26 Қаңтар, 2010

ӨТКЕН ЖЫЛҒА – ОҢ БАҒА, БИЫЛҒА – БЕС МІНДЕТ

1179 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Өткен жыл қаржы дағдарысына қарамас­тан мәдени-ақпараттық сала үшін нәтижелі жыл болғаны белгілі. Министрлікке жүк­телген барлық тапсырмалар мен міндеттер уақтылы және сапалы орындалғанын тілге тиек еткен министр жылдың жемісті аяқ­талуын жұмыстың 2009-2011 жылдарға арналған Стратегиялық жоспар негізінде құрылуымен байланыстыра сабақтап, нақты жұмыстарды атап өтті. Мәселен, өткен жылы заңнамалық базаны жетілдіру мақсатында сала үшін маңызды бірқатар заң жобалары қабылданған. “Саяси партиялар туралы”, “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” және құжаттамалық қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі үш заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені, ал қазіргі уақытта Парламентте “Мәдениет туралы” заңның жобасын қарау жұмыстары аяқталып қалғаны, сонымен бірге Үкіметтің 45 қаулысы, Премьер-Министрдің 7 өкімі қабылданғаны айтылды. Елбасының Жарлығын орындау мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2010-2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспары әзірленіп, Үкімет қаулысымен бекітілгені де назардан тыс қалмады. Елбасының тікелей өзінің қамқорлығы арқасында қолға алынған “Мәдени мұра” ұлттық стратегиялық жобасының үстіміздегі жылы тағы да мемлекеттік бағдарлама ретінде басым бағыт болып қала беретінін айтқан Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед өткен жылдың қиыншылықтарына қарамастан, жоба толық көлемде жүзеге асырылып, қоғамдық қызы­ғу­шылық арта түсіп отырғанын айтты. Елба­сының былтырғы тікелей желі арқылы халықпен кездесуінен кейін келіп түскен хаттардың әрбір бесіншісі дәл осы мәдени мұра мәселесіне қатысты өрбуі де тегін емес. Сол себепті алда тұрған міндеттердің едәуір бөлігі жобаға қатысты әзірленген. Бағдар­ламаның бірінші кезеңінде негізінен аса ауқымды мәдени мұра салалары – соның ішінде фольклор, салт-дәстүрлерді зерделеу, ұлттық мәдениет үшін маңызы айтарлықтай тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, ұлттық әдебиет пен жазудың санғасырлық тәжірибесін жинау бағытындағы игі істер қолға алынса, екінші кезеңді жүзеге асыру арқылы мол мұраны қоғам игілігіне айналдыру көзделген. Сол себепті, оның осыған дейінгі атқарылған бөлігіне қарағанда, мұнан кейінгі шаралары маңыздырақ сезілуде. Мұны нақты көрсет­кіш­тер бойынша сөйлетсек, өткен жылдың басынан бері 12 қолданбалы ғылыми, 49 археологиялық зерттеу жұмыстары қолға алынса, 26 тарих және мәдениет ескерт­кіштерін де қалпына келтіру жұмыстары атқарылған. “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” мен “Қа­зақ­тың дәстүрлі 1000 әні” бірегей жобалары туралы да министр өз ойын ортаға салған. Ғалым-мамандар мұндай аса ауқымды жұмысты атқарғанда, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан, Моңғолия сияқты алыс-жақын бірталай шетелдерге іссапарларға шығып, толайым материалдар жинақтауға тура келген. Бүгінде күй жинау жұмысы біршама тиянақталса, ал ән жинақтау алдағы жылы тәмамдалады деп күтілуде. Мұның қай-қайсысы да еліміздің рухани мұратын асқақтатар ұлы жобалар деуге лайық деді баяндамашы “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша ойын сабақтай келе. Осынау қыруар қазына қарапайым халық үшін қол жетімсіз болса, төгілген терден не пайда? Сол себепті, алдымен ол халықтың игілігіне, пайдасына жарауы қажет. Мұндай мүмкіндікті қазірдің өзінде “Мәдени мұра”, “Ұлттық мұра” интернет-порталдарына кіре отырып, кеңінен пайда­лануға болады. Былтыр тек бір ғана “Мә­дени мұра” порталын әлемнің 50-ден астам елінен 200 мыңнан астам адам пайдаланғаны мәлім болды. Ендеше, жер-жерде осы салаға қатысты мағлұмат білгісі келетін жұртшылық саны айтарлықтай өсіп келеді деген сөз. Министр мәдениет саласына қатысты әң­гі­мелегенде, елімізде киноөндірісінің соң­ғы уақытта қарқын ала бастағанына тоқ­тал­ған. Бұл бағыт қай кезде де елдің стратегия­лық жобасы ретінде маңызды. Ұлттық киноөн­дірісті дамыту белсенді мемлекеттік қар­жылық қолдауға байланысты болғандық­тан, “Қазақфильм” киностудиясының тех­ника­лық жағынан жаңғыра түскені айтар­лықтай табысқа қол жеткізуде. Ғимаратта­рына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, түсіру, монтаж және дыбыс жазу студиялары кешенді сандық аппаратуралармен жабдық­талған, мультипликациялық фильмдерді өндіруге арналған жабдықтар жинағы сатып алынған. Өткен жылы “Қазақфильм” кино­студиясы бас-аяғы 11 көркемсуретті, 5 ани­мациялық және 3 деректі фильм ұсынған, прокатқа шыққан отандық фильмдердің үлесі екі жарым еседен астамға өскен. Төл киноның төңірегіндегі әңгімені министр алдағы уақытта көрермен назарына ұсы­нылатын тың фильмдермен сабақтады. Мәселен, осындай жаңа киножобалардың ішінде Тимур Бекмамбетовтің “Алтын жауынгер”, Егор Кончаловскийдің “Нағыз полковник”, Рүстем Әбдірашевтің “Менің балалық шағымның аспаны” фильмдері және 12 сериялы “Астана – махаббатым менің” сияқты тың туындылар бар. Еліміздегі театр өнерін дамыту мәсе­лесіне келгенде, сала басшысы республи­ка­лық театрлардың жұмысынан ой өрбітті. Был­тырғы жылы театр сахналарында мың­нан астам спектакльдер көрерменмен қауышса, соның ішінде 36 жаңа қойылым репертуарға қосылып, екі спектакль қалпына келтірілген. Өткен жылы Еуропа мен Ресейдің жетекші театрларымен шығармашылық байланыс орната отырып, бірнеше жаңа қойылымдар сахналанған. Олардың ішінде Джузеппе Вердидің “Аида” операсы, Адольф Аданның “Корсар” балеті мен Джакомо Пуччинийдің “Богема” операсы айтарлықтай табыспен өтті. Әсіресе, премьералар арасы­нан Италия композиторы Гаэтано Дони­цеттидің “Махаббат шырыны” операсы тура­лы, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Н.Сац атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрларында Ресейдің жетекші театрларынан келген әртістердің қатысуымен қойылымдардың қонымды шыққанын айрықша атап өтті. Сонымен қатар, соңғы уақытта мұндай сахналық құбылыстарды телеарналар арқылы беру дәстүрге айнала бастады. Ұлттық мере­келерге арналған концерттер де кеңінен на­си­хатталуда. Бұл салада тағы бір айта кететін мәселе – осы заманғы қойылымдарды жаңғырту мақсатында өткен жылдың ба­сында опера, балет, драматургия, камералық музыка, қазіргі заманғы және балалар әндері сияқты түрлі жанрдағы аталымдар бойынша “Тәуелсіздік толғауы” байқауы жариялан­ғаны белгілі. Бүгінде оның қорытындысы шығарылып, үздік аталынған туындылар биыл еліміздің басты сахналарында жұртшылыққа ұсынылатынын айтты. Театр саласындағы басты жаңалықтың бірі – биыл қазақстандық он опера әншісі Миланның атақты Ла Скала опера театрында бір жылдай тәжірибе алмасып қайтады деп жоспарланып отыр. Бұл бұрын-соңды сахна тарихында болмаған оқиға екені даусыз. Ал Лермонтов атындағы орыс драма театрына Ресейдің белгілі әртісі Сергей Безруков келіп өнер көрсетеді деп күтілуде. Министр жұмыстың маңызды бір бөлігі отандық мәдениетті шетелдерге насихаттау екенін айтты. Мәселен, өткен жылы Қазақстанның мәдениет күндері Еуропа, ислам және ТМД-ның бірталай елдерінде кең ауқымда өтіп, 50 мыңнан астам адам Қазақстанның өнерімен сусындағанын, әсіресе, Біріккен Араб Әмірлігі, Беларусь, Түркіменстан, Сауд Арабиясы, Иорданияда мәдени шаралардың өте жоғары деңгейде өткендігін тілге тиек етті. Қазақстанның Германиядағы жылында елуден астам мәдени іс-шара өткен. Музей саласында жыл сайын көшпелі және стационарлы көрмелер, лекциялар ұйымдастырылып тұратынын айтқан сала басшысы орташа есеппен алғанда мұндай іс-шараның саны 20 мыңға жеткенін, ал қатысушылардың 1 миллионнан асқанын алға тартқан. Әрбір төртінші қазақстандық көпшілік кітапханалардың қатысушысы болып табылады екен. Жалпы алғанда көпшілік кітапханалардың жиынтық қоры 70 миллион 650 мың сақтау бірлігін құрай­тынын, сондай-ақ бұл бағытта “Қазақстан кітапханасы” мемлекеттік қорын қалып­тастыру бойынша және электронды қызмет көрсету жұмыстары жалғасатынын баяндаған министр “Жол картасы” бағдарламасы аясында еліміздегі 182 мәдениет ошағына жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, бұл мақсатта мемлекет тарапынан 4 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалып, 9 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғанын, осы үрдіс әрмен қарай жалғаса беретінін айтты. Тілдерді дамыту саласы бойынша министрлік 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырып келе жатқаны әңгіме арқауына айналды. Оның аясында ауқымды шаралар жүзеге асқан, мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесі ұдайы жетілдіріліп келеді. Биыл таралымы 260 мың дананы құрайтын 8 сөздік жарық көрсе, 6 сөздік, сондай-ақ салалық терминологиялық анықтамалықтар интернет желісіндегі тілдік порталға орналастырылған. “Мемлекеттік қызметкердің тілдік портфелі” жеткілікті таралыммен басып шығарылса, 19 аталымның – электронды аудио және бейнекітаптар, грамматикалық анықтама­лық­тар, сөздіктердің жинақталуы мемле­кеттік тілді оқытудың кеңейтіле түскенін айғақтайды. Мәселен, мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының саны екі есеге көбейіп, бүгінде 93-ке артуы бекер емес. Оның 63-і мемлекеттік болып саналса, алдағы уақытта мұндай орталықтардың санын 120-ға жеткізу жоспарланып отыр. Ақпараттық саладағы министрліктің қыз­меті жөнінде де көп мағлұматтар келтірілді. Бүгінде республикада 2946 бұқаралық ақ­парат құралдары жұмыс істесе, олардың 80 пайыздан астамы жеке меншік БАҚ-тар. Мемлекеттік тапсырыс арқылы бүгінде қазақстандықтар 182 тақырып бойынша әлеуметтік маңызды, өзекті ақпараттарды алып отыр. Өткен жылы, – деді Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, – мыңнан астам республикалық және 3 мың өңірлік іс-шараларды жарыққа шығаруды ұйымдастырдық, 93 медиа-жоспар іске асырылды. Мемлекеттік телеарналар эфиріндегі төл бағдарламалардың ұлғая түскенін атап өтті. Бүгінде 75 пайыздан астам бағдарламалар мен хабарлар отандық өндірістің еншісіне тиіп отырғанын баян­дады. Сондай-ақ, өткен жылы жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 96 елді-мекеннің телевизиялық және радиобағдарламаларды қабылдау мәселесі 96 таратушы және 23 радиотелевизиялық стансалардың жұмысын іске қосу арқылы шешілген. Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару да ми­нистрліктің стратегиялық басым бағытта­рының бірі болып саналатыны айтылды. Өткен жылы жалпы 111 3500 дана тара­лыммен 472 атаулы кітап басып шығарылса, олар түгелімен кітапханаларға таратылған, таңдаулы опера және балет туындыларының 20 партитурасы және 20 клавирі шыға­рылған. Министр бірегей жобалардың ішінен “Қазақтың 100 романы”, “Қазақ әдебиеті ескі заманнан біздің күнімізге дейін”, “Мемлекет және тарих”, “Табиғат”, “Балаларға арналған қиял-ғажайып әдебиет” сияқты серияларды айрықша атап өтті. Мұрағат саласы бойынша да белсенді жұмыстар жүргізілгені нақты мысалдармен жеткізілді. Жыл сайын шетелдердің мұра­ғат­тарынан еліміз үшін небір құнды жауһарлар алынып келуде. Өткен жылы мұрағаттар 235 мыңнан астам мұрағат құжаттарымен, 300-ге жуық қолжазбалармен толығыпты. Министрліктің елеулі міндеттерінің бірі азаматтық сектормен қарым-қатынасты орнықтыру екені назардан тыс қалмады. Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруға қатысуын одан әрі кеңейту мақсатында қаржыландыру көлемі миллиард теңгеге дейін жеткен. Министрлік қолдауымен 206 үкіметтік емес ұйым әртүрлі бағыттардағы 226 әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырғанын айтқан министр мұнан кейінгі уақытта да этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық одақтарға ұдайы қаржылай қолдау көрсетіле беретініне тоқталды. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Қазақстанның биыл ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін барынша ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету, ауқымды мәдени шараларды жүзеге асыру міндеті тұрғанын айтып, Конституцияның 15 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 65 жылдығын атап өтуге қатысты іс-шаралар жөнінде баса айтып өтті. БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен технологиялық құрамын дамытуға қатысты ой түйіндеді. “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020” жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жыл аяғына дейін жасалатынына сендірді. “Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” ҚР Заңының жобасын әзірлеп, Парламентке дер кезінде енгізу керектігін айта келіп, министр одан әрі тағы бір елеулі оқиға – биылғы жылы Қазақстанның бастамасымен БҰҰ жария­лаған мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылына арналған ауқымды іс-шаралар төңірегінде ой өрбітті. Мұнан соң “Қазақстан” республикалық телерадиокорпорациясы” АҚ президенті Жанай Омаров шығып, өз ойын ортаға сал­ды. Ол 14 облыстық телерадиокешендердің жаңа бағыттағы атқарып жатқан жұмыстары туралы, қазақ тілінде дайындалатын хабар­лардың арта түсетіндігін, биыл Ресей теле­арналарымен бәсекелестікті үдетіп, отандық бағдарламалардың үлесін арттыруға қатысты тың жобалар әзірленіп жатқандығын айта келіп, “Екі жұлдыз” ұлттық жобасы секілді көпшілікті баурайтын бағдарламаларды тілге тиек етті. “Ағайынды”, “Астанаға көктем кеш келеді” атты төл көрсетілімдер әрмен қарай тағы да шынайы туындылармен жалғаса береді деді. Шәкен Айманов атындағы “Қазақ­фильм” АҚ президенті Ермек Аманшаев Үкімет басшысына өзінің әріптестері мен кинематографистердің атынан алғыс білдірді. Киностудияның соңғы жылдарғы жетістік­теріне тоқталды. Әсіресе, техникалық жа­ғынан қайта жаңғырған отандық киностудия бүгінде жұрт көңілінен шығатын сапалы фильмдер шығара бастағаны қуантады. Ки­ностудия басшысы алдағы жыл көрермен­дермен барынша жақындасып, қазақ киносына деген қызығушылықтың арта түсетін өсу кезеңі болатынына сендірді. Парламент Мәжілісінің депутаты, Қа­зақстанның Азаматтық альянсының прези­денті Айгүл Соловьева ІV Азаматтық фо­румды өткізуге жәрдемдесіп, қолдау көрсеткен Үкіметке алғысымды білдіремін деп сөз бастады. Форумға мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар, оның ішінде халықаралық ұйымдар да қатысқанын, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері алғаш рет министрлермен тең дәрежеде өзекті мәселелерді бірге талқылағанын сөз ете келе, ұйымдардың саны 5 мыңнан өткен жылы 18 мыңға дейін көбейгенін, мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыстың жылына 2 миллиард теңгеге дейін ұлғайғанын атап өтті. Азамат­тық альянс “Нұр Отан” партиясымен бірге тың жобаларды әзірлеуге қатысып келе жатқанын, “Жол картасы” бойынша біраз істер атқарылғанын айтып, министрліктің үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қа­тынаста жұмыс істей беретініне сенім артты. Ақтөбе облыстық мәдениет басқарма­сының бастығы Нәзира Табылдинова облыс көлемінде “Жол картасы” бағдарламасы аясында барлығы 873,6 миллион теңгеге 51 нысанның күрделі жөндеуден өткенін, 200 тұрақты жұмыс орны ашылып, ауылға жастарды тұрақтандыруға мүмкіндік жасалып отырғанын, биыл ауылдағы 8 мәдениет мекемесі, 2 театр мен 2 музей жөндеуден өтетінін айтты. Екі жылда “Мәдени мұра” жобасы бойынша 256 миллион теңге игеріліпті. Ахмет, Ғазиза Жұбановтарға, Шығанақ Берсиевке, Талғат Бигелдиновке, Әлия Молдағұловаға Астана мен Ақтөбеде орнатылған ескерткіштер қалаға архитек­туралық көркемдік, халыққа рухани күш беріп тұрғанын әңгімеге арқау ете келе “Қо­быланды батыр” мемориалдық кешенінің ашылуы, Абат-Байтақ кесенесіне алыс-жақын шетелдерден келуші туристердің көбеюі облыстағы мәдени іс-шаралардың қарқын ала түсуіне септігін тигізіп жатқанын айтты. Биыл, – деді ол – мәдени мұра жұ­мыстары Мөңке бидің, Нұрпейіс ақынның мұраларын зерттеумен, Бөгенбай батырдың ерлігі мен тарихтағы орнына байланысты деректерді анықтаумен жалғасады. Осы тұрғыда Н.Байғаниннің 150 жылдығын республика көлемінде атап өту шараларына қолдау көрсетулеріңізді сұраймын деді. Жиын соңында сөз алған Үкімет бас­шысы Кәрім Мәсімов министрліктің өткен жылғы жұмыстарына оң баға бере келе, биылғы бес басты міндетіне тоқталды. Оның біріншісі – “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты болса, екіншісі Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясында берген тапсырмасын орындау мақсатында “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына” қатысты айтылды. Үшінші мәселе – келесі жылдан бастап сандық телевизияға көшу. Төртінші міндет, мемлекеттік емес ұйым­дармен әрмен қарай осы қарқында жұмыс істей беруі. Бесінші – қазақ мәдениетін әлемдік аренаға шығару міндеті – Тәуел­сіздік тақырыбына арналған жаңа туын­дыларды дүниеге әкелу, деп қысқаша ой түйіндеген Үкімет басшысы министрліктің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Алқа отырысына қатысушыларға арнап ұйымдастырылған кітап көрмесінен отандық баспа өнімдерінің үздік үлгілерін көруге болатын еді. Қазақстан тарихы, Қазақ әдебиетінің кітапханасы сериясы бойынша жарық көрген М.Әуезов, Ә.Бөкейхан, Б.Майлин, І.Есенберлин, Ә.Кекілбаев... туындылары, басқа да түрлі көптомдықтар мен әр тақырыптарға әдебиеттер “Мәдени мұра” жобасының нақты жемістері іспетті қаз-қатар тізілгенде, көңіл тұшындырған. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. КОМИТЕТТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер ми­нис­трі­нің орынбасары Нұрлан Ермек­баевтың төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шара­ла­ры жөніндегі кеңес (АӨСШК, Азия кеңесі) Аға лауазымды тұлғалар ко­митетінің (АЛТК) кезекті отырысы өтті. Кездесу үстіміздегі  7-9 мау­сым­да Ыстамбұлда өтетін  АӨСШК-ге қатысушы елдер Мемлекет және Үкімет басшыларының үшінші сам­митін дайындау және өткізу мәсе­лелерін талқылауға арналды. Кездесу барысында бүкіл Азия құрлығында қауіпсіздік пен сенімді нығайтуға бағытталған жаңа қауіп-қатерлерге байланысты, әскери-саяси және экономика өлшем­дерін­дегі іс-шаралар жиынтығы талқы­лан­ды. АӨСШК Артықшылықтары мен иммунитеттері жөніндегі кон­венциясының жобасы, АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздік және ақпараттық тех­но­ло­гиялар салаларындағы ынтымақ­тас­тығы жөнінде тұжырымдамалары мен іс-әрекеттер жоспарлары қарас­тырылды. АЛТК отырысы нәтижесінде энер­гетикалық қауіпсіздік саласын­дағы ынтымақтастық жөніндегі тұ­жырымдама мен іс-әрекеттер жос­пары бекітілді. Таиланд Корольдігі мен Әзірбайжан Республикасы Азия кеңесі бизнес-форумының уақыты мен орны (ү.ж. қыркүйек, Бангкок қаласы) және көліктік дәліздердің қауіпсіз және тиімді жүйесін дамыту жөніндегі ықпалдастық саласындағы сенім шараларын жүзеге асыру бойынша сарапшылар кездесуінің мерзімі мен орны (ү.ж. наурыз, Баку қаласы) белгіленді. АӨСШК-ге қатысушы елдер қатарында Ауғанстан, Әзірбайжан, Египет, Үндістан, Иран, Израиль, Иордания, Қазақстан, ҚХР, Корея Республикасы, Қырғызстан, Моң­ғолия, Пәкстан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, БАӘ, Өзбекстан бар. “Егемен-ақпарат“. “АУҒАН МӘСЕЛЕСІ” – БАСЫМДЫҚТАРЫМЫЗДЫҢ БІРІ Осы аптада Мәскеуде Кедендік одақ комиссиясының 13-ші басқосуы өтеді. Оған қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің бірінші орынбасары әрі Кедендік одақ комиссиясының мүшесі Өмірзақ Шөкеев бастап барады, деді кеш өткен дәстүрлі апталық брифингте Cыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов. Басқосу барысында делегациялар шеттен әкелінетін тауарларға ке­ден­дік баж салығын салу мен тепе-тең маңызға ие басқа да салықтар мен алымдарды есептеу мен бөлу тәр­ті­бін, Одаққа мүше елдердің салықтық өкілдер тобын құру жөніндегі жобаларды қарастыратын болады. Сонымен қатар, тарифтік емес рет­теу­дің ортақ жүйесін ұйымдастыру, Сыртқы сауданы реттеу жөніндегі ко­митет құру және үш елдің бірың­ғай экономикалық кеңістігін құруға бағытталған күнтізбелік жоспарды бекіту жайы талқыланады, деді рес­ми өкіл. Апта ішінде штаб-пәтері Швей­ца­рияның Женева қаласында орна­ласқан беделді халықаралық үкімет­тік емес ұйым – Дүниежүзілік эко­но­микалық форумның жыл сайынғы сессиясы өткізілмек екен. Швей­царияның Давос қысқы курортында өткізуіне байланысты Давос форумы деген бейресми атауға ие бұл бас­қосуға баратын қазақстандық деле­гация  форум аяғында өзара тиімді ха­лықаралық қатынастарды дамыту мәселелері бойынша шетелдік және халықаралық ұйымдар өкілдерімен екі­жақты кездесулер өткізбек көрінеді. 28 қаңтар күні  Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ұлыбританиялық әріп­тесі Дэвид Милибэндтің шақы­руы­мен және ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде Лондонда Ауған­стан мәселелерін талқылайтын ар­найы халықаралық конференцияға қатысады деп күтілуде, деген ресми өкіл шара барысында Ауғанстанда әскери қауіпсіздікті нығайту, осы ел­дің экономикалық дамуын қолдау, сая­си жағдайдың тұрақтануына көр­ші мемлекеттердің атсалысуы,  қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мен ұлт­тық даму мақсаттарын орындау үшін жауапкершілікті ауған үкіметіне жүктеу сынды негізгі төрт мәселе қарастырылатынын айтты. Қанат Саудабаев конференция­да­ғы баяндамасында Қазақстан тара­пы­ның ауған халқына көрсетіп келе жат­қан көмегі және Ауғанстанда бей­біт өмір салтын нығайту үшін қазіргі төраға ретінде Ұйымның үлесін ұл­ғайту сынды ұсыныстарға тоқталмақ. Қазақстан төрағалық қызметінде “ауған мәселесін” ЕҚЫҰ-ның 2010 жылғы қызметіндегі негізгі басым­дық­тардың бірі деп қарастырады. Осы орайда Қанат Саудабаев отан­дық дипломатияның жетекшісі Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың ағым­да­ғы жылы Ұйым саммитін өткізу туралы бастамасын конференцияға қатысушылардың назарына ұсынбақ. Бүгінде Ұйымға мүше 56 елдің 43-і ауған елін қалпына келтіру жоба­ла­ры­на атсалысып отырғанын ескерсек, бұл мәселе Саммиттің аса маңызды тақырыптарының біріне айналуы әбден ықтимал. Сондай-ақ, конфе­рен­цияға байланысты шаралар аясын­да Қанат Саудабаевтың бірқа­тар шетелдік әріптестерімен екіжақты кездесулері жоспарланыпты. 29 қаңтарда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясында тағы бір шара өткізілмек екен. Ол – Алматыда  ұйым­дастырылатын “Азия-Еуропа жолындағы логистиканың рөлі” атты халықаралық конфе­рен­ция. Оған Көлік және коммуника­ция­лар ми­нистрі Әбілғазы Құсайы­нов, Сыртқы істер министрлігі мен Қаржы   ми­нистр­лігінің Кедендік ба­қы­лау коми­тетінің өкілдері, Қазақ­стан, Литва, Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығы және басқа да шет елдер­дің іскерлік топтары қатысады деп күтілуде. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ. ЕСЕП БЕРУДЕ ЕСКЕРТІЛГЕН ЕДІ Қала әкімінің өткен жылғы есеп беру жиынында қала маңындағы Бөкенші ауылының тұрғындары ұзақ жылдар бойы өз шешімін таппай келе жатқан ауыз су мәселесін көтерген еді. Соған орай, әкім тарапынан уәде берілген болатын. Сол уәде бар-жоғы бес ай ішінде орындалып, жалпы құны 77,5 миллион теңге тұратын су құбыры пайдалануға берілді. Сөйтіп, басталған жылда бөкен­шіліктер қуанышқа кенеліп отыр. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.