Жекпе-жек екі боксшының бір-бірінің әлсіз тұсын аңдумен өтті. Екінші раунда Зәкір барын салып, басымдылыққа ие болды. Жекпе-жектің соңына таман Сафиулин қарсыласын бет қаратқан жоқ. Зәкірдің толассыз жауған соққыларынан Альварес қашып үлгере алмады. «Арланның» айқын басымдылығын мойындаған төрешілер бір ауыздан жеңісті Сафиуллинге берді.
60 килодағы кездесу сынға түскен Зәкір үшін бұл есе қайтаратын жекпе-жек болатын. Естеріңізде болса, ол 2015 жылғы финалда осы Альвареске есе жіберген-тұғын. Сондықтан шығар, Сафиуллин кездесу бастала сала барын салды. Оның үстіне, бұл жекпе-жекте Зәкір ұтылса, «Куба қабыландары» жеңіске бір табан жақындай түсетін еді. Естеріңізге сала кетейік, Лазаро Альварес Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері, үш рет әлем чемпионы атанған тәжірибелі боксшы.
Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) жетінші маусымдағы финалдық жекпе-жегі дәл қазір Астанадағы «Қазақстан» спорт кешенінде өтіп жатыр. Әзірге 5:4 есебімен кубалықтар алда келеді.