Аймақтар • 13 Шілде, 2017

Оралда Марабай Құлжабайұлы атындағы жыршылар байқауы өтті (фото)

802 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармония залында «Жыр дүлдүлі – Марабай» республикалық жыршылар байқауы өтті. Оған Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарынан 10 үміткер қатысты.

Оралда Марабай Құлжабайұлы атындағы жыршылар байқауы өтті (фото)

Өнер додасында қазылар алқасына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші, термеші Қатимолла Бердіғалиев төрағалық етті. Сайысқа қатысушылар «Қобыланды батыр» жырын орындап, еркін тақырыпта да өнер көрсетті.

Құрамында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының әншісі Сәуле Таудаева, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, жыршы-термеші Амандық Көмеков, Қазақстан-Орал телеарнасының журналисі, ақын Мұнайдар Балмолда, республикалық байқаулардың лауреаты, халықаралық «Ұлы Дала дауысы» радиофестивалінің жеңімпазы, әнші-термеші, Құрманғазы атындағы саз колледжінің оқытушысы Армат Ислямғалиевтар кірген қазылар алқасы жыршылардың орындаушылық шеберлігіне, сахна мәдениеті мен жырдың сырын көрерменге жеткізе білу, кәсіби деңгейлеріне қарап баға берді.

Ұлт өнерін ұлықтау жолындағы екі күнге созылған байқауда жүйріктер анықталып, үміткерлер жүлделі орындар мен диплом, алғыс хаттарға ие болды. Бас жүлде маңғыстаулық Бердібай Тойғұлиевке бұйырса, І орын Қызылорда қаласынан келген Әділхан Қуаңбаевтың еншісіне тиді. ІІ орынды Ақтөбеден келген Өмірхан Жетесов пен оралдық Сәкен Жанғазиев бөлісті. ІІІ орын Маңғыстау облысынан келген жыршы Аманбек Сәуірбаевқа, оралдық Ақмарал Кемелханова мен Гаухар Ұзақбайға бұйырды. Қамбар Жылқыбаев (БҚО, Бөрлі ауданы), Ардақ Омар (БҚО, Ақжайық ауданы), Болатбек Құбашев (Атырау қаласы) дипломант атанды.

Сайыс кезінде халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты жыршы-термеші Фархад Оразов «Арнау» айтса, белгілі маңғыстаулық жыршы Амандық Көмеков «Сүгірдің домбырамен айтысын», Бердібай Тойғұлиев «Қарасай қази дастанын», Әділхан Қуанбаев «Жүз сауал» жырын жырлап, көрермен қошеметіне бөленді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»