Азаматтар тұрмысының сапасын озық мемлекеттердегі деңгейге жеткізуді көздейтін мақсатты жолдағы басты кедергінің бірі – сыбайлас жемқорлық. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізуді мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы ретінде атап көрсетті. Осы орайда мемлекет тарапынан жемқорлықтың алдын алуға бағытталған кешенді шаралардың біртіндеп іске асырылып жатқаны да бар.
Әрине, сыбайлас жемқорлық әлемнің барлық елдерінде, оның ішінде дамыған мемлекеттерде де орын алып жатады. Десек те, бұл індет экономиканың бәсекеге қабілеттілігін барынша тежейтіні белгілі. Сондай-ақ, елдің халықаралық беделіне нұқсан келтіретіні мәлім. Бұлардың ішінде ең сорақысы, азаматтардың билікке деген сенімін төмендетіп, сол арқылы мемлекетке қауіп төндіреді.
Міне, осы орайда қай мәселеде болсын, ең алдымен, қарапайым халықтың мүддесін ойлау керек. Ал халықтың жанына бататыны күнделікті өмірде белең алып отырған, яғни халық жиі кезігетін – жемқорлық. Сондықтан, ең бірінші кезекте адамдарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің барлық түрі еш кедергісіз жүзеге асуын қамтамасыз ету қажет деп ойлаймыз. Неге десеңіз, қазір байқасаңыз, әлемнің ең дамыған отыз елінің өзгелерден басты айырмашылығы күнделікті қарым-қатынастардан туындайтын тұрмыстық жемқорлықты жойып, халықтың өмір сүруіне қолайлы орта туғызғандығында екен. Елбасының Қазақстанды барынша дамыған елдердің қатарына қосу жөніндегі сөзінің мән-маңызы да осында жатыр.
Ал біле білсек, елдегі жемқорлықты жою барысында қолданылатын шаралар аз емес. Елбасының тапсырмасы бойынша әзірленген 2025 жылға дейінгі мерзімге арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық стратегия жобасы бар. Бұл стратегияда сыбайлас жемқорлықты тудыратын себептер әбден зерттелген. Және мұндай кеселмен халық болып күресу қажеттігі зерделенген. Соның ішінде сарапшылар пікіріне сүйенсек, сыбайлас жемқорлықты тек құқық қорғау органдарының күшімен жеңу де, тежеу де мүмкін еместігі ашық айтылады. Сондықтан, ол індетпен күреске барлық халық араласуы тиіс.
Өйткені, сыбайлас жемқорлыққа деген әрбір азаматтың жеке көзқарасы қалыптасуы қажет. Егер осы кеселмен күресте әрбір азамат өзіндік азаматтық ұстанымын көрсете білсе, онда сыбайлас жемқорлықты тежеу оңайырақ болмақ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Үкімет қолға алып жатқан шараларға әркім өз үлесін қоса алса, адамдардың өзіне тиімді. Өйткені, әкімшілік кедергілерді жойып, билік ісіне халықтың өзі баға бере алатындай дәрежеге жету тек көпшіліктің жұдырықтай жұмылуымен жүзеге аспақ.
Жоғарыда айтылған, Елбасының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының 5-тармағында, осы стратегияны іске асыру бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган басты орган болып табылатындығы айтылған. Ал аталған стратегияны орындауға барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар мен мекемелер, компаниялар, саяси партиялар және басқа да қоғамдық бірлестіктер, тұтастай алғанда, азаматтық қоғам қатысатындығы сөзсіз.
Демек, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда қарастырылғандай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар жүйесінің негізі, әрине, алдымен халықтың өмірін жақсартуды көздейтін шаралар мен мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз іс-қимыл болып табылады. Ендеше, әл-ауқатымызды, тұрмысымызды, жай-күйімізді жақсарту үшін қолға алынған оң істерді етектен тартатын кемшіліктермен күресте еш ымыра болмауы керек.
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»