Футбол • 13 Шілде, 2017

«Астана» Чемпиондар лигасындағы ойынын жеңіспен бастады

147 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордалық «Астана футбол клубы Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі бірінші ойынын сырт алаңда өткізіп, Латвияның «Спартак» командасын 1:0 есебімен ұтты. Ойындағы жалғыз жеңіс голын 73-минутта Патрик Твумаси соқты.

«Астана» Чемпиондар лигасындағы ойынын жеңіспен бастады

Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ алға ұмтылған «Астана» футбошылары алаң иелері қақпасына жиі шабуылдағанымен, гол соға алмады. Осы ретте, өз қақпасын 100 пайыздық голдан аман сақтап қалған «Спартак» клубының қақпашысын ерекше атап өткен жөн. Бұл қақпашы болмағанда елордалық клуб келесі кезеңнің мәселесін бірінші таймда-ақ шешіп қоятын еді. Дегенмен бірінші 45 минутта есеп ашылмады.

Екінші таймда алаң иелері белсенділік таныта бастады. «Астана» да сәті түскенде есеп ашуға тырысты. Ойынның 73-минутында қарсылас клубтың қақпасы маңында айып соққысын орындаған Патрик Твумаси әуелете пас берудің орнына, жақын бұрышқа соққы жасап, есепті ашты. Бұл есеп ойын соңына дейін сақталып, «Астананың» жеңісімен аяқталды.

Соңғы екі еуромаусымда Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнап, тәжірибе жинақтаған астаналықтар үшін екінші кезең матчтары қиындық туғызбауы тиіс еді. Оның үстіне, бұл кезеңдегі қарсыласын азулы деп айта алмаймыз. Латвиялық «Спартак» Чемпиондар лигасына өз тарихында тұңғыш рет қатысып отырғанын да айта кеткен жөн.

Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында «Астана» клубының бас бапкері Станимир Стойлов алаңның сапсы ойынға кері әсер еткенін айтады. «Алаңға ойын болатын күні су шашылмағаны мен үшін де «тосынсый» болды. Екі күн осында дайындалдық, күнде суарылған, доп орнымен домалап жүрді. Бүгін таңертең ғана алаңға су шашылмайтынын айтты. Оны кім ойлап тапқанын білмеймін, бірақ ойын деңгейі бірден 40%-ға түсіп кетті. Алаң доптың жылдам қозғалысына кедергі келтірді. Күнде суды құйып тұрып, бүгін неге суармағанын мен де түсінбедім. Бұл да әдемі ойынға кедергі келтіретін кішкене себептердің бірі», дейді ол.

Айта кетейік, қос команда арасындағы қарымта ойын 18 шілде күні «Астана Арена» стадионында өтеді.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»