Бизнес • 24 Шілде, 2017

Көкөніс шаруашылығын дамытуға не кедергі?

916 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Көкөніс-бақша дақылдарын өсіру – ауыл шаруашылығының маңызды саласының бірі. Ғылыми тұрғыдан зерттеп, бәсекеге қабілетті сұрыптар мен инновациялық технологияларды өндіріске енгізу арқылы шаруашылықтың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отырған бірден-бір мекеме – Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты. Аталған мекеме мамандары соңғы жылдарда отандық тұқым сұрыптарын шығаруда бірқатар кешенді жұмыстарды жолға қойған. Негізі 1946 жылы қаланған институт бес бағытта жұмыс істеп келеді.

Көкөніс шаруашылығын дамытуға не кедергі?

Институттың бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Т.Айтбаевтың айтуынша, қазіргі кезде шетелдік тұқымдарға тәуелділік азайып, отандық сұрыптарға сұраныс артып келеді. Осыған байланысты картоп және көкөніс өнімдерінің тектік қорын қалыптастыру бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары 450 гектар аумақта жүргізіледі. Мұнда мемлекеттің қолдауымен биотехнологиялық зертхана жасақталған. Институт зертханасында әлемнің 40 елінен жинақталған картоптың – 2100, көкөніс-бақша дақылдарының 100 мемлекеттен әкелінген 12500 сұрып үлгісі бар. Сынақтан өткізілген көрсеткіштері жоғары, құрамы бай сорт үлгілері селекциялық жұмыстарға ұсынылады. 

1991 жылы Мемлекеттік сұрыптар тізбесінде отандық сорттың бар-жоғы 6 дақыл түрінен 12 сұрпы болған. Қырыққабат, сәбіз, қызылша, жылы­жай көкөністері, аскөк, қияр, тәтті бұрыш, баялды секілді дақылдардың отандық сұрыптары болмаған. Сол жылдарда шетелдік сорттарға тәуелділіктің сал­дарынан алыс-жақын шетелдерден көкөніс тұқымдары көптеп тасымалданды. Қазіргі кезде отандық жаңа сорттар шығару бағытында жасалған жұмыстар нәтижесінде бұл көрсеткіш 25 түрлі дақылдан 170 сұрыпқа жетіп отыр. Инс­титут мамандары осылайша отандық сорт­тар­дың шетелдік тұқымдарға деген тәуел­ділігін жойып, дақыл түрлерін көбейтті. Әрі жоғары өнімді, қолайсыз ауа райына, ауруларға төзімді отандық бәсекеге барынша қабілетті жаңа сорттар шығарды. 

Институтта оңтайлы отырғызу мерзім­дері, суару әдістері, тыңайту жүйе­лері, зиянкестермен күрес, арамшөптерден қорғау, жинау мерзімі, жасыл технология сияқты кешенді жұмыстар картоп және көкөніс бақша дақылдарын өсіру технологиясына орай жасалады. Ал сақтау және қайта өңдеу жұмыстары барысында дақылдардың жарамды, жарамсыздығы қадағаланады.

Шаруашылықтың 28 жыл ыстық-суығына төселген Теміржан Ерқасымұлы «Жақсы сорт – жарым ырыс», – дейді. Жақсы сорт таңдай білсеңіз, өнімі де жақсы болады. Маманның айтуынша, осы кезге дейін жылыжайларға арналған бірде-бір отандық сорт түрі болмаған. Қазір институт мамандары 20-ға жуық сорт пен будан шығарды. 

– «Саланы әрі қарай дамыту – ұлттың келешегі мен байлығының кепілі» дейтін болсақ, жоғары репродукциялы тұқым түрлерін, яғни бірегей, элиталы тұқымдар шығаруда бірқатар кемшілік­тер орын алып отыр, – дейді Теміржан Ерқасымұлы. – Қазіргі кезде шетел мамандарын өнім көлемімен таңғалдыра алмаймыз. Оларда бұл сала әлдеқашан дамып кеткен. Шетелдік өнімдер химияға негізделген. Ал біздің артықшылығымыз – органикалық өнімдер өндіру. Отандық өнім – дәруменге бай әрі дәмді. Оны арнайы химиямен өңдеудің қажеті жоқ. Алдағы уақытта картоп және көкөніс шаруашылығында органикалық өнім көлемін 2%-ға жеткізу көзделіп отыр. Бірқатар ірі шаруашылықтар, кейбір кәсіпкерлер шетел өнімдерін тиімді деп біледі. Әрине, оның өнімділігі жоғары әрі біркелкі болып келеді. Мысалы, қырыққабатты алайық, тас тәрізді қап-қатты. Сықсаң шырын шықпайды. Ал өндіруші үшін шетелдік өнімнің құрамы емес, тауар ретіндегі өтімділігі құнды. Шығымына қарай оның күтімі де зор, пайдасы да мол. Ал жергілікті тұтынушының жағдайын кім ойлайды? – дейді Теміржан Ерқасымұлы.

