Аймақтар • 10 Шілде, 2017

Торғайдағы дала өрті толық өшірілді

164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Азамат Орынбаев Жанкелдин ауданының Албарбөгет ауылдық округіне қарасты жайылымда болған өртті өшіру  және оның салдарын жою мәселесіне байланысты журналистер  сұрақтарына жауап берді.

Торғайдағы дала өрті толық өшірілді

Өрт Көкалат елді мекенінен 35 шақырым жердегі«Күздiк карасу» деген жайылымда  орын алған.  Қызыл жалын 320 гектарды қамтыған. Өрт болған жерден «Айдар» шаруа қожалығы  шопанының мүрдесі табылған.  Сонымен қатар 1 мыңнан аса  уақ мал қызыл отқа күйіп қырылған.

«Өртті сөндіруге аудан аумағындағы  Ақкөл ерікті өрт сөндіру құрылымынан, «Алтын дала» табиғат қорғау кәсіпорнынан барлығы 86 адам,  23 техника жұмылдырылды. Негізгі көмек 6 шілдеде жеткізілген. Даланың желі өртті күшейтіп жіберген. Қазір өрт толық  сөндірілді» деді Азамат Нубайұлы.

5 шілдеде басталған өрт 8 шілдеде бір-ақ ауыздықталған. Адам мен мал шығынының болу себебі өрттің уақытында сөндірілмегендігінен, техниканың аздығынан деген ақпараттар бар екендігін  айтты журналистер.  Азамат Нубайұлының айтуынша, Жанкелдин аудандық  төтенше жағдайлар бөлімінде 3 техника, 14 жеке құрам бар. Ал журналистер жергілікті жерден жеткен ақпараттар  аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде 2 техника ғана бар, оның   бірі ақауы бар, жарамдылығы нашар көрінеді дегенді айтты .   

Жыл басынан бері Торғай өңірінде  оннан аса дала өрті орын алған. Қазір арнайы құрылған комиссия  өрттің шығу себебін анықтау, өлген  малды,  шаруашылыққа келген шығынды есептеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Комиссияның  толық қорытындысы әлі шыққан жоқ.

Ауызекі жеткен ақпарат бойынша,  өрт ішінде қалған 56 жастағы шопанның артында 8 баласы қалған. 

Нәзира  Жәрімбетова,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай