Аймақтар • 07 Шілде, 2017

Астанада бірінші урбанистік форум өтті

288 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада «Қала ДНК-сі: Қоғамдастық. Бизнес. Билік» атты бірінші урбанистік форум өтті.

Астанада бірінші урбанистік форум өтті

«Бүгінде елордамыз Қазақстандағы саяси, мәдени және іскер қалалардың бірі. Әлем бойынша да жас, тез дамып келе жатқан астаналардың қатарында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қазір Астананы табысты, жаһандық қалаға айналдыру бойынша жұмыс жасап келеміз», - деді форумды ашқан қала басшысы. Сонымен қатар ол қалада сүрілетін ескі үйлердің орнына не салынатынын айтты.

 «Біз ескі үйлерді сүре бастадық және қалалықтардан сол орындардан не көргілері келетіндігін сұраған едік. Әдетте ол жерлерге жаңа үй салынатын. Қаланың ескі бөлігінің тұрғындары шағын саябақ, шағын гүлбақтары, балалар алаңдары мен спорттық құрылғылардың болғанын қалайды екен. Біз аталған барлық қажеттіліктерді топтастыратын қоғамдық кеңістіктер құра бастадық», - деді Әсет Исекешев.

Оның айтуынша, биыл сүрілген ескі үйлердің орнына 19 саябақ құрылысы басталады. Оның онының құрылысы осы жылы аяқталмақ.

Əсет Исекешев Сейфуллин көшесінің бас бағындағы мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған үйлердің ауласына спорттық балалар алаңы салынғанын атап өтті. «Ақбұлақ өзенінің бойында үлкен шұңқыр болған еді. Ағымдағы жылы біз оны жауып, әп-әдемі саябақ жасадық. Тұрғындар риза», - дей келе елорда әкімі басқа да мəселелерге тоқталды. 

«Қазіргі уақытта министрлікпен үлкен пікірталасымыз жүріп жатыр. Біз кейбір заттарды тоқтату қажет немесе жаңа шешім табу керек деп санаймыз. Мәселен, лифтілерге қатысты бұрындары қатаң реттеу бар болатын. Ал қазір мүлдем реттелмейді. Бізде 50 компания жұмыс істейді, оның шағын бөлігі, мүмкін 10-15 қажетті құзірет пен мамандарға ие. Ал қалғандарында олар толық емес. Біз оларды шектей де, тексере де алмаймыз», - деді қала басшысы.

Елорда әкімі лифт компанияларын ПИК-тер таңдайтындығын, ал ПИК-терде сол үйдің тұрғындары таңдап алатындығын айтты. «Қазіргі уақытта бұл мәселеге мемлекеттік еш қатысы жоқ. Тұрғындар ПИК-ті, лифті компанияларын таңдап алады. Жақсы тәжірибесі жоқ компанияларымен проблема бар. Яғни олардың қызметтері тұрғындардың көңілінен шықпайды», - деді ол.

Форум барысында Əсет Исекешев 34 əлеуметтік стандарт əзірленгенін айтты. «Өмір сапасы жайында айтар болсақ, біз 34 әлеуметтік стандарт әзірледік. Олар қадамдық қолжетімділік ұстанымы бойынша анықталған. Бұлар саябақтар, спорттық алаңдар, емханалар, учаскелік полиция бекеттері, дүкендер мен балабақшалар. Біз 129 сектордан тұратын, 10 мыңға дейін адамды қамтитын бағдарлама әзірледік. Олардың барлығы да аталған стандарттармен қамтылуы тиіс», - деді ол. 

Сонымен қатар елорда əкімі биыл Астанада он мың бейнекамера орнатылатынын айтты. 

«Осы жылдың соңына дейін 10 мың бейнекамера орнатылатын болады. Әзірше олардың саны ең маңызды орындарда 3 мыңды құрайды. Мұнан бөлек 109 қызметі жұмыс істеп тұр. Тұрғындарды алаңдатқан барлық ақпараттарды жинақтап отырамыз. 5 айдың ішінде 300 мың хабарлама мен қоңырау келіп түсті. Біз оларды күн сайын қараймыз және қаланың қай ауданында тұрғындарды не алаңдататындығын білеміз. Мәселен, 5 процентін сумен қамтудағы іркілестер, 10 процентін қоғамдық көліктегі жағдайлар алаңдатады. Біз бұл мәселелерді тез арада шешуге көмектесеміз», - деді Астана əкімі.

Сонымен қатар қала басшысы елордада салынып жатқан ботаникалық бақ құрылысы жайында айтты. «Ботаникалық бақ жобасы осы жылдың қыркүйек айында аяқталатын болады. Бүгінде негізінен жеке инвесторлардың есебінен жүзеге асырылып жатыр. Аумағы 92 гектар. Ішінде 12 шақырым велесипод жолы, 13 шақырым жүгіру жолағы және көптеген спорттық нысандар мен балалар алаңы болады», - деді ол.