Аймақтар • 13 Шілде, 2017

Әлеуметтік аударымдарды азық-түлік себетіне ауыстыру ұсынылды

146 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев әлеуметтік аударымдарды азық-түлік себетіне ауыстыруды ұсынды, деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

Әлеуметтік аударымдарды азық-түлік себетіне ауыстыру ұсынылды

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жыл басынан бері ай сайын туберкулезбен ауыратындарға азық-түлік алу үшін қаржы бөліп келеді, бірақ жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатты науқастар тиімсіз пайдаланатыны белгілі болған.

 – Ол қаражатты сырқаттар тиісті мақсатқа пайдаланбайтыны жөнінде ақпарат бар. Оның орнына несие төлейді, тіпті ішімдік пен темекіге жұмсайды. Әлеуметтік аударымдарды азық-түлік себетіне ауыстыру мәселесін көтеру керек, сол кезде сырқаттарға көмек те елеулі болады, – деді Нұрлан Ноғаев.

Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиеваның айтуынша, аймақтың бюджеттік кодексінде халықтың осал топтарына азық-түлік себетін беру қарастырылмаған. Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Павлодар облысында құрт ауруымен ауыратындарға денсаулыққа пайдалы тағамдар беретін әлеуметтік асхана барын мысалға келтірді.

Мәжіліс соңында жиналғандар кезекті үйлестіру кеңестерінің біріне Павлодар облысының үлгісімен әлеуметтік аударымды азық-түлік себетіне ауыстыру туралы мәселе қоюды ұйғарды.

Айта кетейік, Атырау облысында жыл басынан бері 795 адам 22 600 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем алады. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 70 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген.