Футбол • 14 Шілде, 2017

«Ертіс» өз алаңында «Црвена Звездамен» тең ойнады (видео)

268 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодардың «Ертіс» командасы Еуропа лигасы екінші кезеңінің бірінші ойынында өз алаңында сербиялық «Црвена Звезданы» қабылдады. Тартысты кездесу тең нәтижемен аяқталды (1:1). Екі гол да пенальтиден соғылды.

«Ертіс» өз алаңында «Црвена Звездамен» тең ойнады (видео)

Бірінші таймда екі команда да қорғаныста сауатты ойнап, бір-біріне гол соғатын мүмкіндік бермеді. Осылайша алғашқы 45 минутта есеп ашылмады. Ал екінші таймда сербиялық футболшылар шабуыл қарқынын үдете түсті. Осындай шабуылдардың бірінде «Ертіс» қорғаушысы Марио Маслач өз айып алаңында қарсыласына қарсы ойын ережесін бұзды. Румыниялық төреші Мариуш Аврам 11 метрлік айып соққысын белгіледі. Берілген мүмкіндікті мүлт жібермеген сербтер есепте алға шықты.

Гол жібергеннен кейін павлодарлықтар біраз есеңгіреп қалғандай көрінді. 90 минут бойы қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады. Матчтың негізгі уақыты аяқталып, қосымша минуттар бітуге жақын қалғанда «Црвена Звезда» капитаны Душан Анджелкович өз алаңында қателікке бой алдырып, допты қолымен қағып жіберді. Сөйтіп, бас төреші тағы да пенальти белгіледі. Осылайша, ойын бітуіне санаулы секундтар қалғанда «Ертіс» қорғаушысы Стефан Живкович таразы басын теңестіріп кетті. Қарымта матч бір аптадан кейін Белградта өтеді.