Қазақстан • 11 Шілде, 2017

Сюжет желісі – сөйлейтін піл

482 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеңес заманында Қарағанды зообағында сөйлейтін Батыр атты піл болған. Пілдің ондай қабілетін парк қызметкерлері 1977 жылы байқап, кейін әртүрлі БАҚ өкілдері дәл осы піл туралы жарыса жазады.

Сюжет желісі – сөйлейтін піл

Ол жайлы белгілі журналист Қайнар Олжайдың «Піл тіл қатты» деген мақаласы да бар. Кейін пілдің ерекше қасиеті әлем ғалымдарының назарына ілігіп, хайуанаттар туралы әртүрлі ғылыми ізденістердің дамуына жол ашқан. Жер бетінде сөйлеп, дыбыс шығара алатын сүтқоректілер ілуде біреу ғана, тіпті, өте сирек кездеседі. Сондықтан, 1979 жылдары Батыр туралы деректер кеңінен таралып, шетелдік «Nature», «Scientific American» сынды журналдардың басты жаңалығына айналған.

Бүгінгі таңда Батыр жайлы барлығы білгенімен, осы күнге дейін таңғажайып табиғат құбылысы экрандалмаған екен. Жуырда ескі тарихты ел назарына ұсынбақ ниетте белгілі актер Фархат Әбдірайымов «Батыр» атты жаңа фильмнің түсірілімі басталғандығын хабарлады.

Жаңа фильмге үш елдің, яғни Қазақстан, Канада, Мексиканың кино шеберлері өз қолтаңбаларын қалдырмақ. Хайуанаттар бағы қызметкерлерінің және өзге де адамдардың айтуынша, Батыр жалпы жиынтығы 20-дан астам қазақ және орыс сөздерін айта алған. «Үлкен арманымыз 4 жылдан кейін орындалуда. Режиссер Бауыржан Досмағамбетов бұл идеяны жарты жыл бойы жүрегінде сақтап келді. Батырды енді бүкіл әлем таниды деп үміттенеміз. Біз үш елден халықаралық команданың басын қостық.  Біздің фильмде айтылған жарқын әрі мейірімге толы хикая жүрегімізде мәңгі қалатынына сенеміз» – деп жазады өзінің инстаграмдағы парақшасында фильм продюсері Фархат Әбдірайымов. 

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы