Бокс • 15 Шілде, 2017

WSB: Асланбек Шымбергенов таразы басын теңестірді

328 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оныншы болып ринге көтерілген Асланбек Шымбергенов қарсыласы Роньель Иглесиас Сотолонгоны жеңіп, жалпы есепті теңестірді.

WSB: Асланбек Шымбергенов таразы басын теңестірді

«Алаштың салмағында» шаршы алаңға шыққан Асланбек пен Сотолонго жекпе-жек бастала сала ештеңе қарамастан бір-біріне соққы жұмсаудан аянған жоқ. Енді ше, бұл кездесу Шымбергенов үшін «не бел, не белбеу кететін» жекпе-жек болатын. Ал кубалық команда WSB тұжырымдамасының кубогына бір табан жақын тұрған-ды. Әйтсе де, Шымбергеновтың соққысы шымбайына батқан Сотолонго сан соғып қалды.

Асланбек Шымбергенов кубалық боксшымен 2015 жылғы финалда кездесіп, кубалықтан айласын асырған. Сондай-ақ, 2014 жылғы «Чемпиондар кездесуінде» Сотолонго тағы бір «Арлан» Мадияр Әшкеевтен жеңілген-тұғын. Жалпы, Роньельге қазақ боксшыларымен жұдырықтасу ыңғайсыз болып жүр.

Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) жетінші маусымдағы финалдық жекпе-жегі дәл қазір Астанадағы «Қазақстан» спорт кешенінде өтіп жатыр. Асланбек Шымбергеновтың жеңісінен кейін "Астана арландары" мен "Куба қабыландары" арасында өтіп жатқан финалдық кездесуде таразы басы теңесті.