Аймақтар • 22 Шілде, 2017

Жамбыл облысында егінжай күні өтті

194 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауылшаруашылығы саласындағы басым бағыттағы дақылдарға  әртараптандыруды жалғастыру және олардың өнімділігін арттыру бағытында тәжірибе алмасу мақсатында Жамбыл облысы Меркі ауданында «Егінжай күні – 2017» семинар-кеңесі өтті.

Жамбыл облысында егінжай күні өтті

Семинар-кеңес барысында қатысушыларға қант қызылшасы, жеміс-жидек және басқа да бақша дақылдарын өсірудің тың тәсілдері таныстырылып, атқарылып жатқан жұмыстар насихатталды. Семинарға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, аудан әкімдері, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары, облыстағы шаруашылық жетекшілері және республикадағы ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары қатысып, салада атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Жалпы, биылғы жылы облыста пайдаланылмай жатқан алқаптарды айналымға енгізу арқылы егістік көлемі 623,0 мың гектарға жетіп отыр. Нәтижесінде соңғы үш жылда пайдаланусыз жатқан жер көлемі 26,9 мың гектарға қысқарған. Сонымен қатар, биылғы жылы жаздық арпаның егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7,0 мың гектарға азайып, нәтижесінде басым дақылдар болып саналатын қант қызылшасы, майлы дақылдар, дәндік жүгері, көкөніс, бақша алқаптарының көлемі артқан.

Сондай-ақ, облыста 2015 жылы алғаш рет отырғызылған үдемелі алма бақтардың аумағы өткен жылы 112 гектарға ұлғайып, 235 гектарға жетсе, биылғы жылы қосымша 90 гектар алма бағы отырғызылып, жалпы көлемі 325 гектарды құрады. Семинар барысында алма өсірудің технологиялық картасы және алма сақтайтын 300 тонналық мұздатқыш қойма таныстырылды.

Өңірде биылғы жылы қант қызылшасы 9,0 мың гектарға егіліп, оған қажетті тұқым сатып алуға облыстық бюджеттен 220 миллион теңге бөлінген болатын. Енді өнімді жинау науқаны кезінде қант зауыттарына 155 мың тонна тәтті түбір өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, өткен жылы су үнемдеу технологиясы 11 973 гектарға енгізілсе, ағымдағы жылы  оның көлемі 15 015  гектарға жетті.

Жалпы егіншілікте озық технологияларды қант қызылшасына енгізу қолға алынуда. Бұл бағыттағы жұмыстар да семинар кезінде көпшілікке көрсетілді. Мысалы, биылғы жылы 1 555 гектар қант қызылшасына тамшылатып суару технологиясы енгізілсе, 1 325 гектарға жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді.

Семинар барысында тұқым шаруашылығы жайы да сөз болды. Бүгінгі таңда аймақта 6 элиталық тұқым шаруашылығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, соңғы жылдары мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде өңірде мал шаруашылығы қарқынды дамып келетінін айта кету керек. Енді олардың өнімділігін арттыру үшін сапалы мал азығы базасын жасау керек. «Меркі ет комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі семинар осы мәселеге арналды.

Жалпы жыл басынан бері облыстағы мүйізді ірі қара саны 4,4 пайызға артса, қой саны 2,1 пайызға, жылқы басы 5,2 пайызға, ет өндірісі 6,8 және сүт өндіру 2,8 пайызға артқан. Айта кету керек, биылғы жылы мүйізді ірі қараның аналық басы 9,9 пайызға артып отыр.  

Қазіргі кезде Жамбыл облысында 20 мың бас ірі қараны бордақылауға арналған 26 бордақылау алаңы жұмыс жасап келеді. Өткен жылы бұл алаңдар  451,3 тонна сиыр етін экспортқа шығарса, ағымдағы жылы сиыр етін экспорттау көлемін 500 тоннаға жеткізу міндеті белгіленген. Бүгінгі күнде таза және қайта өңделген түрде 16,5 тонна сиыр еті және 45,2 тонна қой еті экспортталды.

Семинар барысында мал шаруашылығында ет экспортының көлемін арттыру жайы да талқыланды. Облыста аталған мәселені кешенді түрде жоспарлап, жүзеге асырып жатқан «Меркі ет комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктесігі болса, одан бөлек, облыста 2 ірі ет комбинаты өз жұмыстарын бастады. Оның бірі жылына 1 757 тонна ет өндіретін Жамбыл ауданындағы «Оңтүстік халал тағамдары» серіктестігі болса, екіншісі  жылына 732 тонна ет өндіретін Қордай ауданындағы «Первомайские деликатесы» серіктестігі.

Жалпы, семинар-кеңес барысында ауыл шаруашылығы саласына инновациялық технологияларды кеңінен енгізу қажеттігі де сөз болды. Бұл мәселе төңірегінде де тиісті басшыларға тапсырмалар берілді.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»