Қазіргі кезде көкөніс түрлерінің көптігіне қарамастан, республикада аталған институтпен Қостанай, Павлодар облыстары мен бар-жоғы 4-5 көкөніс-бақша тұқым шаруашылығы жұмыс істейді екен. Институтта өсірілетін тұқым көлемі жылына 3 тоннаны құраса, олар негізінен бірегей және элиталы тұқым­дар. Ал қалған тұқымды қайдан ала­мыз? Мәселе осында... яғни амалсыз шетелден тасымалдаймыз. Бүгінде тұқым шаруашылығымен айналысуға Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Алматы облыстары қолайлы өңірлер болып табылады. Сол үшін бұл мәселеге жергілікті әкімдіктер барынша назар аударуға тиісті.

Осы тұста «Тұқым шаруашылықтарын дамытуға не кедергі?» деген сауал туындайды. Теміржан Ерқасымұлының айтуынша, оның басты себебі – көкөніс-бақша дақылдарымен айналысатын шаруа қожалықтарына қойылатын талаптардың қиындығы. Яғни, шаруа қожалығының материалдық-техникалық базасының жеткіліксіздігі, үлкен көлемде суармалы жерлерінің болмауы, тұқым өндіретін, тазалайтын техникалары мен тұқымдықтар үшін арнайы қоймаларының жоқтығы қолбайлау болып отыр.

Жоғарыда картоп өндірісінің көкөніс шаруашылығынан әлдеқайда алда келе жатқандығын атап өттік. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, республикада картоп өсірумен әрі көбейтумен 40-тан аса тұқым шаруашылығы айналысады екен. Ішкі нарықтың картоп тұқымына деген сұранысы 600-650 мың тоннаны құраса, бұл 185-190 мың гектар шамасындағы егістік алқаптарға жеткілікті. Бір гектарға орта есеппен 3,5 тонна тұқым себіледі. Институт тарапынан жылына 750-900 тоннаға дейін картоп тұқымы өндіріліп отыр.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, республика бойынша жылына 3500,0 мың тонна көлемінде картоп өндіріледі. Картоп егуден алдыңғы орында Алматы облы­сы тұр – 35-38 мың га. Одан кейін Солтүс­тік Қазақстан облысы, мұнда 32-33 мың га алқапқа картоп егіледі әрі бұл өңір картопты Ресейге экспорттайды. Шығыс Қазақ­станда 25 мың гектар алқапта картоп өсіріледі. Тағамдық картопқа деген ішкі нарықтың жан басына шаққандағы қажеттілігі жылына 100 кг, ал жалпы сұраныс 1 млн 700 мың тоннаны құрай­ды. Яғни, тағамдық картоп 1 млн тон­наға артығымен өндірілуде. Бірақ, осыған қарамастан, картоптың нарықтағы бағасы жоғары болып отыр. Бір кило картоптың бағасы – 100-120 теңге. Бұл көрсеткіш тұтынушы үшін тым қымбат. Республикадағы картоп өнімділігінің көрсеткішін назарға алатын болсақ, өнім бағасы 40 теңгеден аспауы қажет. 

Осы тұста Теміржан Ерқасымұлы бағаның жоғары болуына әсер етіп отырған себеп-салдардың бірі қоймалардың жетіспеушілігімен байланысты екендігін алға тартты. Еліміз бойынша картоп және көкөніс қоймаларының сыйымдылығы бар-жоғы 800 мың тоннаны ғана қамтиды. Ал картоптың да, көкөністің де өндіріс көлемі әрқайсысынан 3,5 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде 600 мың тонна қырыққабат, 250 мың тонна шамасында пияз, 340 мың тонна сәбіз, т.б. көкөністер бар. Осы қоймалардағы өнім таусылса болды, баға көтеріледі. Сондықтан шаруаларға сыйымдылығы 100-150 тоннаны құрайтын шағын қоймалар қажет. Қойма жалға берушінің емес шаруаның иелігінде болуы керек. Әрі әрбір аудан өзін қоймамен қамтамасыз етуге тиісті.

Шаруа қожалықтары үшін тағы бір күр­делі мәселе – өндірген өнімін өт­кізу. Науқан аяқталысымен шаруа қожа­лық­тары өнімдерін өткізудің жолдарын іздеп бас қатырады. Көкөніс нәзік тауар, бір-екі күн тұрса бұзылады. Осы тұста ауыл шаруашылығы бағдарламасында айтылған шағын шаруа қожалықтарын кооперативтерге біріктіру мәселесі дұрыс жолға қою әрі өңірлерде коммуналдық базарлар ашу игерілген өнімді дер кезінде ысырап жасамай өткізудің жолы деп қарастырған болар едік.

Шаруа қожалықтары үшін қайта өңдеу саласын дамыту да уақыт күттірмейтін мәселе. Қазіргі кезде қайта өңдейтін шағын цехтарға қажеттілік басым. Республикада көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін 10-15 ірі кәсіпорын жұмыс істейді екен. Мұның өзі өте төмен көрсеткіш. Ал картоп өнімінің 1%-ы ғана өңделеді. Шет­елдерде қуырылған тағамдар, крахмал шығару мақсатында картоптың 90%-ы қайта өңделеді. 

Көкөніс шаруашылығында барлық жұмыстар қолмен атқарылады. Сала­ны механикаландыру да қол жұмы­сын әлдеқайда жеңілдеткен болар еді. Шаруа қожалығына алып тракторлардың қажеті шамалы, оларға қол жұмысын жеңілдететін, жер жыртатын соқа әрі жинайтын, тазалайтын шағын ғана техникалар қажет. Осы қажеттілікті өтеу үшін шағын техникалар шығаратын зауыт­тар салу да уақыттың еншісіндегі келелі мәселе.

Көкөніс шаруа қожалықтары өнімін сақтандырудан да тыс қалып жүр. Сақтан­дыру компаниялары тәуекелдерге бармау үшін көкөніс-бақша дақылдарын сақтандырмайды. Себебі, олар қолайсыз ауа райына төзімсіз. Бұршақ ұрып, үсік жүріп кеткен кезде шаруа шаш-етектен шығынға батып қалады. Оған қолдау көрсетіп жатқан ешкім жоқ...

Дабыл қағатын тағы бір мәселе – жердің азып-тозуы. Соңғы жылдарда ал­қаптардың құнарлығы төмендеп кеткен. Қазіргі кезде егістіктердің топырағынан жауын құрты өте сирек кездеседі. Улы химикаттармен дәрілеудің салдарынан топырақты ыдырататын пайдалы микроорганизмдер жойылған. Мұның барлығын адам өз қолымен жасауда. Жер су эрозиясына ұшырауда. Енді осы «Тозған топырақты қалай қалпына келтіреміз?» деген маңызды сұрақ туындайды. Оны шешудің жолы соңғы жылдары тиімділігін көрсеткен тамшылатып суару әдісі, кадр мәселесі, ғылымды дамыту, ауыл инфрақұрылымын жетілдіру сияқты мәселелерді жүзеге асырумен байланысты болып отыр.

Картоп және көкөніс-бақша дақыл­дарын зерттеп отырған жалғыз мекеме аталған институт екенін атап өттік. Бүгінде республиканың 11 мекемесімен тығыз байланыста жұмыс істеп отырған институтқа шетелден 50-ге жуық мекеме бәсекелес болып келеді. Мысалы, бір ғана Голландияның өзінде картоп сортын шығаратын 5-6 орталық бар, әрі қарай Германия, Ресей, Израиль, Өзбекстан, Чехия болып жалғасын тауып кете береді. Осыны көре тұра институттың бәсекеге қабілетсіздігіне қатысты сындар айтылып жатады. Айта кететін өзекті бір мәселе, осы мемлекеттерден көкөніс сорттары Қазақстанға сынауға әкелінеді. Қазақстан Республикасында қолдануға болатын арнайы тізбеге осы аудандастырылған сорттар енеді.

Республиканың Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты дақылдарды сынаудың мемлекеттік комиссиясы отандық және шетелдік тұқым шаруашылықтары ұсынған сорттарды 2-3 жыл бойы жер жағдайына, ауа райына бейімділігін, төзімділігін анықтау мақсатында сынақтан өткізеді. Бар мәселе осы сорттарға сынақтың тегін жасалатындығында болып отыр. Соның салдарынан шетелдік шаруашылық­тар жүздеген тұқым түрлерін сынаққа үздіксіз ұсынумен келеді. Қазіргі кезде мемлекеттік сортсынақ мекемелеріне сынауға берілетін сұрыптар мен будан­дардың 80%-ы шетелдік. Осы тұста «Мемлекеттің қаржысына шетел сұрып­тары неге тегін сыналуы тиіс?» деген заңды сауал туындайды. Оған сортсынау учаскелері қаншама қаржысын, уақытын сарп етуде. Мамандар тарапынан «сынақтарды ақылы жүргізейік, арнайы квота белгілеп, одан асып жатса ақылы жүргізілсін» деген ұсыныстар да айтылған. Алайда, халықаралық шарттарға сәйкес бірқатар мәселелерді қайта қарауға тура келеді. Мысалы, улы химикаттар бойынша мемлекеттік тізбеге сәйкес ұсынылған шетелдік пестицидтердің барлығы ақылы сынақтан өтеді. Міне, осы талап сортсынау тізбесіне де қолданылуы қажет. Ондай жағдайда сортсынақ мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жақсарып, мамандар білімін көтеру, еңбекақысының жоғары болуы сияқты жақсы нәтижелерге қол жеткізген болар едік.

Аталған салада қордаланған мәселе­лерді шешу ауыл шаруашылығын дамыту­дың 2017-2021 жылдарға арналған бағ­дар­ламасында қамтылғаны қуантады. Сала­ның таяу жылдарда қарқын алуы осы бағдарламаның мақсатты жүзеге асуымен тікелей байланысты. 

Эльвира Серікқызы,

журналист

Алматы