Бірінші раундта екі боксшы да бір-бірін аңдып, реті келгенде соққы жұмсаған. Екінші раунд бастала сала «Арлан» Аманқұл шабуылға шыққан, алайда тәжірибелі Лопез қазақстандық былғары қолғап шеберінің ойлағанын іске асыруына мүмкіндік берген жоқ. Үшінші раундта қос боксшы күрзідей жұдырықтарын бір-біріне аямай сілтеді. Жекпе-жектің екінші бөлігінде кубалық боксшы күш алып кеткен. Төрешідер жеңісті бір ауыздан 3:0 есебімен Лопезге берді.
Аманқұл Әбілхан ‒ Ұлттық құрамадан «арландарға» көмектесуге келген жалғыз боксшы. Қолының жарақатына қарамастан, ол Лопеске қарсы жекпе-жек өткізуге дайын-тұғын. Әйтпесе, Куба боксшысының жасы да үлкен, тәжірибесі де мол. Лопез ‒ Рио Олимпиадасының чемпионы. Сондай-ақ, Дохада өткен әлем чемпионатында алтын медальді қанжығасына байлаған-ды.
Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) жетінші маусымдағы финалдық жекпе-жегі дәл қазір Астанадағы «Қазақстан» спорт кешенінде өтіп жатыр.