Жеңіл атлетика • 11 Шілде, 2017

Виктория Зябкина – сары құрлықтың үш дүркін үздігі

237 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үндістанның Бхубанешвар қаласында өткен жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Төрт күнге созылған құрлық біріншілігінде Қазақстан Ұлттық құрамасы төрт алтын, екі күміс және екі қола медаль жеңіп алды.

Виктория Зябкина – сары құрлықтың үш дүркін үздігі

Жарыстың соңғы күнінде сп­рин­терлер үшін бәсеке сәтті бол­ды. Әйелдер арасында 200 метр­ге жүгірген отандасымыз Вик­тория Зябкина осы маусымдағы Азия­ның үздік нәтижесін көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды. Оның уақыт көрсеткіші – 23.10 секунд. Мәреге екінші болып Шри-Ланка спортшысы Румешика Кумари келді. Үздік үштікті тағы бір жерле­сіміз Ольга Сафронова (23.47 сек) қорытындылады.

– Виктория бір күн бұрын эста­фетада жүгірген соң аздап шаршап қалды. Сондықтан, сприн­терлік жарыстағы старт басын­да баяу қи­мылдады. Деген­мен, бүгін өзінің қандай желаяқ еке­нін азиялық жеңіл атле­тика жан­күйерлеріне көрсете біл­ді. Негізі, 200 метрге жүгіруде жеңім­паз­дың кім болатыны көбінесе арақа­шық­тықтың жартысынан ас­қаннан кейін шешіліп жатады. Сон­дықтан, Виктория әрдайым мәре­ге жақындағанда бар күшін жинап алады. Негізінен ол жарыстарды үнемі осылай жеңіп жүреді, – дейді Зябкинаның жаттықтырушысы Любовь Никитенко.

Сөйтіп, Виктория Зябкина 2017 жылғы Азия чемпионатының үш дүркін чемпионы атанды. Ол бұған дейін 100 метрге жүгіруден  жекелей сында жеңіске жетсе, әріптестері Рима Кашафутдинова, Светлана Голендова, Ольга Сафроновамен бірге 4х100 метрге жүгіру бойынша командалық эстафетадан үшінші алтынды иеленді.

Айта кетейік, 8 шілде күні қазақстандық жеңіл атлеттер 100 метрге командалық эстафетаға жүгіруде сарықұрлықта өздеріне тең келер ешкім жоқ екенін дәлелдеген еді. Қазақстан ұлттық құрамасының уақыт көрсеткіші – 43.53 секунд болды. Екінші орында Қытай қыздары (44.50) болса, үштікке Үндістан (44.57) құрамасы енді.

Төртінші алтынды үш қарғып секіруден Мария Овчинникова ен­шіледі. Ол Азия чемпионатын 13.72 метрмен қорытындылады. 18 жастағы жеңіл атлет 4-13 тамыз аралығында Лондонда өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды. Мариядан бөлек, дәл осы сайыстан тағы бір қазақстандық спортшы Ирина Эктова күміс медаль жеңіп алды. Ол 13.62 метрге секірген.

Азия чемпионатынан спринтер Ольга Сафроноваға екі медаль бұйырды. Ол 100 метрге жүгіруден (11.45 секунд) күміс, 200 метрде қола жүлде еншіледі. Тағы бір қола медальды жарыстың екінші күнінде ядро лақтырудан Иван Иванов олжалаған болатын. Ол Иран мен Үндістан спортшыларын алға жіберіп, 19.41 метрге лақтырып, үшінші орынға қол жеткізді.

Осылайша, Бхубанешвар­­дағы Азия чемпионатынан Қазақ­­стан Ұлттық құрамасына жалпы саны сегіз медаль (4 алтын, 2 күміс, 2 қола) бұйырды. Сөйтіп, жалпы­ко­ман­­далық есепте үшінші орын­ға жай­ғасты. Көш басында жа­рыс қо­жа­йыны Үндістан (12 ал­тын, 5 күміс, 12 қола) мен Қытай (8 ал­­тын, 7 күміс, 5 қола) бар. Ал 2015 жылғы Азия біріншілігінде қазақ­­стандық спортшылар бір ал­тын, үш күміс және үш қола ме­даль­мен жалпы есепте тоғы­зын­­шы орынмен шектелген еді.

6-9 шілде аралығында өткен биылғы Азия чемпионатына сары құрлықтың 43 елінен 800-ден астам спортшы қатысты. Жеңіл атлетикадан Қазақстан Ұлттық құрамасы енді тамыз айын­да Лон­донда өтетін Әлем чем­пио­наты­на қатысады.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»