Әдебиет • 24 Шілде, 2017

Менің Оралханым

677 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Сонау бір ертеректегі кезде үш жігіт түнгі Мәскеуде сабылғанымыз бар. Дәлірек айтқанда, Фили ауданы төңірегінде, шым-шытырық бұралаң көшелерде таксимен шарқ ұрдық.

Менің Оралханым

Нақтылай түссек, маған нақ сол күні КСРО Жазушылар одағы мүшесінің қызыл куәлігін тапсырған еді. Осыған байланысты Қазақстаннан келген достарым Оралхан Бөкеев пен Роллан Сейсенбаев менен ЦДЛ-да (Орталық әдебиетшілер үйі) дастарқан жаюым­ды талап етіп, біз сол жерде әбден тойлап отырғанбыз. Ол арадан сыпайы өтінішпен шығарғасын да тарқағымыз келмей, ақыры, той-томалағымызды біздің үйге барып жалғастыруды ұйғардық. Жолда менің үйдегі дастарқанымның жұтаңдығы есіме түсті. 

Сөйтіп біз түн ішінде Сталин сая­жа­йы ма­ңындағы Фили ауданында құй­ғыта шарлап келеміз. Таксисті де азап­қа салдық. Ол ашулануға айналып, Мәскеудің бұл жағында бірде-бір түн­гі сауда орнын білмейтінін айтып тоң­­қыл­дады. Сол кезде ішіміздегі ең жа­сы­мыз, жүргізушімен қатар отыр­ған Рол­лан оны өзімсіне иығынан қапсы­ра құ­шақтап, өзінің 70-ке келгенше жо- ­ға­л­т­­паған, қайталанбас шырайлы күлкі­сімен көмкере, бейбіт райда былай деді. 

– Бауырым, мен самбодан Совет Ода­ғы­ның қола жүлдегерімін. 

– Оны не қыл дейсің? – Таксист мәс­кеу­лік кеудемен шақ ете түсті. 

– Ештеңе, – деді Роллан, – Тек сен біз­ді түнгі дүкенге апарасың. Таңға дейін болса да тасисың бізді. Сен мені ұқ­тың ба, бауырым?

Ұқты ма, әлде ұқпады ма – бірақ «бауыр» бізді үн-түнсіз Аэропорт ме­тро­­сының қасындағы аэровокзалға әкел­­ді де:

– Осында он екінші қабатта түнгі бар жұмыс істейді, – деп күңк етті. 

– Міне, көрдің бе, сен қандай ақыл­ды­сың, бауырым, – деп Роллан фило­софиялық түйін айтып, әрі қарайғы жұ­мыс­ты тез бітіріп, шарапты алып келді.
Жастықпен болған іс қой. Үшеудің ішін­дегі жасы үлкені менмін. Бірақ Жа­зу­шылар одағына өтуде кешеуілдегем – әрине, өз кінәмнан емес. Ал мына жігіттердің екеуі де Қазақстан бойын­ша бұрыннан одақ мүшелері. Тобықтан қағып, көз жасыңа сенбейтін Мәскеудегі менен гөрі оларға өз төрінде оңайырақ. Сол себептен де мен Жазушылар одағы­ның ең жас мүшесімін. Өзімнің әдеби өмірімнің болашақ симфониясының осынау тағдырлы увертюрасына албырт жастықпен қуануым да содан. Осы қуанышпен жүргенде менің әдебиеттегі жо­лымды ашуға барынша атсалысқан, Әде­биет институтындағы ұстазым Владимир Германович Лидинге аңсар­лы қызыл билетті алғанымды айтып телефон соққанымды мүлдем ұмытып кетіп­пін. Ол менің жаңалығыма қуа­нып, өзінің пайымынша, жазушы өмі­рін­дегі мынадай ұлы оқиғаның құрме­тіне «бір тостақ шарап көтеру үшін» маған дереу Переделкиноға келуді бұйыр­ды. Шалдың бүйрегі маған шы­ны­мен-ақ бұрып тұратын, семинарға қаты­су­шылардың арасынан мені даралап отыратын. Енді, міне, үлкен Жазу­шылар одағында мүшелік билетті алған күні мен өзімнің қазақ достарыммен кездесіп қалдым да, солармен тойлап, Лидинмен арадағы уағдаластықты есімнен шығарып алыппын. Оны түн ортасы ауа пәтеріме топырлап келіп, әйелім Владимир Германовичтің мені іздеп бірнеше рет телефон шалғанын айтқанда барып бір-ақ еске түсірдім...

Таңертең үшеуміз бірдей Передел­киноға тарттық – мен қарт ұстаздың ая­ғына жығылып айыбымды тарту үшін, ал достарым – менің иттігім үшін бар кі­нә­ні өз мойындарына алу үшін...

Содан бері қанша су ақты! Мейірбан қарт жазушы Владимир Германович Лидин де бұл өмірде жоқ. Менің өзім сол кездегі Лидиннен көп үлкен көнекөз қартпын. Біздің Оралханымыз да бақи дариясының арғы бетіне өтіп кеткелі біраз жылдың жүзі болды. 

Оралхан есімінің қазақша мағынасы да ғажап: Орал, менің ханым.

Оралхан, Ореке! Үйді әлдебір қырсық айналып өтсе, немесе адам бір жаман аурудан жазылып сауығып кетсе – отбасында осыдан соң туған баланың атын Оралхан деп қояды екен. 

Иә, сол кезде біз жас едік, қайратты да қажырлы әрі дарынды едік. Біз үшеуміз де Қазақстаннан болатынбыз: Оралхан Алтайдан, Роллан Семейден, ұлы Абаймен бір топырақтан, ал менің туған жерім Түлкібас... Роллан маған Оралхан Бөкеевті алып келіп таныстырды да, оның романтикалық рухтағы, жой­қын қуатты хикаяттары мен әңгі­ме­лері менің қазақшадан жасаған тәр­жі­маларымның төлбасы болды... «Кер­бұғы», «Қар қызы», «Ардақ», «Жасын»... Әлі мүлдем жас қазақ жазушысының осынау шығармалары кейін әлем әдебиетінің классикасына кәміл қосылды.

О, қайда ғана кеттің сен, менің нұр дидарлы ханым! Оралхан! Оралшы, ханым менің! Сен қайран қалар едің, сол жолғы «бөтелкелі» түндегі серіктерің үшін, біз үшін қуанар едің. Қазақ әдебиетінің қара нарларының бірі болған, өзің сияқты ірі болған Роллан үшін қуанар едің. Ол Ескі және Жаңа әлемде кеңінен әйгілі. Оның «Шайтанның тағы», «Құм кезген өліктер», «Дүние тас-талқан болған күн» романдары жауһар дүние деп танылып, оған Венгрия, Польша, АҚШ, Жапония елдерінің марапаттарын еншілетті. Роллан Шәкенұлы көп жылдардан бері Қазақстанның бірегей журналы «Аманатты» шығарып келеді. Сөйтіп, өз оқырманына қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ХХ ғасырдағы әлем әдебиетінің классикалық үлгілерін, Еуропа, Америка мен Азияның бүкіл алдыңғы қатарлы авангарды мен модернін таныстыруда. 

Жоғары әдеби мәдениет пен мінсіз талғамның арқасында Роллан Шәкенұлы барлық қазақстандық оқырман назарына орыс, түркі, ағылшын тілді әлемнің ең көрнекті, қызықты жазушыларын, еуропалық, қытайлық, жапондық, латынамерикалық, үн­ділік сөз зергерлерін ұсына алды. Әде­биеттің ұлы ХХ ғасырының барлық ең ұлы есімдері дара бейнелі, көркем бе­зен­дірілген көрікті «Аманат» журналының беттерінде және осы аттас баспа кі­тапханасының тұтас 200 томында сүйіншілеп тартылды. Біздің Ролланның мәдениеттанушылық ерлі­гінің кереметтей мән-маңызын шын мә­нінде де асыра бағалау қиын. Еш­қан­дай кедергіні білмеген, кез келген тығырықтан жол табатын, өз талан­тының қызық-қуанышын бір-бірі­мен алғаусыз бөліскен қайран біздің жас­тық шағымыз-ай десеңші!

Оралхан! Оралшы, нұр дидарлы хан! Өзіңнің аппақ тістерің ақсиған ақжарқын күлкіңмен біздің жұпыны болса да жомарт жас дәуреніміздің дастарханын нұрландыршы! Қара шашты үш жігіт салып ұрып Лидин саяжайының алдына келген Переделкиноның сол бір жазғы таңын бір сәтке болса да елестетші. Бір қарағанда тәкаппарлау көрінер менің ағылшын джентльменіне ұқсайтын мейірімді ұстазымды әуел баста шошытып алған сияқтымыз! Бірақ сосын сен және Роллан – дала қазақтарының экзотикалық екі құбылысы кәрі джентль­мен­ді салқын сабырдың саябыр иірімінен суырып алып шықтыңдар. Тіпті бар ғой, оны көңілдендіріп жібер­діңдер. Ол құдды балаша мәз болып, жайраңдап күліп берді. Мығым дене­лі дембелше Ролланды қуақылана иы­ғынан қағып:

– Жас жігіт, спортпен шұғылданасың ба? Қандайымен? – деп сұрады.

Бұған жас жігіт өзіне тән сыпайы­лықпен, қалың кірпігінің пердесін көзі­не түсіре:

– Мен самбодан Кеңес Одағының қола жүлдегерімін, – деп жауап берді. 

Содан кейін сен, Оралхан, мэтрдің еңкіш тартқан иығына қазақтың оюлы әсем шапанын жауып, бұл жағдай менің қарт ұстазымның жүрегіндегі өкпе-наздың жұқа мұздағын мүлдем ерітіп жіберді... Ол кісінің де өмірден өткеніне, міне, бес жыл болды, Ореке!

Иә, енді мына дүние жалғаннан біздің әрқайсымыздың көрген сый-құрмет, алған мақтау-марапаттарды тізіп жату қажет емес. Сені қанша мәрте ұлы һәм данышпан деп мадақтайтынының да еш маңызы жоқ. Албырт жастық шағымыздың тамаша күндері қайыру бермей, ырыққа көнбей алыстап кетті. Қамшының сабындай қысқа өмірдің бізге бұйыртқан ең ғажап сыйлықтары сол жас дәуренімізде болатын. Біздің тағдырдан алған, өмір соқпақтарында өзімізбен бірге арқалап алып жүре ал­маған ең жақсы жүлделеріміз де сон­да қалды. Кездесу, танысу, бір-бі­рімізді танып-білу қуанышы. Және де ең бір ғажайып, керемет, құдіретті де күшті ерлер достығының, өздерінің ғаламат дарынын қапысыз сезінген жайсаң жігіттердің бір-біріне деген ал­ғаусыз сүйсінісіне негізделген жас дәу­рен жолдастығының туған сәті осы еді. Иә, Ореке, мұның бәрі біздің шы­ғармашылық жолымыздың басында бол­ды. Иә, біз кездестік те достастық, та­ныстық та табыстық, біздің ақшуақ ханымыз. Бірақ сен бізді тастап қайда ғана кетіп қалдың, Оралхан? Бұл барып тұрған әділетсіздік қой! Сен енді шынымен де оралмайсың ба, Оралхан?! 

Жоқ, сен енді бізге қайтып келмей­сің. Себебі, уақытты кері бұрудың мүм­кін еместігінен ғана емес. Себебі, біз бірге болған жерлерге қайта айна­лып келгенде сен баяғы сұмдық ақыл­ман, қалжыңбас Ролланды, еркін кү­рес пен самбодан қола жүлдегерді тап­пай­сың. Мүшелік билетін жаңа ғана алған және осы қуанышын өзінің қазақ достарына сүйіншілеп жуған Жазушылар одағының «жас» мүшесі – мені жолықтыра алмайсың. Чеховтың көзін көрген, Стефан Цвейгпен досжар болған, Пильнякпен хат жазысқан аса зият, зиялы қарт жазушы Лидиннің де орнын сипап қаласың. 

Біздің Роллан өз өмірінде алысқа шырқады. Қазір ол қазақ мәдениеті мен әдебиеті деген аталы ауылдың ең құрметті ақсақалдарының бірі. Ал сенің пәтуәлі пақырың осы ауылда өзіңнің таңдаулы шығармаларыңды ғана тәржімалап қоймай, сонымен бірге Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының, Әбіш Кекілбаевтың әңгімелері мен хикаяттарының, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының және Қазақстанның көптеген басқа да әдебиеттегі саңлақ жігіттерінің аудармашысына айналды. Өзімнің жазған кітаптарым да аз емес, Ореке. Олар да 30 елде әралуан тілдерге аударылған. Осыған байланысты мені оқырмандармен, әлемнің әртүрлі университеттерінің студенттерімен кездесулерге жиі шақырып тұрады.

Сондай күндердің бірінде мені Үндістанға шақырды. Делиде үлкен қонақ үйге орналастырды. Үлкен болғанда да ғаламат, сән-салтанатына көз сүрінгендей. Нөмірде ыстық. Бөлменің тыныс тарылтқан қапырығын абажадай желдеткіш әрең басып тұр. Бір кезде КСРО-да оқыған, басына шалма ораған сақалды жолбасшым әрі аудармашым Сикх Джайван әңгіме арасында тұңғиық сырға толы тылсымның бетін ашты. Ештеңеден хабарсыз, бейқам Джайван маған осы қонақ үйдің нақ осы мені жатқызған нөмірінде орын алған бір қайғылы оқиға жайында айтып берді. Әкімшілік бұл нөмірге, неге екені белгісіз, Кеңес Одағынан, кейінірек бұрынғы кеңестік елдерден келген қонақтарды жатқызуды дәстүрге айналдырған екен. Бұдан бірнеше жыл бұрын қонақ үйге Қазақстаннан келген жазушылар делегациясын орналастырыпты. Солардың ішіндегі бір жазушы мені жатқызған сол нөмірде кенеттен қайтыс болып кетіпті. Оқиғаның қашан болғанын сұрағанымда Сикх бірнеше жыл бұрын деп жауап берді. Мен одан сол жазушының атын білесің бе деп сұрадым. Джейван білмейді екен. Сосын мен мұны отельдің әкім­ші­лігінен білуге болмас па екен деп ізер­ледім. Алған жауабым: жоқ, болмайды, өйткені, мұндай ақпарат әсіресе қонақтар үшін, өздерінің тыныштығын сақтау мақсатында, құпия болып табылады.

Бірақ енді маған ешқандай анықта­маның қажеті жоқ еді. Ол кезде мен Қазақ­стан Жазушылар одағының үл­кен де­лега­циясымен бірге сапарда жүр­ген Оралханның Үндістанда үзіліп кетке­нін білетінмін. Үндістандағы ең ыстық маусым. Оралханның жүрегі онсыз да нәзік, қапырықты көтере алмай, түнде ұйықтап жатқанда тоқтаған. Сол сапарда болғандардың маған айтуынша, күндізгі қым-қуыт бағдарлама мен кешкі астан кейін жазушылар өз нөмірлеріне тараған, бәрі әдеттегідей болған. Оралхан ештеңе деп шағым айтпаған, күндегіше ойнап-күліп, достарымен әзілдесіп отырған. Ал таңертеңгі асқа келмей қалған. Нөміріне барса, есігі жабық, іштен кілттеулі.

Тағдырдың жазуымен Үндістанда Оралхан қайтыс болған қонақ үй нөмі­ріне тап келгенімді білген сол түні мен алғаш рет оның аруағымен тілдестім. Оған да көп жыл өтті, көп жайларды қайғы тұманы тұмшалап тастады. Дөп басып айта алмаспын, бірақ әңгіме сұл­басы мынадай-ды.

– Есіңде ме, Ореке, біздің Передел­киноға, менің Әдебиет инсти­ту­тындағы ұстазым, қарт жазушы Лидинге бар­ға­ны­мыз? Сонда Лидин үйренісіп, жылы шырай қалыптасып болған кезде сен екеуіңе, қазақтың үкілеген жас жазу­шыларына қаратып былай деп еді: «Сіздің атыңыз Роллан екен. Белгілі, әдеби есім. Бірақ, әрине, қазақтікі емес. Яғни сізге бұл есімді берген адамдар біздің француздық жазушы досымыз Ромэн Ролланды білетін білімді адамдар болғаны көрініп тұр. Ал сіздің атыңыз, жас жігіт, Оралхан екен. Бұл есімнің қазақша мағынасы қандай?» Сен сонда былай деп жауап бердің: «Мұның мағынасы – вернись, мой хан. Хан бір жаққа, алысқа кеткен. Қайда кеткені белгісіз. Бәлкім, мерт болған шығар. Сондықтан, Оралхан. Орал, менің ханым».

Переделкино саяжайының ауыз үйін­­дегі әңгіме үзіліп, сәл ғана үнсіздік ор­­на­ды. Арық, ақ буырыл самайлы қар­таң орыс жазушысы жалбырай тол­қынданған көмірдей қара шашты, сілеусін отты қысық көзді, шықшытты жас қазақ жазушысына қарап қалған. Қа­рағанда да бір ерекше, жұмбақ сырлы, тұңғиық көзқараспен қадалды. Мен өзімнің дана қарт ұстазымның осындай ерекше қасиетін білуші едім. Иә, бұл Лидиннің сол айтқан нағыз көріпкелдік, көреген көзқарасы болатын... Қарт жазушымен жанар түйістірген Оралхан төтеп берді, көзін тайдырмады. Кенет аппақ тістерін ақсита жарқ еткізген оның жүзінде ғажап күлкі шуағы ойнады.

Қанеки, Роллан Шәкенұлы, біздің ұлы досымызды осынау жаңа самғаған ба­ла бүркіттей балғын шағындағы кербұғы келбетімен есте сақтайық. Өзі­міздің де самғауға талпынған кезімізді қаперден шығармайық. Ағынан жарылып, адалын айтсақ, кейін өз өмір жолымызда қанша биіктерді бағындырсақ та, біздің де ең жақсы шағымыз сол жазушылық жас дәуренімізде қалды емес пе!

Анатолий КИМ,
Ресей жазушысы

МӘСКЕУ

Қазақ тіліне аударған 
Қорғанбек АМАНЖОЛ