреген саясаты арқасында күллі елімізді барша әлемге танытқан алып шахардың Сарыарқа кіндігінде орнауы екінің бірінің қолынан келмейтін ұлылық дер едім. Республика тұрғындарына теңдессіз сыйлық, қуаныш сыйлаған тәуекелділік, жанкештілік қадам ел жаңаруына жол салып, келешекке деген зор үмітті оятты.

Қоныс аудару туралы шешім қабылданған кезде халқы 290 мыңдай болса, экономикалық, саяси даму жайын айтпай-ақ қояйық, былтыр миллионшы тұрғынмен толығуының өзі демографиялық мәселенің де қисынды шешілгенін айғақтаса керек. Ірі ғылыми, мәдени, іскерлік орталық ретінде де, елде тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту тұрғысынан да зор маңызға, орасан әлеуеттерге ие. Әлемдік ауқымдағы саммиттер мен форумдардың басын тоғыстырып, ең озық отыз елдің сапына қосылуға әркез ұмтылдырып келеді. Енді 2050 жылға таман әлемнің ең үздік қалаларының ондығына енгізу міндеті қойылып, жан-жақты өркендеуінің қарышты қадамдары белгіленді Елбасының 2005 жылы жарық көрген «Евразия жүрегінде» кітабынан «...Ерке Есілдің жағасында бой көтерген, ерекше сәулеттік ландшафты бар, бірегей мүсіндік нышандары сап түзеген, жоғары технологиялы болашаққа ұмтылған, өзгені сыйлап, өзінің жаңа астанасы мен өз елін шексіз мақтаныш тұтатын көп ұлтты және көпдінді әсем де мейірлі астанамыз, міне осындай қала» деген үзіндіні келтіре отырып, «жоғары технологиялы болашаққа ұмтылған» деген тіркестің мән-мағынасына тоқталғым келіп отыр.

Бүгінде қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін ерекше құштарлықпен тамашалауда. Оған 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымның қатысуы беделіміздің қаншалықты дәрежеде екенін айғақтаса керек. Біздің шаруашылық жұмысшылары мен мектеп оқушылары көрме аясында тегін саяхат жасап, қызықтап қайтты. Алған әсерлері таусылар емес. «Болашақтың энергиясын басты діңгек, негізгі өзек еткен ЭКСПО жахандық кеңістіктегі биік белестеріміздің бірі екені даусыз.

«Астананың өркендеуі–еліміздің өркендеуі» қағидаты жергілікті жерлерде де жаңашыл идеялармен толыға түсуде. Елордаға қарап ой да, бой да түзеуге деген мақтаныш сезімі,әсіресе, жастарымызға тән қасиет екені қуантады. Астана күніне жоғары жетістіктермен келі–біздің ұжым үшін қалыптасқан дәстүр. Асыл тұқымды шаруашылық мәртебесіне иеміз. Қазір 600 бас абердин-ангус сиыры өсіріледі. Жыл басынана бері 300-ге жуық ірі қара малы сатылды. Сұраныстың көптігі ескеріліп, аналық бас санын 400-ге дейін көбейтуді межелеп отырмыз. Мемлекеттен жыл сайын 35 миллион теңге мөлшерінде субсидия беріледі. Барша қазақстандықтарды Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Еркебұлан МӘМБЕТОВ,

«Мәмбетов және К» командиттік серіктестігінің бас директоры,

облыстық мәслихаттың депутаты,

«Құрмет» орденінің иегері.

 Солтүстік Қазақстан облысы,

Мамлют ауданы.