Ғұн патшасы Аттиланың дүниеден озуы, жоқтау айтылғандығы, иесін көксеп, тұлпарының көзінен жас саулайтыны, мәйітті иіскеуі, сәуегей жыраудың терең сезіммен толғанатыны, сыбызғышылардың күй тартуы, қойшының сарыны жүйе-жүйесімен баяндалады. Ұлы Даланың рухын, көшпелілердің дүниетанымын, мәдени-тілдік болмысын, ділдік ойлау мәнісін айна-қатесіз танытады.
Француз ғалымы, философ Жан-Жак Руссо: «Әділетті Аттила», ал Александр Дюма: «Құдіретті тәңірім, мені әрқашан қолтығымнан демеп, әр кез алға жетелейді Аттила» деген. Академик-жазушы Сәбит Мұқанов «Қазақ қауымы» дейтін тарихи-этнографиялық еңбегінде 1961 жылы Ватикан музейінде Аттиланың портретін көргенін жазыпты.
Аттила жауынгерлік дәстүрлерді, қару-жарақтар тілін, тетігін мінсіз меңгерген, 12 жасында кепілдікке алынып, Гонория сарайында Рум мемлекетінің ішкі және сыртқы саясатымен жете танысқан, білімпаздардан небір даналық дәрістерін мұқият тыңдаған, елінің тағдыр-талайына байыпты көзқарасы қалыптасқан.
Адамзат тарихында, әлем әдебиетінде, нақты айтқанда, латын, испан, итальян, ағылшын, француз, неміс тілдерінде Аттила бейнесі жан-жақты сомдалған. Аттиланы көрген грек жазушысы Приск, гот жазушысы, ағылшын мен француз ғұламалары оның болмыс-бітімін былайша суреттепті: «Оның бет-әлпетін көргендер нағыз азиат екенін айтпай-ақ біледі. Басы үлкен, өзі орта бойлы, мығым денелі. Көздері қысық, бірақ қараған жерін ойып түсердей өткір, жүрісі ширақ, сөйлегенде дауысы күмістей сыңғырлап өте жағымды естіледі...»
Аттиланың ұлылығын оның қалай жерленгенінен көруге болады. Ғұндардың астанасы Этцельбургтің басты алаңындағы биік тұғырға мәйіті қойылған. Меңсіз қара ат құрбандыққа шалынған. Жоғары дәрежелі абыз Қама ғұндардың рухына құрмет көрсетіп, олардан жер қойнына қалай тапсыруды сұрайды. О жақтан мынандай әуез естіліпті: Аттиланы үш қабат табытқа салуды ұйғарыпты. Біреуі – күндей жарқыраған алтын табыт, екіншісі – құйрықты жұлдыздай күміс табыт, үшіншісі – Аттиланың өзіндей темір табыт. Сонан соң Тисса өзенінің ағысын бұрып, оның түбіне табытты жайғастырып, өзенді табиғи арнасына қайта бұрып жіберген. Бұл – Аттиланың асыл сүйегін болашақ қауіп-қатерлерден қорғау үшін істелген.
Ұлы қолбасшы Аттиланың «Дипломатия және саясат», «Қолбасшылар және қолбасшылық», «Кеңес және өсиет», «Қабылдау мен абырой», «Мәселелер мен шешімдер», «Марапат пен жаза», «Мінез-құлық», «Айбаттылық», «Шешім қабылдау», «Өкілеттікті тапсыру», «Шыдамдылық», «Оқып үйрету», «Шешімталдық», «Мақсаткерлік» жайындағы даналық ойлары, яғни таза классикалық «Аттилизмдері» замандар бойы құнын жоғалтпай, біздің дәуірімізге тот баспай жетіп отыр. Оның афоризмдерін орыс тілінен қазақша сөйлетелік: «Табыстарға жету үшін көсемнің атақты болуы міндетті емес. Бірақ өзінің және өз ұлтының жауларына қарсы тұру үшін – жеңістерге деген құштарлық, өз ісінің дұрыстығына берік сенімі, рух, қажымас қайрат, ерлік атаулыны тудыратын қасиеттер болуы тиіс»; «Тобасынан жаңылған, менмен және бақайқұрт жетесіз көсемдер нағыз ұлылыққа сирек жетеді, оның есесіне кісі көзінше өзін ұлықтайды»; «Ұлы көсем өзін ешқашан да ұлықпын деп есептемейді»; «Әлсіз көсемнің айналасын дәрменсіз ғұндар қоршайды, Мықты көсемнің айналасын мықты ғұндар қоршайды»; «Ғұн бүкіл ғұмыр бойында қиындықты толық еңсеру үшін тәжірибенің теңдессіз мәнін тырнақтайынан терең ұғып-түсінуі абзал»; «Кез келген шешім тәуекелмен байланысты, егер де пікір айту мен шешім қабылдауды тасыр, топас адамға тапсырса, онда орасан зор қателіктерден құтыла алмайсың»; «Көсемнің ел қатарлы ғұннан айырмашылығы – күрделі шешімталдық қабілет-қарымында»; «Мықты көсем өз ғұндарын берекелі әрекет етуге қозғау салады әрі рухтандырады»; «Көреген көсем сәттілікті арқа тұтпайды, өз болашағын әрқашан ауыр еңбек, төзімділік, табандылық және оптимизммен жасайды»; «Ұлы көсемдер маңызды істерде жетістіктерге жету үшін шамалы ғана сәтсіздіктерге бой ұсынады»; «Көсемнің жұмысы қарапайым болса, онда барлығы көсемдікке барар еді»; «Дана көсем өз ғұндарының берекеті үшін жауапты екенін біледі, сондықтан лайықты іс-әрекетке мойынсұнады».
Задында, ғаламдық тұлға Аттиланың афоризмдері мемлекетшілдік, бастамашылдық, ұйымдастырушылық, қолбасшылық, мақсаткерлік сипаттар мен ұлттық сана-зердемізді, рухани жаңғыруымызды тереңдете түсері анық.