Аймақтар • 07 Шілде, 2017

Ақтауда жаңа қаланың жобасы таныстырылды

334 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Градо» фирмасы Ақтау қаласының жаңа бөлігін салу жобасымен таныстырды. Фирма директоры Е.Маматовтың айтуынша, Ақтау қаласы Ақшұқыр бағытына қарай үлкейетін болады. Сондай-ақ, жобаға негізінен инвесторлар қаражаты тартылмақ.

Ақтауда жаңа қаланың жобасы таныстырылды

Жергілікті әкімдік Ақтаудың солтүстік-батыс бағытынан 820 гектар жер бөлуді жоспарлап отыр. Мұнда 2 млн шаршы метрден астам жерге әкімшілік және тұрғын үй құрылыстары, спорт және мәдени-көңіл көтеру орындары мен өзге де нысандар салынады деп күтіледі. Алдын ала болжам бойынша, 2 887 шаршы метр жерге қоғамдық және әкімшілік нысандар салынбақ.

Ақтау қаласы бұған дейін шағынаудандарға бөлінген болса, осы дәстүр жаңа қалада да сақталмақ. Теңіз жағалауында демалыс аймағын салу, демалыс үйлерін, қонақүйлер мен SPA-орталықтар, сондай-ақ жаңа шағынаудандарда жылу орталығын, екі су тұшыту зауытын салу жоспарлануда.

Инженерлік инфрақұрылымға, жол салуға ақша бөлінсе, инвесторлар құрылыс жұмыстарын бастай бермек.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы