10 Шілде, 2017

Жәнібек пен Жарқын

308 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Әнші мен күйшінің шығармашылық достығы хақында

Жәнібек пен Жарқын

Белгілі күйші, өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім бүгінде жетпіс жастың белесіне көтеріліп отыр. Соған орай редакция алқасы оны осы айтулы мерейтойымен құттықтай отырып, оқырман назарына замандас екі азаматтың өмір мен өнердегі достығы туралы мақаланы ұсынады.
Көзіқарақты оқырман белгілі күйші, өнер зерттеушісі, жазушы Жарқын Шәкәрімнің есімін жақсы білсе керек. Солай дей тұрғанмен, оның  сонау жетпісінші жылдардың ортасында Мәскеуден Әміредей әншінің дауысын тауып елге әкелгенін, одан беріде ол туралы қазақша, орысша бес-алты кітап шығарғанын, Мәдидің суретін тауып, баспасөз бетінде алғаш жариялатқанын, сахнаға үш шекті домбыраны алғаш болып алып шыққанын, қазіргі Ықылас атындағы республикалық халық музыка музейінің бастауында болғанын, «Сазген» ансамблін ұйымдастырғанын, қазақ теледидарында отыз жылдай еңбек етіп, өнер тақырыбына арналған көптеген айшықты хабарлар жүргізгенін айта  кетпесек болмас. 

Міне, өмірін өнерге арнаған осындай азаматтың еңбегі ескерусіз қалып отырған жоқ. Соның айғағындай, ол жасы елуге толып жатқан шақ­та Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері, ал алпыс жылдығында тәуелсіз мемлекетіміздің «Құрмет» орденімен марапатталған еді. Астанада ЭКСПО көрмесі өткелі жатқан шақта оның әйгілі әнші туралы әсем безендірілген кітабы «Амре в Париже» деген атпен орыс тілінде шығарылуы да көп нәрсені аңғартса керек. Өйткені, 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне қатысқан Әміре кең тынысты үнімен әлем жұртшылығына кеңінен таныл­ған болатын. Енді дәстүрлі көрменің Астанадағы салтанатты түрде ашылу кезеңінде оның есімін сол көрме қонақтары мен республика жұртшылығының есіне қайыра салып жатқан Жарқын мырзаға қайтіп сүйсінбессің! 

Тегінде Жәкең өнерге де, достыққа да адал азамат. Бірде айтулы әнші-сазгер, қарымды қаламгер Жәнібек Кәрменов туралы деректі кітабымызға материал жинастыру мақсатында онымен тілдескенде ағынан жарыла отырып сыр шерткен. Бірі әнші, бірі күйші екі азаматтың өмір жолы сонау жылдарда бірнеше мәрте түйіскен екен. Ендеше, соны балаша тебіреніп, толқи отырып баяндаған оның әңгімесіне құлақ түрелік...

– Жәнібекпен мен 1967 жылы таныстым деп бастады, – ол әңгімесін. – Ол кезде мен Қарағандыдағы музыка училищесінде оқитынмын. Осы жылы сондағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық драма театрының жанындағы актерлік студияны аталған училищеде оқи жүріп бітіріп алған едім. Жазғы демалыста театрдың өнер труппасымен гастрольдік сапарға шығатынымыз бар. Бірде еңбек сіңірген әртіс Әнуар Шаймерденовтің жетекшілігімен Қар­қаралы жағына гастрольдік сапарға бара қалдық. 

Содан бір ауылға тоқтап, шаруа­шылық кеңсесіне атбасын тірегені­міз­д­е, екінші бір шағындау автобус та сол жерге келіп тоқтады. Одан түсіп бірден кеңсеге қарай беттеген жасы егделеу адамды танып тұр­мыз. Ол – әйгілі әнші Жүсіпбек Еле­беков. Жетекшіміз үлкен кісіге жаға­лас­қандай болмайын деді ме, орнынан қозғала қоймады. Сол сәтте Амангелді аға: «Автобуста отырған ана бала Жүсе­кеңнің аты шыға бастаған шәкірті Жәнібек болуы керек, барып таныс­саңшы», деді маған. Мен автобустан шығар-шықпастан «Жәнібек» деп дауыстадым. Әдемі жүзді сары бала маған қарап ыржиып күлді. «Мен де семейлікпін, Аягөзденмін», дедім онымен танысып жатып. Содан оны өзіміздің автобусымызға ертіп келдім.

Сары баланың жүзінен балалықтың табы әлі кете қоймағанмен, сөзі орнықты, өзі тым байсалды екен. Сол кезде біреу «Жәнібек, бір ән айтып берсең қайтеді?» дегені. Бозбала жігіт бұлданып, бәлсінбей «Татьянаның әнін» шырқай жөнелді. Мөп-мөлдір бала дауыс баршамызды баурап алды. Әр­қайсымыз іштей «Жүсекеңнің жанына ерткен шәкірті осындай болса керек» дескен шығармыз, сірә! Сонан соң екеуміз мекен-жай алмастық. Бұдан кейін біз басқа ауылға қарай жүріп кеттік. Сол кезде менің жасым жиырмада болса, ол небәрі он сегізде ғана екен ғой!

 Музыка училищесін бітірген Жарқын содан көп ұзамай Алматыға келіп, консерваторияға оқуға түседі. Келесі жазға қарай бір күні мұны Жә­нібек «сені Жүсекеңдер тосып отыр» деп «Қазақконцертке» жібереді. Бұл айтылған уақытта барса, шындығында онда мұны аталған мекеменің басшысы Асылғазы Бекбаев пен Жүсіпбек Елебеков тосып отыр екен. Жүсекең бұдан бірден күй тартуын өтінеді. Оған Жүсекең риза болады. Солайша қазіргі тілмен айтқанда «кастинг» ойдағыдай өтіп, атақты әнші Жарқынды қарамағына алады. Сөйтіп, бұл оқуын оқи жүріп, төрт жыл бойы жаз айларында Жүсекеңмен гастрольде жүріп, ел аралайды. Жәнібек алғаш рет бұған осылайша қамқорлық танытыпты. 

– Жол жүргенде Жүсекең киім-кешек салған қоржыны мен домбырасын алып жүруді тек маған ғана сеніп тапсыратын еді. Кешкілікте Жүсекеңнің әнін тыңдаймыз, Жүсекеңді көреміз деп ағылып келе бастайтын жұрттың қолындағы билеттерін тексеріп, жыртып тұратын да мен. Арасында Жүсекеңнің шақыртуымен сахнаға шығып, күй ойнап та үлгеремін. Ағамыз концерттен соң да мені жанынан тастамайды. Бір күні Шу стансасына келіп жеткенде ертең кон­серваториядағы оқуым басталатыны есіме түсіп, мазасыздана бастадым. Осы күйімді оғаш санаған Жүсекең: «Шыбындаған ат құсап, басыңды изеп, кекіліңді сипай бермей, айт шыныңды», деді. Дауысы осы жолы тіпті қатқыл естілді. «Жүсеке... консерватория... оқу... ертең» деп міңгірлеймін. Ағатай бұл жолы да сөзге келмей, әкелік қамқорлықпен жанашырлық танытты. Өзі вокзалға келіп, пойызға билет алып беріп, Шудан Алматыға қимастықпен шығарып салып тұрып, күміс қалта сағаты мен қол орамалын маған сыйға ұсынды. Ал пойыз жылжып жүре бергенде көзіне жас ұялаған Жүсекеңнің мұңайып қала бергені күні бүгінге дейін көз алдымда қалып қойды, – дейді ол.

Мұның бәрін тәптіштеп айтып жатқанымыздың мәнісі жоқ емес. Оны реті келгенде айта жатармыз. Ал әзірге екі Жәкеңнің республика Ішкі істер министрлігінің ансамблінде бастары қалайша тоқайласқанын айтсақ дейміз. 

Жәнібек ұстазы Жүсекең емделуге кеткенде болмашы бір себептермен эстрада-цирк студиясындағы оқуынан шығып қалады. Алайда, рес­публика Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаевтың пәрменімен Жәнібек бір тәуліктің ішінде Қасқабұлақтан Қарауыл, Семей арқылы Алматыға жеткізіліп, министр­дің алдынан бір-ақ шығып, милиция органына қабылданғаны бар.

Ал жасы да, жолы да үлкен ағамен құдай берген өнерінің арқасында жақсы қарым-қатынаста болған Жәнібектің ол кісіге сөзі қалай өтпесін! Сөйтіп, оның ансамбльге күйші де керек емес пе деген сөзі жерде қалмай, Жарқын да ансамбльге қабылданып, үстіне милиция формасын киіп шыға келеді. Бірі әнші, бір күйші егіз қозыдай екі жігіттің өнердегі жолы осылайша түйісіп еді. Бірақ солай дегенде екеуі де оқалы погонды шен қуған милиция қызметкері болуды армандаған емес. 

− Одан кейін де арамыз ажырамады, – деп еске алады бүгінгі күні Жарқын. – Көбіне Жәнібектің үйінде жүремін. Анда-мұнда қасынан тастамай ертіп жүреді. Қайда барсақ та, қай ортада болсақ та оның мысы басым. Мені қойшы, оның Сапарғали, Ғабит, Ғабиден сынды алыптармен тең дәрежеде сөйлесіп, карта ойнағанын да өз көзіммен көрдім. Ол өзі былай болды. Бір күні «жүр» дейді, барсақ, ол Ғабиден Мұстафиннің саяжайы екен. Жаңағы үш ұлы тұлға Жәнібекті бозбала көрмей, терезесі тең дәрежеде сөйлесе отырып, преферанс ойнады. Теледидарда «кадрдан тыс ойналатын музыка» деген ұғым бар. Мына жерде маған сол рөл тиді. Үш сағат бойы тапжылмастан өзім білетін жүзге жуық күйді тарттым да отырдым. Жәнібек қашанда әзіл-қалжыңын араластырып күле сөйлейтін. Менің «Тарбағатайдың Таскескенінің тасында өскен тарлан бала ғой. Жастайынан жабайы алма жеп шыныққан. Өзі сиыр баққан, өзі сері, жүзге тарта күй орындайды», деген тәрізді сөздермен мәртебемді көтеретін. «Көкейкесті» мен «Сарыжайлаудан» соң «Қабанбайдың шабысына», «Сары өзеннің сарқырамасына», «Ақаралға» бас», деп, әсіресе, көне күйлерді жиі орындататын. Бойыма сурет салу мен домбыра тарту қонғанымен, сөзге сараң екенімді Жәнібек о бастан білетін. «Сөзі қор болған Ақтайлақ бидің ұсақ­талған ұрпағы-ай! дейтін әзілдеп».

Жоғарыда Жәнібек Кәрменов 1972 жылы сол кезде қазақтың маңдайына біткен бірден-бір университетінің күндізгі бөліміне оқуға түсті дедік. Оқуға түсіп, студент атанғанда Жәкеңнің жасы жиырма үште еді. Осыдан бір жыл бұрын үйленіп, шаңырақ көтерген ол көп ұзамай сырттай оқуға ауысады да, 1975 жылы жаңадан ашылып жатқан «Жалын» баспасына орналасады. Бұл кезде аталмыш баспаның алғашқы директоры ақын Қабдыкәрім Ыдырысов болатын. Кейбір басшылар секілді ісініп, кебініп, шіренуден бо­йын аулақ ұстайтын, бірақ беделі бір басынан асып-тасып жататын жаны жайсаң азамат Жәнібекті қызметке өзі шақыртыпты. Сөйтіп, өнер редакциясына аға редактор болып орналасқан ол мұнда өнер жанашыры һәм насихатшысы бола жүріп, өзі де жастайынан армандаған қаламгерлікпен шындап айналыса бастайды. Жәнібектің жан жолдасы Тұрсын Жұртбай оның бас­пада қызмет еткен жылдары туралы:

– Бұл ол үшін үлкен олжалы әрі парасат кезеңі болды. Бұрын әдебиет пен мәдениет саласында «тек қана классиктермен ғана араласатын» Жәнібек енді сол майданның бар толқынымен қойындаса жүрді. Баспаның тақы­рып­тық жоспары, қолжазбаны редакциялау, автормен жұмыс істеу, оқырманмен байланыс жасау іспетті мәселелер Жарқын Шәкәрімов екеуіне тапсырылды. Ел-жұртпен кездесулер өткізді. Жәнібек халық арасындағы көне мұраларды, сирек ұшырасатын әндерді жазып алуға, оны өңдеуге, үйренуге, әр әннің шығу тарихы мен өнер адамдары туралы деректерді жазып алуға ықыласы ауды. Өзі де сол тақырыпқа қалам тарта бастады. Алғашқы әңгімелері дүниеге келді, – дейді.

Иә, бұл кезде Жәнібек қашан­ғы­сынша басшыларға өтімділігінің арқасында Жарқынды баспаға, оның ішінде өздері қызмет ететін өнер редакциясына қызметке шақырттырып алғызған еді. Екеуі енді тіпті бір бөл­меге жайғасып, жырғап қалды. Біт­пейтін әңгіме тақырыбы негізінен өнер хақында болса, арасында әзіл-қалжыңға да уақыт табылып жататын көрінеді. 

Уақыт өте келе Жарқын көптен күткен қуанышына қол жеткізіп, қала­ның «Орбита» шағынауданынан пәтер алады. Досын көшірісуге Жәнібек ша­қыртусыз өзі жетіп келеді. Тіпті, онысымен қоймай «үйіңнің көрімдігі» деп қалтасындағы шақшасын Жарқынға сыйлайды. Бұдан кейін аңқылдаған ақкөйлек Жарқын да қарап қалмай, қиыннан қиыстырып, баяғыда Жүсекең сыйлаған сағатты «Жүсекеңнен – Жарқынға, Жарқыннан – Жәнібекке тәбәрік» деп бұған күлдіре отырып ұсынады. Ойламаған жерден ұстазынан досы арқылы өзіне ауысқан бұл тәбәрікті кешегі бала шәкірттің ерекше тебіреніспен қабылдағаны айтпаса да түсінікті. 

Екі достың бұдан кейінгі өмір жолы қалай болды дегенге келетін болсақ, алдымен баспадан Жәкең кетіпті. Кеткенде баяғы өзі дәріс алған студияға, ұстазы Жүсекеңнің құтты орнына барды. 

Ал енді Жарқынға келетін болсақ, әзілдеп айтсақ оны да алда жарқын болашақ күтіп тұрған-ды. Ол бас­падан жаңадан ашылып жатқан республикалық халық музыка аспаптары музейіне директор болып кетсе, солай демегенде не дерсің! Қазірде бұл музей атақты қобызшы Ықыластың атында. Енді осы музейдің бастауында сол кездегі Мәдениет министрі Жексенбек Еркімбеков пен оның орынбасары, халқымыздың рухани дүниелерінің бірден-бір жоқшысы болған Өзбекәлі Жәнібековтің тұрғандығын айтпай кеткеніміз жөн болмас. Халқымыздың отыздай көне музыка аспабын тапқан, соның ішінде жетіген мен шертерді өнер әлеміндегі айналысқа енгізген ғалым Болат Сарыбаев туралы да әңгіме өз алдына. Ал Жарқын болса осы музейдің алғашқы басшысы болғандығын мақтаныш тұтады. Орынды мақтаныш!

Ал отызында орда бұзған Жәні­бек Кәрменов қырыққа бет алған шағында, нақтылап айтқанда, 1984 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Мұның алдында бұл сыйлықты Олжас, Шәмші, Қадыр, Тұманбай алған-ды. Дәл осы жылы Жәнібек өнер сапарымен Швейцарияға барып қайтты. Бұған дейін оған жасаған қысастықтың құлпы осылайша ашылғандай болып еді. Ал келесі жылы Швецияға жолы түсті.

Бұл Горбачевтің «қайта құру және жариялылық» деп аталған 1985 жыл еді. Осы жылы сол шақтағы алып империяның астанасы – Мәскеуде жас­тар мен студенттердің дүниежүзілік он екінші фестивалі өткізілді. Қазақ­станнан оған Жәнібек те қатысты. Және бұл жолы да досы Жарқынды ұмытпай өзімен ілестіре кетті. Жарқын бастапқыда өзі де тізімде болған екен. Бірақ соңынан «бұл Қытайдан келген» деген қаңқу сөзбен тізімнен сызылып қалыпты. Кеңес заманында ол жақтан келген қандастарымызға сенімсіздік білдірілгені рас. Бірақ дос дегенде отқа да түсуден тайынбайтын Жәнібек комсомолдың Орталық Комитетіне дейін барып: «Аягөздің азаматын кіммен шатастырып жүр­сіңдерге», дейін барып, қайтадан тізімге қостыртыпты. Шындығында, сонау жетпісінші жылдардың басында өнер сапарымен Үндістанға дейін барып келген Жарқынның енді келіп аяқ астынан «шпион» атануы ақылға сыймайтын қысастық еді. Жарқынның Делидегі өнері күйшілігімен бірге актерлік шеберлігі туралы Жәнібек досының жүрекжарды пікірін оның өмірден өткен соң жарық көрген жоғарыда айтқан «Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына» деген деректі кітабынан табасыз. Енді Мәскеу сапары жөніндегі әңгімені Жарқынның өзіне айтқызайық.

− Атқан оқтай, шапқан аттай демекші, уақыт деген неткен жүйрік десеңізші! Содан беріде де отыз жылдан астам уақыт өтіп кетіпті-ау, дейді ол. − Дүниежүзі жастары мен студенттерінің әлгіндей алқалы жиынына сол кезде жап-жас әнші Роза Рымбаева, қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлы, журналист Марат Тоқашбаев, заманымыз бір, әзіліміз жарасқан Қайрат Байбосынов, Жәнібек пен мен топтасып бірге бардық. Фестиваль барысында әркім өз өнерін көрсетіп жатты. Розаның, Жәнібек пен Қайраттың әуелете салған әндеріне әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар аса бір ризашылықпен қол соқты десем, өтірік айтқаным емес. Өйткені, әнге, жалпы өнерге аудармашының керегі жоқ. Мен болсам үш шекті домбырамен «Ортекені» билеттім. Ол да өзінше бір өнер. Айтып, айтпай не керек, фестиваль соңында халықаралық әділқазылар шешімімен бәріміз фестиваль дипломанты атандық. Бұл сол сапарымыздың ресми жағы болса, енді бір қызықты сәтті айта кетейін. Фестиваль өтіп жатқан күндері Жәнібек, Қайрат және мен бір бөлмеде тұрдық. Екеуі әлсін әлі насыбай атады да, арасында мені үгіттейді. У ішсең руыңмен деген сөз бар. Бұлардан жаным тәтті ме деп мен де аттым насыбайды. Қызық болғанда, сол сәтте басым айналып құлап қалыппын. «Насыбайдан өлген кісі жоқ» деп аналар мәз. Аман қалғаныма мен де мәзбін. Содан не керек, насыбай бақандай он жыл серігім болды. Осы фестиваль барысында екеуміз естелік болсын деп суретке түскен едік. Ол әлгі фотосуреттің сыртына: «Пенде баласынан бір мінезі артық, жаратылысты дос  Жаркушаға» – деп жазыпты. Менен Қожанасырлық белгіні көре ме, әлде терек құласа да үндемейтін әдетіме риза ма, жол сапарларда «Жаркуша» деп еркелететін. Қытығыма тиіп күлетін. Содан өзі ләззат алатын.

Күйші досы, әнші досы туралы солай дей келіп, халқымыз бүгінгі күні де айтулы әншіден кенде емес екендігін, бірақ солардың бойынан Жәнібекке тән ерекшеліктер табылмай жататынын жасырмаған. Біреуді біреу қайталағаны дұрыс та емес шығар. Солай десек те, сізді білмеймін, өз басым осы сөзге толықтай қосыламын.

Дәулет Сейсенұлы,
Қазақстанның құрметті журналисі