Бокс • 15 Шілде, 2017

WSB: Олжас Боқаев тәжірибелі қарсыласын қапы қалдырды

313 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аса ауыр салмақта рингке шыққан Олжас Боқаев тәжірибелі кубалық боксшы Йоанди Тойракты тас-талқан етіп ұтты.

WSB: Олжас Боқаев тәжірибелі қарсыласын қапы қалдырды

Қос боксшы жекпе-жек бастала сала қарсыласын тұқыртып алу үшін күрзі жұдырықтарын аяған жоқ. Келесі кезеңде Олжас сілтеген соққылар нысанаға дөп тиіп, Тойракты есеңгіретіп тастады. Дымы құрыған Йоанди қайта-қайта Боқаевты құшақтап, ойын тәртібін бұзумен болды. Кубалықтың қулығын дер кезінде байқаған төреші үшінші раундта Тойракқа ескерту жасаған. Кездесудің қалған бөлігінде айқын басымдылыққа ие болған Олжас қарсыласын 3:0 есебімен тізе бүктірді. 

Негізі Олжастың қарсыласына қарағанда халықаралық аренадағы тәжірибесі аздау. Ол биыл екі кездесу өткізіп, бір рет жеңсе, бір рет ұтылған. Йоанди да биылғы жобада көп рингке шыға қоймаған-ды. Әйтсе де, жас «Арлан» тәжірибелі «қабыланды» қапы қалдырды.

Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) жетінші маусымдағы финалдық жекпе-жегі дәл қазір Астанадағы «Қазақстан» спорт кешенінде өтіп жатыр. Әзірге 5:3 есебімен кубалықтар алда келеді.