![Биыл Астанада 1-сыныпқа баратын оқушылар саны рекордтық көрсеткішке жетпек](/article_photo/1499942844_article_b.jpeg)
Астана медиа орталығындағы қалалық білім беру басшысының міндетін атқарушы Ануар Жанғозиннің айтуынша, өткен оқу жылы Астананың мектептерінде 9 588 орынға жетіспеушілік байқалған, биыл бұл көрсеткіш 17 мыңды құрауы мүмкін.
«1-ші сыныпқа келетін оқушылар санының күрт өсуіне және көші-қон мәселесіне байланысты қала мектептерінде 2017-2018 оқу жылында болжам бойынша 17 мың орын жетіспейді», – деді А. Жанғозин.
Елорда әкімдігі мектептер мен бақшаларда орын жетіспеушілік мәселесін кешенді түрде шешуде. Осылайша 2017-2018 оқу жылы 2600 орынға шақталған 5 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ елордада жыл сайын кем дегенде 10 жаңа мектеп салынатын болады.
«6 мектептің құрылысы басталды, жыл соңына дейін 4 білім ордасын салу жоспарлануда. Жалпы алғанда 11 мың орынға арналған 10 мектеп салынады, ол 2018-2019 жылдары пайдалануға беріледі. Оған қоса 13 мектептің жобасын іске асыру бойынша жұмыс басталып кетті. Біздің жоспарымызда – жыл сайын 13-14 мектепті пайдалануға беру», – деді А. Жанғозин.