Бокс • 11 Шілде, 2017

Ағайындылар – Азия чемпионы

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таиланд астанасы Бангкок қаласында 1-7 шілде аралығында бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты өтті. Азияның 23 елінен келген 120-ға жуық жас боксшылар өзара сынға түсіп, сары құрлықтың мықтысын анықтады.

Ағайындылар –  Азия чемпионы

Ғалым Кенжебеков баптайтын Қазақ­стан жастар ұлттық құрамасы Азия біріншілігіне толық құрамда қатысты. 10 салмақ дәрежесінде бәсекеге түскен қазақстандық боксшылар чемпионат қорытындысы бойынша, жалпы саны жеті медаль иеленді. Ағайынды Саматәлі мен Санатәлі Төлтаевтар өз салмақтарында Азияның теңдессіз боксшысы деп таныл­ды. 60 килодағы Саматәлі финалда жергі­лікті тай боксшысы Сакда Руамтам­ды ұтса, Санатәлі (64 кг) өзбекстан­дық былғары қолғап шебері Билолбек Мирзараҳимовті жеңді. Сөйтіп, ағалы-інілі Төлтаевтар Азия чемпионатының алтын жүлдесін иеленді. Айта кетейік, қазақ боксшылары тарихында ағайынды боксшылардың бір чемпионатта тұңғыш рет топ жаруы.

Ал финалдық бәсекеде өзбекстандық қарсыластарынан ұтылған Данила Семенов (91 кг) пен Нұрдәулет Ұланұлы (+91 кг) Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Айбек Досанов (52 кг), Елдияр Қамшыбеков (81 кг), Бақтияр Смағұлов (56 кг) және Аят Маржықпаев (75 кг) қола жүлдегер атанды.

Тоғыз медаль иеленген өзбекстандық боксшылар жалпы есепте бірінші орын иеленді. Қазақстандық боксшылар жеті медальмен екінші орынды місе тұтты. Өзбекстанның сегіз боксшысы финалға шығып, бесеуі чемпион атанды. Үш боксшысы финалда ұтылып, күміс жүлде иеленсе, бір боксшысы қола медальға қол жеткізді.

Еске сала  кетсек, жастар арасындағы Азия чемпионаты Бангкокта осымен екінші рет өткізіліп отыр. Тай елін­де сары құрлық біріншілігі ең алғаш 2014 жылы өткен болатын. Сол жылғы бәсекеге Азия­ның 16 елінен 96 боксшы қатысқан еді. Бай­қағандарыңыздай, биылғы бәсекеге қатысушы ел мен боксшы саны едәуір өскен. Сондай-ақ, биылғы чемпионаттың тағы бір ерекшелігі, Йемен мен Қатар елінің жас боксшылары Азия біріншілігіне тұңғыш рет қатысты.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»