17 Шілде, 2017

Мамандықты тек грант үшін таңдау дұрыс па?

829 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаз айлары біреу үшін демалыс болса, мектеп түлектері мен олардың ата-аналары үшін уайымға толы кезең. Алдымен жыл бойы қорқа күткен ҰБТ-ға қатысады, одан кейін мамандық таңдап, құжат тапсырады, соңынан конкурс нәтижесін тағатсыздана күтеді. Бұл күндері аталған үш уайымның біреуі өте өзекті болып тұр – түлектер мемлекеттік грант конкурсына құжат тапсыруда. Осы орайда, қайтсем де грант иеленуім керек деп жүрген жастар өте көп. Бұлай ойлау дұрыс па, әлде қателік пе – осы жайлы ой қозғауды жөн көрдім.

Мамандықты тек грант үшін таңдау дұрыс па?

Мемлекеттік грант – жағдайы төмен отбасыдан шыққан жастар үшін үлкен мүмкіндік, онсыз олардың өмірі мүлдем басқа болмақ. Бір сиыр мен зейнетақыға қарап отырған жанұяның баласын Алматыдағы ҚазҰУ-да немесе Астанадағы ЕҰУ-де ақылы оқытуға әсте шамасы жетпес. Үлкен қалада оқу ақысын төлемек түгіл жататын жерің мен күнделікті тамағыңды табудың өзі оңайға соқпайды. Осы мемлекеттік гранттың арқасында қаншама ауыл баласы қала көріп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген құрдастарымен араласып, жаңа өмір бастауда. Біреуі оқуды сәтті аяқтап, білікті маман атанса, біреуі кәсіп ашып, біреуі ғылым жолына түсуде. Рас, ауылға қайтып жатқаны да бар. Мұның да жақсы жақтары жоқ емес. Төрт жыл қалада жүріп, білім жинап, өмірге көзқарасы өзгерген, технологияны меңгерген жас туған жеріне барса, ауыл өңіріне оң өзгеріс әкеледі. Сондықтан, егер таңдау грант немесе ауылда қалу болса, мен біріншісіне дауыс берер едім.

Дегенмен, бір нәрсені есте ұстау керек. «Грант үшін кез келген мамандықты таңдаймын» деген ұстаным әрдайым дұрыс шешім бола бермейді. Мектеп оқушыларымен сөйлескенде, физиканы немесе биологияны таңдадым, себебі ол бойынша грант көп деп жиі айтады. Бұл пәндер өзіңе қызық па десем, «жоқ» деп жауап береді. Балалардың ниеті дұрыс, ата-анаға салмақ салмайын дейді. Алайда, таңдаған мамандығыңа қызықпасаң, түсінбесең, болашағыңды көрмесең, мемлекеттік грант мәселені тек төрт жыл кейінге қалдырады. Диплом алған соң, ары қарай не істеймін деген сұрақ қайта туады. Сөйтіп, төрт жыл оқығаным бекер кетпесін деп, ұнатпаса да дипломы бойынша жұмысқа кіріп, сүйретіліп жүреді. Сабақты жақсы оқып, университет басшылығының көзіне түскендер магистратураға түсіп, мәселені тағы екі жылға шегеріп жатады. Бірақ әлгі сұрақ тағы шығады.

Осыған орай ата-аналарға айтарым, шамаларыңыз келгенше, балаңызға ұнайтын мамандығына оқуға мүмкіндік беріңіз, сапалы университет таңдаңыз. Қазір бәлкім қиналарсыз, бірақ кейін жемісін береді. Жүрек қалауымен таңдаған мамандық үшін сіз төрт жыл қиналасыз, ал мәжбүрлікпен таңдаған мамандық үшін балаңыз өмір бойы қиналуы мүмкін.

ҰБТ-дан төмен балл алу әрдайым баланың білімі төмен екенін білдіре бермейді. Балаңыз тығылтаяң сәтте қатты қобалжып ойын жинай алмауы мүмкін. ҰБТ-дан аз жинап, бірақ ойлау қабілеті дамыған, білімі терең студенттерді көп көрдім. Ақылы бөлімге түсіп, табандылығының арқасында грантқа ауысып, кейін студент бола тұра жұмысқа тұрып, о бастан грантта оқыған курстастарынан озып шыққандар да бар.

Не көп, заңгер мен қаржыгер көп, одан да техникалық мамандық таңдаған дұрыс деп ойлау да кейде қателікке әкеліп жатады. Мәселе аталған мамандықты таңдайтындардың көптігінде емес, мәселе бәсекеге дайын бола білуде. Заңгерлер мың болсын, миллион болсын маңызды емес. Сабақты өте жақсы оқып, мамандықты меңгерсеңіз, заман талаптарына сай болсаңыз, көптің ішінен ерекшеленуге болады. Өмірде парадокс жағдайлар көп кездеседі. Солардың бірі осы заң мамандарының көптігіне қатысты. Бір жағынан заңгерлер қаптап кетті дейміз, екінші жағынан ағылшын тілін еркін қолданатын, халықаралық заңнаманы білетін, тәжірибесі бар заң мамандарын таба алмай жүргендерді жиі көреміз.

Талапкерлер мен студенттерге айтарым, егер ата-анаңыз қиналса да, оқудың ақысын төлеп, тапқан-таянғанын сіздерге беріп отырса, оның қадірін біліп, берілген 4 жылдық уақытты мейлінше ұқыпты жұмсау қажет. Кітап оқудан көз ашпай, үйренуден жалықпай, бос уақытты білім жинаумен өткізсеңіз, ата-ана үмітін де, мемлекет үмітін де ақтайсыз және өмірде жетістікке жетесіз. Үздік болуға, кәсіби шыңдалуға ұмтылу қажет.