Аймақтар • 07 Шілде, 2017

Таразда талапкер суретшілер байқауы өтті

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорданың ерекше келбеті кімді де болсын таңдандырмай қоймайды. Арқа төсінен орын тепкен айбарлы Астана бүгінде алты Алаштың ғана емес, алты құрлықтың да көзайымына айналып отыр. Елімізде Астана туралы талай ән мен жыр дүниеге келді. Сондай-ақ, көркемөнердің де негізгі арқауына айналған бас қала халқымыздың берік іргесі, мызғымас ордасы ретінде де әлемге танылды.

Таразда талапкер суретшілер байқауы өтті

Астана күні – көпшіліктің асыға күтетін айтулы мерекесі. Тәуелсіздіктің шынайы айшығы ретінде белгілі Елорданың еңселі кейпі, биік тұғыры әрдайым ұлттың асқақ рухын еске салып тұрады. Әркім-ақ Астана туралы мақтанышпен ой толғап, сыр бөліседі.

Астана күніне орай Тараз қаласындағы «Балауса» аула клубында «Астана – балалар көзімен!» атты байқау ұйымдастырылған болатын. Байқауға «Ботақан», «Арай», «Балауса», «Жас балғын» аула клубтарының жасөспірімдері мен аула клуб жетекшілерінен құралған барлығы отызға жуық адам қатысты.

Бұл күні жасөспірімдер Астана туралы ойларын қағаз бетінде өрнектеп, сурет салды. Әрқайсысы Елордамыз жайлы ойын білдіріп, Астананың негізгі айшықтарын сурет түрінде бедерледі. Мәселен, бас шаһарда орналасқан Бәйтерек, Хан Шатыр, Керуен орталықтары да балалар қиялына қанат бітіріп, оларды ерекше бір күйге бөледі. Әсіресе, талапкер жастар қазіргі кезеңде Астана қаласында өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО – 2017 мамандандырылған көрмесін де бейнеледі.

Шығармашылыққа бағыт алған балалардың ойы мен қиялынан туған Астана суреттері көпшілікке таныстырылып, лайықты бағаларын алды. Астана – бүгінде еліміздегі ғана емес, әлемдегі де ірі мәдени-рухани келісімнің ордасы ретінде қалыптасты. Балалар өз шығармаларында Елордамыздың осы бір ерекшелігін де ескеріп, өз туындыларына арқау етті. Қазақтың бойында қалыптасқан игі қасиеттерді Астана болмысымен ұштастыра отырып салған суреттері көпшілікке жақсы әсер қалдырды.

Астана күніне орай Тараз қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы орталық саябақта «Ән-жырым саған, Астана!» атты фестиваль өтіп, фестиваль аясында байқау қорытындысы жарияланды. Нәтижесінде бірінші орынды «Жас балғын», екінші орынды «Балауса», ал жүлделі үшінші орынды «Арай» аула клубтары иеленді. Жас суретшілерге қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай сәттілік тілеп, сый-сияпат көрсетті. Өңір өнерпаздары әннен шашу шашып, Әулиеата аспанын әсем күйге бөледі.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы