![Жастар сұранысқа ие мамандықты меңгеруде](/article_photo/1499920935_article_b.jpeg)
Дуальды оқу жүйесін жетілдіру арқылы білім орындары арасында тәжірибе алмасуды мақсат еткен семинарға «Кәсіпқор» холдингі мұрындық болған. «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің мазмұнын жаңғырту арқылы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне арналған кадрларды даярлаудың инновациялық жолдары» тақырыбында өткен семинар-практикумда еліміздегі колледждерде инновациялық білім беру технологияларын, оның ішінде, оқыту мазмұнына модульдік-құзыреттілік тәсілді қолдану, кредиттік-модульдік технологияны, арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқыту, бейінді мамандығы бойынша кадрлар даярлаудағы заманауи тәсілдемелер, қолданбалы бакалавриатты енгізу мен іске асыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, қатысушылар кәсіптік колледждерде инновациялық білім беру технологияларын кіріктіру бойынша пікір алмасты. Колледждің оқу-өндірістік базасында болып, шәкірттерге жасалған мүмкіндіктерден, ой түйіп қайтты. Оқу-өндірістік базасының ой салатынындай-ақ бар. Еліміздің басқа өңірлеріндегі агротехникалық бағыттағы оқу орындарының директорлары оңтүстіктегі әріптестерінің ісін үлгі аларлық ретінде бағалады.
Мысалы, «Кәсіпқор» холдинг» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Ә.Бимендина ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлауда техникалық және кәсіптік білім берудің маңыздылығына тоқталып, оған облыс әкімдігі жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Осы арада айта кетелік, колледждегі білім сапасының жақсаруына, заманауи жабдықталуына сіңірген еңбегі жоғары бағаланған оқу орнының директоры К.Төлебаев Ұлттық бизнес рейтингтер одағы атынан берілетін «Сала көшбасшысы» Алтын қыран белгісімен және білім саласының беделін арттырудағы жеке үлесі үшін «үздік басшы» сертификатымен марапатталған болатын. Ал өткен жылы көктемде Шымкент аграрлық колледжі елімізде үздік он колледждің қатарына енді.
Расында, колледж директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Кенжехан Төлебаевтың ұйымдастыруымен бес жарым гектарға салынған оқу базасында тәжірибе жұмыстарын жүргізуге толық жағдай жасалған. Ең соңғы технологияларды қолданып салынған жылыжай, жүзім, алма плантациялары бар. Қызанақ, болгар бұрышы, бидай, арпа, жүгері танапшаларында студенттер еңбек етіп, мол тәжірибе алуда. «Оларды тамшылатып суару әдісімен күтіп-баптауды агрономия және орман шаруашылығы бөлімінің студенттері мен оқытушылары жүргізіп, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырады. Бұл да өз кезегінде шәкірттердің мамандығын толық меңгеріп, бәсекеге қабілетті жақсы маман болып шығуына көмектеседі. Еңбексүйгіштікке, адамгершілікке, өз ісін жоспарлап тиісті нәтиже алуға ұмтылысын арттырып, оны іс жүзінде қолдануға негіз болады дейді колледж директоры К.Төлебаев. Оқу базасындағы зоотехника және мал дәрігері мамандығына оқып жатқан студенттерге арналып салынған сынып бөлмелері материалдық-техникалық жабдықталуы бойынша инновациялық білім технологиясына толық жауап береді. Жоғары өнімді жұмыс жасау үшін соңғы үлгідегі заманауи электронды құрал-саймандар алынған. Ауру малдарға нақты диагноз қоюға мүмкіндік беретін ультрадыбысты толқындармен зерттейтін құрал-жабдықтар, жаңа сыйымдылығымен мұздатқышы жетілдірілген тоңазытқыштар, инвазивті ауруларға қарсы ағзадағы жұмыр құрттарды дұрыс ажыратуға мүмкіндік беретін үлкенді-кішілі зертханалардың барлығында дерлік қолданылатын трихинелоскоп аппараты, сүттің майлылығын және қышқылдығын тексеретін «Лактан» атты құрылғы, тағы да басқа оқу-тәжірибе сабағына қолданатын зертханалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Арнайы мал тұрақтары салынып, онда төрт түлік мал мен қояндар және зертханалық жануарлар орналасқан. Колледжде 15 мамандық бойынша дайындалатын студенттердің түгелге жуығы «40 пайыз теория, 60 пайыз тәжірибе» әдісі арқылы білім мен еңбекті ұштастыруда. Аталған оқу базасында ауылшаруашылық механиктерін даярлайтын бөлім үшін арнайы жасақталған автотұрақ және цех та бар. Техниканың соңғы түрлерімен қалай жұмыс жүргізуді үйренуге толық жағдай жасалған. Сондай-ақ, салынғанына қырық жылдан астам уақыт өтіп тозуға айналған бес қабатты студенттер жатақханасы күрделі жөндеуден өткізіліп, бөлмелері жаңа жиһаздармен жабдықталыпты. Бұрынғы үлкен асхана да кешенді күрделі жөндеуден өтіп, консервілеу және тамақ өнеркәсібі мамандарын дайындап жатқан бөлімге оқу-тәжірибе жұмыстарын, зертханалық сабақ өткізетін оқу кешені ретінде пайдалануға берілген. Оқу ғимаратының алдында егілген дақылдарды студенттердің өздері бақылайды, өңдейді. Сынып бөлмелерінің барлығы бағдарламаға сай жаңа интербелсенді тақталармен жабдықталып, ғаламтор жүйесі енгізілген. Ол өз кезегінде жаңа инновациялық білім технологияларын толығымен енгізуге мүмкіндік береді. Міне, осындай және басқа да жоғары деңгейдегі қамқорлық сапалы маман даярлауға мол мүмкіндік беруде.
Айтпақшы, семинар-практикум барысында «Амангелді» ЖШС төрағасы Н.Құралов шаруашылық жылыжайларында тамшылатып суару әдісімен жұмыс істейтін маман жоқтығын айтты. Бұл орайда, колледждің «Өсімдік шаруашылығы» бөлімінде жылыжайда жаңа технологиямен жұмыс істейтін мамандар даярлануда екен. Яғни, колледж түлектері сұранысқа ие.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»