Тәрбие • 10 Шілде, 2017

Ұрпақ тәрбиесінде ұлттық дәстүрдің маңызы зор

156 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Біздің ауылда Бектас деген қадірменді қария болды. Жарықтықты бүкіл ауыл болып қатты сыйлаушы еді. Онда мектеп жасындағы баламыз.

Ұрпақ тәрбиесінде ұлттық дәстүрдің маңызы зор

Таңертең Бексұлу, Камила деген жеңешелерімізбен бірге құлдыраңдап мектепке бара жатамыз. Кенет жеңешеміз кілт тоқтайды.

– Тоқтаңдар, балалар. Ата келе жатыр екен ғой, – дейді.

Біз алдымызға көз жібереміз. Бектас ата үйінен шығып әлдеқайда жол жүр­мек­ші болып тұрады. Содан Бектас ата қашан қасымыздан өтіп кеткенше көшенің бойын­да тікеден-тік тұрамыз. Бектас ата жақын­дай бергенде Камила жеңешем иіліп сәлем береді дейсіз бір. Сұңғақ бойлы оның иілгенінің өзі қандай әдемі. Барлық қимыл-қозғалысы өзіне сондай жарасып тұрады. Осындай жеңеше әкелгені үшін ағамызға іштей дән риза боламыз.

– Өркенің өссін! – дейді Бектас атамыз.

– Енді жүре беруге болады, – дейді күлімсіреген Камила жеңгеміз.

Содан соң жол бойы тағы әңгіме айтады.

– Балалар, үлкендердің жолын кесіп өтпеңдер. Сәл ғана шыдасаңдар, олар өтіп кетеді. Бұл – ізеттілік. Үлкенге деген құрмет, – дейді жеңешеміз.
Осы тәрбиені, сірә, бесікте жатқанда аналарымыз құлағымызға сіңірді-ау деймін. Әкеміз де «үлкен тұрғанда бейпіл сөйлей берме» – деуші еді.

Мектепке келеміз. Алдымыздан ағайларымыз шығады. Бас киімімізді қолымызға алып «сәлеметсіз бе?» деп сызылып өтеміз. Одан кейін бізде үн жоқ. Сабақ сұрағанда ғана жауап береміз. Аздап есейе бастағанымызда арамызда аздап тентектік жасағандар да болды, әрине. Мұндайда мұғалімдеріміз тақта алдына тұрғызып қояды. Кейбір шолжаң балаларды шапалақтап та алады. Бірақ ешқайсымыз «мектепте ағай ұрды» деп айта алмаймыз. Деп көр, әкеміз мұғаліммен қосылып сабайды. Аш құлақтан тыныш құлақ. Сондықтан ұстаздарымызды көрсек ығып жүреміз. Қазір айтсақ, біреулерге ертегі сияқты көрінер, ағайлар мен апайлардан қарадай қысылып жүруші едік-ау.

Бүгінде үлкеннің алдын кесіп өтпейтін келіндер мен жастар бар ма? «Жоқ» деп аузымызды құр шөппен сүртуден аулақпыз, алайда әлі де үлкендердің алдын кесіп өтпеу былай тұрсын, қағып-соғып өте шығатындар бар.

Қаладағы қоғамдық көліктерге мініп көріңізші, сабаққа бара жатқан немесе келе жатқан студенттер күндіз-түні оқып, шаршап-шалдығып жүретіндері соншама кейде «ұйықтап» та қалады. Олардың санасын кім оятады. Жатақханалардың, ғимараттардың артында, саябақтарда темекі түтінін будақтатып отыратын студент қыздарды шыққыр көзіміз күн сайын көріп жүр. Кәмелет жасқа толмай жүкті болып қалған қыздарымыздың көбеюі неліктен? Оқушылар неге бір-біріне мылтық кезенеді? Бүгінгі оқушылар мұғалімдеріне қандай құрмет көрсетіп жүр?

Міне, осы сауалдарға жауап іздегенде жүрегім жаншылады. Мектептегі төбелестерді айтпағанда, мұғалімін ұрып кеткен оқушылар жөнінде жиі еститін болдық. «Шыбық тимей шыңқ етерлер» ұстазы ұрмақ түгілі, қабағын түйсе, әке-шешелеріне айтып келіп, есесін қайтарғандар табылып жатыр. Қазір оқушы мұғалімнен емес, мұғалім оқушысынан қорқады.

Менің бір таныс мұғалімім бар. Енді сыйлас-сырлас болған соң түрлі тақырыпта әңгіме-дүкеннің түйме-түймелері ағытылады. Сол айтады, бүгінде жоғары сынып оқушыларына сөйлеуден қалдық деп. Оны айтасыз, алтыншы, жетінші, сегізінші сыныптың оқушылары да басқа планетада жүретін көрінеді. Сабақ үстінде қалта телефондарымен ойнап, әлдекімдерге хат жазып отыратын олар сауатсыз болып шықпағанда қайтеді. Баланың барлығы вундеркинд емес. Кейбір сабақ оқуға тырысатын балаларды төңірегіндегілер етектен тартатын көрінеді. Ынтасы бар оқушыларды достары «оқымысты», «профессор» деп мұқатады дейді таныс мұғалім. Осыдан соң балалар білім алуға талпына ма? Жалпы, ата-аналардың жауапкершіліктерін жоғарылатпай, іс оңбайды. Қазір байдың балаларына бірдеңе деудің өзі қиын деп күйінеді танысым. Әрине, кәсіпкерлікпен шаруасын дөңгелетіп алғандар ұл-қыздарына «ағай, апайларыңды тыңдамаңдар» демейтін шығар-ау. Дегенмен, әке-шешелерінің бойларынан көрген маңғаздық, тәкап­парлық оларға жұғыспайды дейсіз бе?

Ұлтымыздың рухани жан дүниесіне сіркеше сіңісіп, ажырамай келе жатқан кертартпа мінезден толық тазармайынша іргесі бүтін елге айнала алмаймыз.

Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың, 
Оның да алған жоқ па Құдай құлқын?
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың!
Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын, – дегенде Абай атамыз ұлтын жек көрген жоқ. Өз сөзінен басқа сөзді ұқпай жүрген, аузымен орақ орғандарға күйінді. Көрсоқыр, күншіл, міншіл, жалқау, сараң, сұм, қу, мақтаншақ, өтірікші, өсекші, өсімқор, арсыз жұрттан көңілі жыли алмады. Малға бөгіп, кісімсіп жүргендердің жан дүниесінің жұтаңдығына налиды. Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып, сәлемдеспей, алыстан ыржаң қаққандарға күйінді. Данышпан ақын өз ұлтының осындай мінін сынағанда, қазақтарды жерге ұрмайтыны хақ. Сөзді ұғар бозбала барын біле тұра, үзілмес үмітпенен бос қуарды. Әйтеуір ақсақалдар айтпады демес үшін аузынан аз ғана сөз шығарды. Иә, жан жарасы жазылмай кеткен ұлы ақын халқының осындай мінін түзеймін деп барын салды. Абай заманындағы ұлтымыздағы осы кемшіліктер ада-күде жоғалып бітті ме?

Мемлекет болып өз алдына шаңырақ көтерген елді өте аз мезгілде әлемдегі теңдесі жоқ қуатты республикаға жеткізген, Қазақстанның әлемдік және халықаралық аренадағы орнын айшықтап, таңбалап берген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдесі жоқ ерлігін айтып жеткізу мүмкін емес. Отанын, Атамекенін алпауыттар қоршаған мына сын-қатерге толы алмағайып заманда Қазақстанды озық 30 елдің қатарында болуға деген ұлан-ғайыр еңбегі Елбасының ұлы мақсаты мен парасатын паш етпей ме?

Енді, міне, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық маңызы зор мақаласында бізді тағы да жігерлендіріп қана қоймай, жаңа қадамдарға бастап отыр. «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» – деді Елбасы. Осы кертартпа тұстарымыз қайсы? Абай айтқан жоғарыдағы міндеріміз. Біз тұспалдаған тұстарымыз. «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес» деп Елбасы біздің осал тұсымызды тамыршыдай тап басып отыр. Әрине, Елбасымыздың ет жүрегі елжірегенде халқымыздың ғасырлар бойғы тамаша салт-дәстүрлерін, бойларындағы тамаша қасиеттерін саф алтындай таза қалыпта сақтап қалуға ұмтылғанын танып, біздің де бойымыз шымырлады. Терең ой тұңғиығына баттық. Жан тебіренді. Жүрек бұлқынды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тағылымдық тұжырымдамасы – өте дер кезінде жазылған баға жетпес құжат. Ұлттық құндылықтардың алтын тамырынан ажырап қалған ұрпақтың адасары сөзсіз. Сондықтан, Президент жадынамасы сананы жаңғыртты. Сілкіндірді. «Сөз түзелді, ендеше, сен де түзел» деп Абай атамыз айтпақшы, болашағымызға бағдар айқындалды. Олай болса, осы бағдаршамнан айнымағанымыз абзал. 

Сабырбек Олжабай,

Қазақстан Жазушылар 
одағының мүшесі