Медицина • 24 Шілде, 2017

Әлеуметтану сауалдама жүргізумен бітпейді

928 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақ­станның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру керек. Бұл жердегі негізгі фактор: Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу болуға тиіс. Бұл – автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер» деп атап өт­ті. Осындағы ауқымды мәліметтер алмасу әлеуметтанушыларға тікелей қатысты мәселе. Осыған байланысты Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті әлеу­меттану кафедрасының меңгерушісі Нұрлан БАЙҒАБЫЛОВПЕН сұхбаттасқан едік.

Әлеуметтану сауалдама жүргізумен бітпейді

– Қазақстанның дамып, өсіп-өркендеп келе жатқаны Елбасы Жол­да­уында жан-жақты айтылды. Әлеуметтану – қоғам­ның даму заң­дылықтарын жан-жақ­ты қам­титын ғылым. Бірақ, осы сала Қазақ­станда қар­қынды дамыды деп айта қою қиын. Өйткені, елімізде кәсіби әлеу­мет­тану­шылар аз. Керек десеңіз, «Әлеу­мет­тану­шылардың жұмысы сауал­н­ама жүр­гізу» деп түсінетіндер де жоқ емес.

– Рас, әлеуметтану қоғамның даму заңды­лық­тарын жан-жақты қамтиды, ал «Елі­міз­де білікті әлеуметтанушылар аз» деген пікіріңізбен келіспеймін, әріптес­тері­міздің бұл бағыттағы еңбегін жоққа шығаруға болмас.

Әрине, қоғамдық ғылымдар ішінде әлеуметтанудың алар орны ерекше. Әлеуметтанушы мамандардың жұмысы тек сауалнама жүргізумен шектелмейді, аясы өте кең. Бізге жүктеліп отырған не­гіз­гі бір басты міндет – әлеуметтік зерт­теу, яғни әлеуметтік көкейкесті мәселені ше­шуге бағытталған зерттеу. Ол үшін әлеу­мет­тану ақпараттары жинақталады, оны өң­деп, талдау жүргізіледі. Мұның осы ғылым­ға тән өзіндік тәсілдері мен айрықша әдіс­тері бар. Алдымен зерт­­телетін объект бел­гіленеді. Ол әлеу­меттік топ немесе жеке мекеме, әл­де ұжым болуы мүмкін. Әлеу­мет­тану­шылар жи­нал­ған алғашқы дерек­тер­ді ста­тистикалық көрсетулермен салыс­тыра­ды, арнайы бағдарламаларда өңдейді, зерттеу қоры­тындылары бо-йынша есеп жасайды. Зерт­теу тақырыбы болған көкей­кесті мәсе­­ленің шешу жолдары мен шара­ла­рын, тәсіл­дерін ұсы­нады. Сондықтан әлеу­мет­тану бойынша зерт­теу жүргізудің ая­сы өте кең.

 – Зерттеу жүргізу барысында әлем­­дік тренд болып отырған техно­ло­­гия­ларға басымдық берілетін шы­ғар?

– Әрине, міндетті түрде. Елбасының Жол­дауында ауқымды ақпараттар алмасу жайлы айтылуы да жайдан-жай емес. Бұл – үлкен, ауқымы кең ғылым. Бүгінде әлеу­меттану ғылымында басымдық таныта бастаған әлемдік тренд – «Big Data» технологиясы. Әлеуметтанушы-ғалым, Колумбия университетінің профессоры Уоттс Дункан «Big Data» әлеуметтанушылар үшін ерекше серпін, жаңа бетбұрыс әкеледі деген еді. Сол шындыққа айналды.

– «Ауқымды мәлімет» дегеннен шы­­­ға­­ды, ол біздің қоғам үшін, қазақ­­стан­дық әлеуметтанушылардың зерт­­­теуі үшін қан­шалықты маңызды дәл қазіргі сәтте?

– Бұл сауалыңызға мәліметтерді келтіре отырып жауап берейін. Мәселен, осыдан алты жыл бұрын әлемдегі ақ­парат­тың көлемі 1 зеттабайтты құра­ған болатын. Қазір – 4,4 зеттебайт. Ғалым­дардың пікірін­ше, 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 44-ке дейін артады. Көлемі 10 есеге көбейеді деген сөз. Facebook-қа 20 секунд сайын 2,7 миллион сурет, әр минут сайын YouTube-ке 100 сағат бейнематериал салынады.YouTube, Facebook, ВКонтакте әлеу­мет­тік желілерінің миллиардтаған қолдану­шы­лары бар, бір мезетте орасан ақпарат қол­даныста болатынын бағамдау қиын емес. 

Сонымен қатар, тұтынушылық сегментте де мәліметтердің көп көлемі жи­нақ­­талуда. Бұл ақпараттар бизнес үшін де өте маңызды. Жаңа замандағы бизнес мо­дельдерді құрастырудың негізі де осы ақпараттық кеңістік болмақ. Жылдан жылға ақпарат артып жатыр.

– Сонда «Big Data» технологиясы ар­қы­лы мәлімет жинақтаудың қайнар көзі не?

– Бейнебақылау камералары, телефон мен смар­тфондар, банкоматтар мен GPS тре­кер­лері, роутерлер мен компью­тер­лер­дегі IP адрестері, статисти­калық мәлімет­тер қоры және тағы басқа қайнар көздер бар.

– Бұл мәліметтерді жинақтап, қорыту­дың өзі үлкен күш емес емес пе? Және сол ақпараттардың барлығы кәдеге асады деп ойламаймын...

– Иә, оныңыз рас. Барлық мәлі­­мет­­тердің бар-жоғы 22 пайызы ғана пайдалы. Қалған ақ­параттар, түсінікті тіл­мен айтқанда, «қоқыс». Тағы бір дерек айтайын, бүкіл ақ­па­­рат­тың тек 5 пайызы өңделеді. Қазір ақ­­па­­рат­тарды өңдеу саласында үлкен бәсе­ке­­лес­тік пайда болуда. Аталған тенденция­лар көп кө­лемдегі ақпарат массивтерін өң­деу тех­но­логияларын қажет ете бастады. Бұл на­рық­та қазірдің өзінде үлкен сілкініс пай­да бол­ғанын атап көрсетуге болады. Оны ай­қын мысалы АҚШ-тағы президент сайлауы нәтижесі мен Brexit төңірегіндегі пікірталас.

– «Big Data» бойынша, «Егемен Қа­зақ­стан» газетінің оқырмандарын қызық­ты­ратындай қандай мәнді мәліметтер айта аласыз?

– Айтайын. Әлемдегі мәліметтер қо­ры­­ның 90 пайыздан астамы соңғы екі жылдың еншісінде. Қазір әр минут са-йын 204 млн электронды хат жіберіліп, 1,8 млн лайк басылады. Facebook әлеуметтік желісіне әр минут сайын 200 000 фотосурет жүктеледі, 278 000 твиттерлік сілтеме жарияланады. 

Интернетте бір минутта 570 жаңа сайт пайда болады. Тіпті «Big Data» технологиясы бүгінде қылмыстық істерді ашу мақсатында да қолданыла бастады. Өйткені, басқа әдістермен салыстырғанда «Big Data» үш есе нақты болжау жасай алатын әлеуеті бар екендігін дәлелдеді. Мысалы, Facebook әлеуметтік желісіндегі 68 лайк/лүпіл қойған адамның жеке бас мәліметтері анықталады, әлеуметтік желідегі қолтаңбасы бойынша зерттеу ұлғайған сайын нәтижелері де күшейеді.

 Биыл «Big Data» индустриясының құ­ны 5 есеге – 54,3 млрд АҚШ долларына дейін өседі деп жоспарлануда.

«Big Data» арқылы бірқатар қуат­ты елдер қоғамдық сұраныстарын қамта­масыз ете бастады Мысалы, Австралия «Big Data» жүйесін төтенше жағдайлар салдарын жою мен қатерлі жерлерді анықтауға, нұқсан көлемі мен жол жағдайын және халық­қа қандай көмек көрсету қажет екенін анық­тауға пайдаланады. АҚШ үкіметі «Big Data»-ны денсаулық саласында, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен білім саласында қол­данысқа енгізді.

Жапония 2016 жылдан бас­тап «үлкен мәліметтерді» стихиялық қауіп-қатер аймағы болжанған аудандардан тұрғындарды көшіру мақсатында енгізе бастады. Көршілес Ресей «Big Data» технологиясын қоғамдық-саяси үрдістер мен сайлауалды болжам жасауда кең қолдануда. Әсіресе, Санкт-Петербургтегі Еуропалық университет профессоры Вадим Волковтың басшылығымен «Big Data» мәліметтері өнделіп, қолданыста ерекше нәтиже беруде.

«Big Data»-ны ePolice атты еу­ропалық жоба киберқылмысты, адамдар саудасы және наша саудасында қолдануда. «Big Data» саласында Situation-Aware Public Security Evaluation (SAPE) қытайлық платформа қауіпсіздік деңгейі бойынша видеобақылауларды қолданады. «Big Data» мәліметтерін сұрыптау бойынша технологиялар әлеуеті адамдар топтасқан орындарды назарға алып, сенімсіздік танытқан адамдардың іс-әрекеті арқылы болашақ қылмыскерлерді анықтауға болады.

T-Systems компаниясы «Big Data» саласына қатысты мәселелерді зерттеу-мен айналысуда. Қазір Батыс елдері мен АҚШ компаниялары «Big Data»-ға ақша салуға дайын. Осы саланы дамытуға үлкен ресурс­тар жұмсалуда. Тек Үкімет тарапынан ғана емес, бизнес өкілдері де көп көлемде қаржы салып, осы саланы игеруде.

Қазіргі таңда мемлекеттік сектор, энергия тасымалдаушылар, банк секторы, сақтандыру компаниялары осы салада көш бастап келеді. Мамандардың пікірінше, көптеген дамыған елдерде бизнестің 64 па­йы­зы үлкен көлемдегі ақпараттарды өңдеуге дайын. Қазір «Big Data» қызметімен айналысатын компаниялар саны артып келеді. Алайда, олар шағын немесе орта компания­лар. Оның үстіне саладағы қажетті технология құны қымбат. Бірақ, алдағы 5-10 жылда операциялық кұны бірнеше есе төмендейтіні анық. Келешекте ғылым мен бизнесте, мемлекетік басқаруда «Big Data» жүйесінің орны зор болмақ. 

– Қазақстанда ше?

– Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық униве­рситеті бұл бағытта «Big Data» технологиялары негізін­де әлеуметтану мамандығы бойынша док­торан­туралық білім бағдарламасына «Bıg Data: new perspective for sociology» атты ағылшын тіліндегі таңдау пәнін енгізген болатын. 

«Big Data» технологиясын 2018 жылдан кең қолдану жоспарланып отыр. Осы ар­қы­лы компаниялар болашақта алдыңғы орынға шығатыны қазірдің өзінде болжануда.

Әңгімелескен 
 Ғалым Омархан,
«Егемен Қазақстан»