Үкімет • 24 Шілде, 2017

Қаржы игеру қарымдылықты қалайды

343 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміз биыл ішкі жалпы өнімнің тұрақты өсімін 5 пайызға дейін жеткізуді көздейді. Бұған қажетті әлеует те жоқ емес. Тек, тынымсыз жұмыс, тиімді шешімдер қажет. Әрине, оған қоса бюджеттің берекелі игерілуіне икемделу де керек-ақ.

Қаржы игеру қарымдылықты қалайды

Үкімет алты айда атқарылған жұмысты қорытын­дылап, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы даму дең­гейімізді жариялады. Нәтиже жаман емес,  ІЖӨ көрсеткіші 4,2 пайызға арт­қаны мәлімделді. Дегенмен, нағыз сынақ кезеңі әлі алда сыңайлы. Премьер-Министр Бақытжан Сағын­таев­тың Үкімет мүшелеріне «босаңсуға болмайтынын» ескертіп, олқылықтарды түзеуді тапсырғаны да  осы­ған дәлел. Үкімет басшысы кейбір кемшіліктерді көріп отырғанын айтып, бюджет қаржысының шығыс бөлі­гі­нің орындалуына мониторинг жүргізу қажеттігін тап­сы­рған еді. Ол қандай кемшіліктер десек, «таяқтың ұшы» бюджет қаржысын игеру жайына келіп тіреледі екен. 

Иә, «пәленше пайызы» игерілмей қалған деген сөзден құтылатын күн тумай тұр. Бұл мәселе биылғы жылдың басында Елбасының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да біраз сынға алынып, талқыға түскен болатын. Мемлекет басшысы Үкіметке бюджеттен бөлінген қаржының бір тиынын да рәсуа қылмай, тиімді игеруді ескерткен. Себебі, уақытында игерілмей қалған қаржы жылдың соңында «әйтеуір игерілуі керек екен» деген сылтаумен, орынсыз жұмсалып кету қаупі де жоқ емес. 

«Бөлінген қаржыны игеру» деген термин бар. Жыл бойына ақшаны алмай келеді де, жылдың аяғында қаржы игерілмеді деп айтпасын деп қаржыны қайда болса да шашады. Яғни, тек игерілді деген қорытынды алу үшін осындай қадамға барады», деген еді Мемлекет басшысы кеңейтілген жиында. Осы орайда Президент бұл мәселе қадағалауда болуы тиіс екеніне баса назар аударды. «Қаржы игерілмеген жерде бұл ақшаны алып, игеруге қауқарлы бағыттарға жіберу керек. Бюджетті қорғаған кезде әрбір министрлік түрлі бағыттарға қаржы сұрап келеді. Демек, осының барлығы негізсіз талаптар болғанын білдіреді. Оларды қаржыны игеруге мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Келесі жылы осы ведомствоға тиісті сомада қаржыны қысқарту керек», деп тапсырған. Әрине, бұл өткен жылдың соңында игерусіз қалған қаржыға қатысты айтылған. Бірақ биылғы жартыжылдықтың қорытындысында да игерілмеген сомалар анықталып отыр. 

Биылғы жартыжылдықтағы бюджеттің орындалуы жайына тағы бір оралайық. Қаржы министрлігінің мәлі­меттеріне сүйенсек, бюджеттердің барлық деңгей­лерін­де кірістердің өсу қарқыны қамтамасыз етілген. Бірақ бар мәселе сол шығыстарда болып отыр. Шығыстар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жарты трил­лионға өскен. Есептеп көріңіз, бұл көрсеткіш 2010 жылдың бюджеті көлемінен 200 млрд теңгеге көп. Енді сол шығыстардың игерілу жайына жекелей тоқталайық. Республикалық бюджет шығыстары 4 406,3 млрд теңгеге, яғни, 99,2 пайызға игерілген. 4,9 млрд теңге үнемделіп, 30 млрд теңге игерілмеген. Бұл атқарылған шығыстардың жалпы көлемінің 0,7  пайызын құрайды.  

«Қаражатты игеру кезінде өнім берушілердің шарттық міндеттемелерді орындамауы, өткізілмеген конкурстар және олардың ұзақ өткізілуі, іс-шараларды өткізу мерзімдерін кейінге қалдыру фактілері әлі де бай­қалады», дейді Қаржы вице-министрі Берік Шол­пан­құлов. Вице-министр бюджет қаржысын неғұр­лым көп игермеген мемлекеттік органдардың тізімін де жариялады. Мәселен, Мәдениет және спорт министрлігі – 7,2 млрд теңгені, Қаржы министрлігі – 7,1 млрд теңгені,  Ауыл шаруашылығы министрлігі – 4,1 млрд теңгені,  Бас прокуратура – 2,7 млрд теңгені, Энергетика министрлігі  2,2 млрд теңгені игермеген. Ал бұл игерілмеулерді бол­дыр­мау үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен жергілікті атқарушы органдар конкурстарды өткізуді, шарттарды жасасуды және оларды уақтылы орындауды созбауға тиістігін ескертті. Әрине, бұл ретте бюджет заң­н­амасының бұзылмауы тағы бар.

Үкімет отырысында айтылған мәлі­меттерде, 64 республикалық бюджеттік бағ­дарламалар бойынша жыл соңында игерілмеу сомалары қалыптасу қаупі бар екені де айтылды. Ол бағдарламалар бо­йынша 119 млрд теңгеге келісімшарттар әлі жасалмаған. Олардың ішінде 19 млрд теңге халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асырылатын жобалар бо­йынша бөлінбеген сома екен. Бұл жағдай мемлекеттік органдардың халықаралық ұйымдармен жұмыс жасауға ынталары жоқ екенін көрсетіп отырғандай. «Оларға бюджеттен тікелей қаражат алған, әрине, оңайырақ» дейді Қаржы министрінің орынбасары Б.Шолпанқұлов.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары да толық қамтыл­ма­ған. Мәселен, 474,1 млрд теңге сомасында өңірлерге бөлінген нысаналы трансферттер 96,5 пайызға игеріліп, 15,5 млрд теңге игерілмеген. Оның ішінде, 6,3 млрд теңге – Астана қаласына, 3,6 млрд теңге – Алматы қаласына, 1,7 млрд теңге – Қызылорда облысына, 1,1 млрд теңге Ақмола және Жамбыл облыстарына тиесілі. Игерілмеудің негізгі себебі жұмыс кестесінен қалыс қалу, шарттарды кеш жасасу жағдайларымен түсіндірілген. 

Бұл ретте өткен жылдың қорытындысына назар аударған жөн. Қаржы министрлігі­нің ақпаратына сүйенсек, шығындар бо­йынша жоспардың орындалмауы – 145,9 млрд теңгені, соның ішінде Үкіметтің пайдаланылмаған резерві – 75,6 млрд теңгені, үнем  – 34,3 млрд теңгені, игерілмеу 36 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырысты орындауға бөлінген 12  млрд теңге пайдаланылмай қалған, 2016 жылы әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге бөлінген бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылған сомасы 267,9 млрд теңгені құра­ған. Бастысы, игерілмеудің  негізгі себеп­­тері жылда қайталана беретіні де, бұл салағ­а шынымен мониторинг жүргізіп, нақты шешім­дер қабылдауды қажет ететіндей. 

Әрине, жалпылай алғанда, бүкіл бюджет шығысының 0,7 пайызы ғана игерілмегеніне шүйлігу «тиын санағандай» болып көрінуі мүмкін. Бірақ жоспарлы түрде бюджеттен бөлінген қаржының әрбір тиынының өз шешетін мәселесі бар екенін естен шығармаған абзал. Тіпті, қазіргідей жаһандық экономика дағдарыс дертінен толық айыға алмай отырған келеңсіз кезеңде арқаны кеңге салуға болмасы анық. Ал өткен жылы әлемдік тау­ар нарығындағы қолайсыз конъюнктура, мұнай секторында өндіріс көлемдерінің қысқаруы Ұлттық қорға түсетін түсімдер­дің азаюына әкеп соққанын, Ұлттық қорға түсетін түсімдер 10,8 трлн теңгеге немесе 2015 жылмен салыстырғанда 8 еседен көп 

Динара Бітік,

"Егемен Қазақстан"